Ақпараттық портал

«Кітапхана түні» жобасының берері мол

Қазіргі таңда кітапхананың оқырман санын көбейту – күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Сондықтан тиісті мекемелер кітап оқушылардың санын арттыру мақсатында түрлі іс-шараны жүзеге асыруда. Солардың ішінде дәстүрге айналған «Кітапхана түні» жобасын атап өтпеске болмайды.
Аудандық орталық кітапхана осы жолғы шараны Шу шаһарындағы ”Теміржолшылар” саябағында өткізуді жөн санап, оған «Кітапхананың түнгі әлемі” тақырыбын тұздық еткен. Қала тұрғындарын қамтыған шара өте ұтымды ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.
Осы кеште оқырмандар сүйікті кітапханасына өз тілектерін жазып, «Тілектер аялдамасына» аяқ суытты. Сондай-ақ ертегі кейіпкерлері – «Қасқыр», «Түлкі» болып, енді бірі «Торай»» кей-пінде ойнап, оқырмандар ортасынан табылды.
«Кітапхана түніне» келушілермен «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты повесіне байланысты «Кім алғыр?» фото файнд ойыны жүргізіліп, қатысушылар сұрақтар керуенінен бақ сынады.
Сонымен қатар кітапхана түнінде «Тіл – достықтың тірегі» атты әдеби әуенді кеш және «Мың бір мақал» атты көңілді, қызықты сайыстар өтті. Оған қатысушылар викториналық сұрақтарға жауап берді. Іс-шараның мәресінде ән мен биден шашу шашылып, үлкен мерекелік концерт ұсынылды.
Бұдан басқа, «Ұлы дала жыршысы» атты библиография күні аясында Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай шағын іс-шара өткізілді. Шарада Кенен Әзірбаевтың өмірдерегі, оның туындыларын жергілікті тұрғындар сүйіп тыңдайтыны айтылды. Мәдениет қызметкерлері және қонақ болып келген өнерпаздар жиылған көпшілікке өнерлерін көрсетіп және ҚР мәдениет қайраткері, Шу ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын, Шу қаласының тумасы Б.Асқартегінің «Кенен атаға» арнауын орындап, кештің шырайын келтірді.
-Біз биыл кезекті рет «Кітапхана түнін» өткізіп отырмыз. Бұл жолы теміржолшылар қаласындамыз. Бұл шараның басты мақсаты – тұрғындарды кітапхананың тыныс-тіршілігімен таныстыру, оларды кітап оқуға ынталандыру әрі оқырмандардың жас буынын қалыптастыру. Себебі, кітап оқу ойды кемелдендіріп, бөлек түйсік қалыптастырады. Мұндай бағыттағы қызықты шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады,- дейді аудандық орталық кітапхана директоры Б.Алжанбаева.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.