Тәртіпке бағынған құл болмас
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен кезекті сессиясының ашылуында Қазақстан халқына “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты Жолдауын жария еткені жалпыға мәлім.
Аталған Жолдауда Президент Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданғанын атап өтіп, жемісті жұмыс атқарылғанын айтты. Сонымен қатар балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылып, кәмелетке толмаған балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатаңдана түсті. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге , әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заңдар қабылданғаны белгілі.
Ел бүгіні мен ертеңіне қатысты көптеген мәселелерге тоқталған Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдеріне, құзырлы органдарға алдағы маңызды міндеттерді айқындап берді. Әрқандай шаралардың қабылдануы қажеттігін де ерекше атап өтті.
Елімізде экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм болуының алғышарты – заң мен тәртіптің үстемдігі. Бұл ұғымдар әділетті Қазақстанды құруға аса қажет. Оны Президент Жолдаудың тақырыбы ретінде ұсынғанын айта кеткен жөн.
Қазақстан халқына арналған маңызды құжаттың тоғызыншы бөлімінде қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет деп Президент пәрмен беріп отыр.
Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс.
Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.
Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді.
-Елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр.
Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз,-деді Президент Жолдаудың аталған бөлігінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Ол үшін азаматтардың әсіресе жастардың мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз болуы шарт. Сонда ғана ұпайы түгел ұлт болмақпыз.
Абылай Мырзақұлов,
Шу аудандық сот әкімшісінің басшысы.