Ақпараттық портал

Сала мамандары марапатталды

Қорғанысы қуатты елдің болашағы берік болатыны белгілі. Ол үшін азаматтарды Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандырып, әскердің әлеуетін арттырған абзал. Осы орайда әскери комиссариат қызметтерінің маңызы зор.
Елімізде 12 қыркүйек – Әскери басқару органдарының құрылған күні. Яғни әр өңір мен аймақтағы қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерде еңбек ететін жандардың кәсіби мерекесі.

Атаулы күнге орай, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев мереке иелерін қабылдап, тиісті құрмет көрсетті.
Азаматтардың Отан алдындағы міндетін өтеуді ұйымдастыру ісі барысындағы құзырлы органның маңызына тоқталған Найман Кенжеханұлы өзінің ақжарма тілегін жеткізді.
-Өздеріңіз жақсы білесіздер, 12 қыркүйекте еліміз үшін 1991 жылдан бастап әскери комиссариатқа республикалық орган мәртебесін беру және оған республиканың барлық әскери комиссариаттарын бағындыру туралы Жарлық күшіне енді. Сол сәттен бастап сіздер өз міндеттеріңізді мінсіз атқарып, азаматтардың Отан алдындағы борышын өтеу жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, көктемгі және күзгі шақырылымдар аясындағы міндеттерді тиянақты атқарып келесіздер. Сол үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіргім келеді.
Күні кешегі Жолдауда Президент Қ.Тоқаев көптеген мәселелерді атап өтіп, қорғаныс саласында реформалар болатынын мәлімдеді. Осыған орай сіз бен бізге зор жауапкершілік артылып отыр,-деді аудан әкімінің орынбасары.
Осы лебізден соң, Шу ауданы бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлерін аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ құрметке бөленген қызметкерлер естелік суретке түсіп, ризашылықпен тарқасты.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.