Жеке құрамды құттықтады
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, 1918 жылы 8-сәуірде алғашқы әскери комиссариаттар құрылып, еліміздің тәуелсіздік жылдарында олар қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар мен бөлімдер болып өзгертілді. Ал, осыдан екі жыл бұрын әр жыл сайын сегізінші сәуір күні тойланатын Жергілікті әскери басқару органдарының күні ҚР Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 5-мамырдағы №292 бұйрығына толықтырулар енгізу арқылы 12-қыркүйекке ауыстырылған болатын.
Осыған орай, бейсенбі күні аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімде бөлім басшылығының ұйымдастыруымен салтанатты жиын өтті. Жиын барысында бөлім басшысы Жандос Абиев жеке құрамды Жергілікті әскери басқару органдары күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлерінің қоғамдағы рөліне тоқталып, сала қызметкерлеріне жүктелген міндеттердің салмақты екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, бірқатар қызметкерлерді Жергілікті басқару органдары күні мерекесіне орай, қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін бөлім басшысының Мадақтама грамотасымен марапаттады.
Өз кезегінде жеке құрам атынан инспекторлар Талғат Бимендіұлы мен Бейсенкүл Чекаевалар сөз сөйлеп, бөлім басшысына көрсеткен құрметі үшін алғыстарын және барша әріптестерін мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Динара Батырхаирова.