Ақпараттық портал

Шулық жастар республикалық байқаудың жүлдегері атанды

Жуырда Алматы облысы, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен және «Алматы студенттер Альянсы» КҚ ұйымдастыруымен «Ules» жобасы аясында «SportArtFest» республикалық байқауы өткен болатын.

Республикалық доданың іріктеу кезеңіне Қазақстанның барлық өңірінен 500-ден астам ауылдан 10 000-ға жуық жас қатысса, топтан суырылған 20 команда финалға жолдама алған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш шараның түпкі мақсаты – еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды жастарға зияткерлік және шығармашылық тұрғыдан дамуға септесу, сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Бір қуаныштысы, Жамбыл облысының намысын қорғай барған Шу аудандық жастар орталығы КММ-нің директорының орынбасары Нұрзат Қилыбай, орталық мамандары Жалғас Қиябай мен Шырын Құдайберген, «Домалақ ене» атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Нұржан Нұрғали мен Төле би ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Хадиша Маразыковадан құралған «Шу жастары» командасы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды жастармен үш күн бойы кітап оқу, өнер, спорт бағытында бақтарын сынап, интеллектуалды «IQ BATTLE» сайысына белсене қатысты. Қатысып қана қоймай, 18 команданы артта қалдырып, екінші орынды еншіледі.
Сайыс қорытындысы бойынша Жетісу облысының «Tau stars» тобы көш бастаса, үздік үштікті Атырау облысының «Firdaus» тобы түйіндеген. Жеңімпаз атанған командалар Алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Өздерін және өңірін өнегелі тұсынан паш еткен шулық жастар мерейімізді тасытып, абыройымызды асырғаны үшін алғыс білдіріп, жеңістерімен құттықтаймыз!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.