Ақпараттық портал

ФУТБОЛ БІРІНШІЛІГІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Спорт – саулықтың сара жолы. Оған түскен жанның ойы ұшқыр, тәні шымыр, рухы еркін болары белгілі. Қазіргі таңдағы мемлекеттік саясаттың басты міндеті осыған саяды. Сондықтан жете көңіл бөлініп, қолдаулар көрсетілуде.
Ауданымызда бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның ішінде жерлестеріміздің футбол ойынына деген қызығушылығы жоғары екенін атап өтуге болады. Соның дәлелі ретінде өңірде аяқ доп шеберлерінің жазғы біріншілігінің өз мәресіне жетуі. Жазғы біріншілік жасыл алаңда үлкен футболдан өткізіліп, оған 8 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Біріншіліктің жабылу салтанатына арнайы барып жеңімпаздардың марапаттау рәсіміне куә болдық. Аталған шара Төле би ауылындағы Сары Хасенов стадионында ерекше форматта өткенін оқырман қауымға айта кеткен жөн. Айтулы шараны аудандық Жастар ресустық орталығы мен бұқаралық спорттық іс-шараларды дамыту орталығы тізе қосып ұйымдастырып отыр.
Теңбіл доп тарландарын марапаттауға аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев қатысып, жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтады. Сондай-ақ спортшыларға салауатты өмір салтын насихаттап, өрендерге өнеге көрсетіп жүрген жандарға арнайы алғыс білдірді.
-Бүгін аудандық Жастар ресурстық орталығы мекемесінің ұйымдастырған доп додасы өз соңына жетіп, жеңімпаздар есімі белгілі болды. 4 айға созылған маусымда тартысты кездесулер өткенін жақсы білеміз. Аудан жастарының спортқа, оның ішінде теңбіл доп тебуге құмарлығы бізді қуантады. Себебі сіздер салауатты Қазақстанды қалыптастырып жатырсыздар. Сол үшін шынайы алғысымды білдіремін. Спорт қашанда саулық кепілі. Сіздерге қарап өскелең ұрпақ бой түзейді. Осы оң тәрбие арқылы болашағымыз баянды боларына кәміл сенемін. Жүзден жүйрік атанған жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтаймын! Мерейлеріңіз үстем, мәртебелеріңіз биік болсын!-деді Найман Кенжеханұлы.
Шара барысында аудан өнерпаздары ән шашу арнап, кештің шырайын келтірді. Аталған біріншілікте топ жарып 3 орынды “Көктөбе” командасы, 2 орынды белбасарлық “Хати ата” командасы және 1 орынды “Төле би” командасы иеленді. Ал жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы қаржылай сертификаттар мен диплом, медальдар табысталды.
Жасыл алаңда жасындай жарқыраған бірқатар футболшылар жекелей номинация бойынша марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Әкежан Рақыш «Үздік қорғаушы», Нұрбол Әлдибай «Үздік шабуылшы», Мұхтархан Сайдхужаев «Үздік қақпашы», Мейірхат Аманқұлов «Үздік жартылай қорғаушы», Бекжан Қалыбай «Үздік ойыншы» номинациясына ие болды. Сонымен қатар, Шу аудандық футбол біріншілігіне қосқан үлесі үшін Әбиғазы Каликов Алғыс хатпен марапатталса, Арсен Валиев пен Рамзан Турганов “Үздік төреші” аталымы бойынша дараланды.
-Жергілікті жастардың қызығушылығын ескере отырып осы жобаны қолға алдық. Биылғы 13 мамыр күні бастау алған футбол лигасына 8 команда ынта білдіріп, төрт ай бойы тартысты кездесулер өткізді. Осылайша күні кеше аталмыш аламан өз мәресіне жетті. Жалпы маусымда 13 турда 53 ойын өткізіліп, ұзын ырғасы 228 гол салынды. Бұл шулық футболшылардың әлеуетін байқатады. Барлығы 53 ойын барысы мен нәтижелері Шу аудандық Жастар ресурстық орталығының парақшасында жарияланып отырды. Біз бұл бастаманы ары қарай жалғастыруға ниеттіміз,-дейді ЖРО директоры және аудандық мәслихат депутаты Ғани Қойбағаров.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.