Онкүндік бастау алды
Жыл сайынғы 5 қыркүйекте Қазақстан халқы тілдері күні аталып өтеді. 2017 жылы Үкіметтің қаулысымен бекітілген бұл дата ұлт ұстазы, әліппенің атасы – Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тікелей байланысты. Атаулы күнге орай, еліміздің әр тарапында түрлі шаралар ұйымдастырылып, тілдер күні тойланады. Оның ішінде Шу өңірінде де бірқатар іс-шаралар өткен болатын.
Мәселен, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен “Тіл – халықтың мұрасы” атты онкүндіктің ашылуы өтті. Оған кітапхананың тұрақты оқырмандары мен сала қызметкерлері қатысты.
Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қарлығаш Файзуллина шараға қатысушыларды Тілдер күнімен құттықтап, мерекенің мәніне тоқталып өтті.
Шара барысында Эльмира Тулешова мәнерлеп өлең оқыса, Гүлім Бесіншібай Кенен ақынның “Қазақстан аймағы” әнін қоңыр домбырамен орындап берді. Сондай-ақ Мәди Жапар да әннен шашу шашты. Бұдан бөлек, аудиторияға викториналық сұрақтар қойылып, сауатты жауаптар алынды.
Аталмыш бөлімнің басшысы Әсел Жазықбаеваның айтуынша, Қазақстан халқының тілдері күні мен А.Байтұрсынұлының туған күніне орай өткізілетін іс-шаралар жоспары түзілген. Он күн ішінде түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылып, тілдің қоғам өміріндегі алар орны түсіндірілмек.
– Бұл мереке елімізде тұратын көптеген этностарға ортақ мереке. Себебі елімізде тұратын әрбір ұлттың тілін, дәстүрі мен мәдениетін дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Біздің өңірде де түрі басқа болғанымен тілегі ортақ жерлестеріміз бар. Олар өз ана тілдерімен қатар мемлекеттік тілге де мейлінше құрмет көрсетіп жүр. Біз оны мәдени іс-шаралардан байқаймыз. Тілдер күніне байланысты шаралар 10 күн бойы өтеді. Оның ішінде тақырыптық көрмелер, мәнерлеп оқу байқауы, әдеби кеш, көркемсөз оқу сайысы, дөңгелек үстел мен кездесулер бар. Аталмыш шаралар аудандық Мәдениет үйінде, ауылдық мәдениет ошақтары мен кітапханаларда өтетін болады,-дейді Әсел Сәрсенқұлқызы.
Байжан Емберді.