Жолдауды іске асыру шараларымен танысты
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Шымкентке жұмыс сапары аясында мегаполистің қазіргі даму барысымен және Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру шараларымен танысты.
«Оңтүстік» индустриалды аймағының аумағында Үкімет басшысы сусындарға арналған алюминий қалбырлар мен қақпақтар шығаратын QazAlPack кәсіпорында болды. Өндірістік қуаты жылына 1,2 млрд дана банка шығаруға мүмкіндік береді. Зауытта 360 адам жұмыс істейді.
QazAlPack ЖШС директоры Рустам Сухов автоматтандырылған өндіріс процесін таныстырып, қаптаманың бұл түрі өзінің тұтынушылық қасиеттері бойынша ең прогрессивті әрі экологиялық таза екенін айтты. Заманауи сапа стандарттары бойынша өндірілетін өнімдер ішкі нарықта сатылып, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортталады. Мемлекеттік қолдау шаралары мен ИА аумағында құрылған қолайлы жағдайлардың арқасында компания 2025 жылға қарай екінші өндірістік желіні іске қосып, өнім көлемін 2,3 млрд банкаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов Шымкент қаласының жалпы индустриалды негізін жалпы ауданы 1 276 гектар 7 өнеркәсіп аймағы құрайтынын, онда бүгінде 293 жоба іске асырылғанын, 8,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын баяндады. «Оңтүстік» инвестициялық портфеліне жалпы құны 151,3 млрд теңгені құрайтын 70 жоба кіреді.
Үкімет басшысы қазіргі уақытта Қазақстанның энергетикалық секторы елімізде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 70%-ын қамтамасыз ететін көмір электр стансаларына қатты тәуелді екенін атап өтті. Алайда, бұл модель күрделі мәселелерге тап болуда, өйткені жұмыс істеп тұрған стансалардың тозу деңгейі жоғары. Биылғы 6 қазандағы референдумда оң шешім қабылданған жағдайда атом электр стансасы осы проблемалардың шешімі бола алады. АЭС тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алады. АЭС құрылысы энергетикалық және өнеркәсіптік өндірісті әртараптандыруға ықпал ететін болады, бұл ретте қалдықтарды жинау мен сақтаудан бастап утилизация мен қайта өңдеуге дейінгі басқарудың барлық аспектілері ескерілетін болады.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.