Ақпараттық портал

ТАРИХИ ТҰЛҒА ТУРАЛЫ АҚИҚАТ

«Жеті атасын білмеген ер жетім,
Жеті ғасыр тарихын білмеген ел жетім».
(Халық даналығы)

Үстіміздегі жылы ел тарихында өткен ғасырда киелі қазақ даласында саналы ғұмыр кешіп, ұлттық рухты ұлықтаған ұлы перзенттеріміздің бірегейі, жауырыны жерге тимеген балуан, алып күштің иесі, сазгер, әнші, қазақ циркінің бастауында тұрған, арғы аталары қасиетті Шу өңірін мекендеген тағылымы мол тұлға – Балуан Шолақ аталып кеткен атамыз Нұрмағамбет Баймырзаұлының 160 жылдығы аталып өтіп жатқаны әр саналы азаматқа мәлім. Ұлт мақтанышына айналған сегіз қырлы тұлғаның өмірі мен өнегесін дәріптей келе, оның туған жылы мен туған жерін анықтауға қол жеткізіп отырмыз. Өйткені, уақытында жаңсақ айтылып, жазылып кеткені белгілі болуда. Қазақ елі негізінде ұлы далада мекен еткен көшпелі ел екені айтылып та, жазылып та жүр. Ел халқының дүниетанымының қалыптасуы осы көшпелі өркениетіміздің рухани тыныс-тіршілігімен, олардың өмір тәжірибесімен тығыз байланысты. Осы ұлы далада ғасырлап өмір сүрген ата-бабаларымыз құрған сақ, ғұн, түркі, басқа да көшпелі бірлестіктердің басты мұрагері қазақ халқы болып қалғандығы тарихтан белгілі. Сол ұлы далаға шапқыншылықпен келген әртүрлі ықпалдағы саяси күштердің сойқан шабуылдарын қазақ қандастарымыз кезең-кезеңімен бастарынан өткерді. Кир патша, І-Дарий, Филипп, Александр Македонский (Зұлқарнайын), Ақсақ Темір, Қытай, Араб, Жоңғар, Ресей, Қоқан басқыншылықтары өздерінің идеологиялық, рухани, саяси, әлеуметтік, экономикалық мүдделерін елімізге енгізіп бақты. Осындай өктемдік заманда басқа елден күшпен қоныс аударылғандар қазақ жеріне көптеп келе бастайды. Ал, ежелден қоныстанып келе жатқан өз ата-бабаларымыздың ұрпағының өз жерінен өзге мекенге ауысуы Балуан Шолақтың бойында үлкен қарсылық туындатады. Билік басындағылар өздерінің айтқанын жартылай орындайды да, қазақ жерлерін қайтармайды. Осы тұста қазақ жері үшін ашық қарсыласқан Нұрмағамбет Баймырзаұлы (Балуан Шолақ) деп білеміз. Есімі аталған тарихи тұлға туралы көптеген мақалалар, естеліктер, романдар жазылып, фильмдер түсірілді. Ал туған жері мен жылы туралы қара орман қазағымызға белгісіздеу болып келеді. Ақиқаттан алшақ кететініміз де бар. Әркімнің әрқалай айтқаны мен жазғаны үшін оларды кінәлауға болмайды. Дейтұрғанмен, осындай ғажайып жанның өмірі жайлы өскелең ұрпақ санасында көлегейлі жайлар тым көбейіп келеді.
Академик Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдарында» («Жазушы», 1975 ж.) «Қан (қызыл тас пен құм) тауын мекен еткен Ұлы жүздің Дулатынан тараған Сәмбет деген ру болады. Сол Сәмбет ішінде (қай ата екені айтылмайды) Баймырза деген кісіден Балуан Шолақ туады. Баймырза Балуан Шолақтың жас кезінде Көкшетауға көшіп барады (139 бет)»-деп жазған болатын. Сондай-ақ, Қазақ совет энциклопедиясының екінші кітабы да Балуан Шолаққа қатысты берілген дерекке өзек болған (140 бет). «Бұл анықталмаған осы сөзді Ахмет Жұбанов кімнен естіді, оған қалайша айтылды? Бұл бізге беймәлім. Анығына көз жеткізбей, ата тек шежіресіне шорқақ адамның айтқанын жазып жібергеніне қайран қаласың. Бірақ шындық ауылы тым алыстау, жаңсақ аталған сөзге жататыны көңілімізге кәміл»-деп жазады Естай Мырзахметов.
Сол уақыт межесінде толық зерттелмеген шындықты әркім әрқалай жазып келеді. Балуан Шолаққа қатысты мақалаларда тіпті, жазушылардың өздері де шындықты анықтамай, Ахмет Жұбановтың жазбасына сілтеме жасайды. Ол кісінің жазуы бойынша Балуан Шолақтың өзі, әжесі де Шу бойында өмірге келген сыңайлы. Сенімге селкеу түсіретін жайт. Балуан Шолақтың өз өлеңіндегі дерек мынадай:
Борықты тастан шығатын уыз сүті,
Қотыр Шортан мен туған жердің құты.
Түскен екем шыр етіп жер бетіне,
Суға барып түскендей орыс бұты,-деп жазады шолақтанушы Марат Әскенұлы Нәбиев ағамыз.
Орыстар шоқынатын (крещенские морозы) күні яғни, 19 қаңтарда дүниеге келгенін айтқаны. Ал, Сәкен Жүнісов («Өз ойымды айтамын», «Қазақ» газеті. 2012 жылғы қаңтар) Балуан Шолақтың туған ауылы Қыстау қарағай, яғни «Қызыл-Кардой» орман шаруашылығының жері. Ол Ресей құрамында Қотыр-Шортан болысына қараған. Шөкең өзін Көкшетау жерінің түлегімін деген. Өз өлеңінде «Сұрасаң, Қотыр-Шортан біздің болыс» деген сөзі бар. «Үйсін ауылы» кезінде Көкшетау оязының Қотыр-Шортан болысына қараған. Сәкен Жүнісовтің жазғанын Естай Мырзахметовтың «Балуан Шолақ» кітабынан кездестіреміз.
Тарих атты тылсымның өз заңдылығы бар. Оған нақты дәйекті дерек, шындықты айтатын, жазатын пікір аса қымбат. Бағасы кем, жаңсақ жазылғандардан аулақ болып, болған істің ақиқатын ашып көрсетіп, көпшіліктің көзін шындыққа жеткізуге талпынуымыз керек. «Арзанның сорпасы татымайды» деген бар. Неліктен екені белгісіз, баз бір ағайындардың ақиқат сөзге қонақ бергісі жоқ көрінеді. Бүйректен сирақ шығарып, бұра тартуға, көрінеу көзге шындықты жазғандарға көлденең келіп, ақиқаттан алыстатуға бейімдеу тұрады. Өкінішті-ақ!
Естеліктерге кезек берейік:
Қызы Бәтеннің (Бәтима) айтуы бойынша Б.Г.Ерзаковичтің жазғаны: «Бала кезінен Нұрмағамбет Баймырзаев өте қарулы әрі батыл болып өсті. Бір жолы ол өзі теңдес балалармен далада жылқы күзетінде болады. Жылыну үшін балалар от жағып қояды. Кімді-кім тартып әкетеді деп күш сынасып, арқаннан сақина жасап, оны қолтықтың астынан өткізіп, балалар бір-біріне арқасын беріп тұрып, екі жаққа тартыспақ ойнайды. Бір жақта Нұрмағамбет те, екінші жақта оның үш қарсыласы тұр. Нұрмағамбет бар күшімен сақинаны тартып кеп қалғанда аналар жалп етіп құлайды да, бірақ өзін тежей алмай екпінімен жанып жатқан шоққа құлайды. Оң қолының саусақтары қатты күйік шалады. Сондықтан балалар оны «шолақ» атап кеткен. Ол 55 жасында 1919 жылы дүние салған екен. Небәрі бес-алты күн ауырыпты. Мен әкеме тартқанмын, ол ағатайым (Иза әжесі) шешеме ұқсаған еді»-деді Бәтен.
Ауылы аралас, қойы қоралас заң орындарының ардагері Әлімжан Баймұқанов ақсақалдың айтқаны:
«Әкесі Баймырзаны көргенім жоқ. Шешесі Қалампыр толық қара бәйбіше еді. Бірге туған інілері Төлеубай, Тәуекел және Бәтен деген әйел баласы, Исажар, Құдайберген деген балалары болды. Нұрмағамбет он айлығында еңбектеп жүргенде жас баланы үйге тастап, анасы ертемен сиыр саууға шыққанда үй ортасында түнде жағылып, көміп тасталған оттың қызып тұрған шоғына оң қолын тығып алып, саусақтары «можық» болып күйіп қалған. Анасы баласының шырылдаған дауысымен айырып алған. «Шолақ» деп атанудың себебі осы»-дейді ол (С.Оспан. Астана «Кәусар» 2017 ж.).
Өзінің өлеңінде «Шолақ» атануы нақты айтылады. Есін білмеген кезеңінде болған оқиғаға тура келеді.
Мен Шолақ жас күнімде болдым бала,
Бір қолым отқа күйіп болған шала.
Қызы Бәтеннің айтуы бойынша жылқы күзетінде болуы естияр баланың жұмысы. Қолының күйгенін білетін кезі. Сараптай келе заң орындарының ардагері Әлімжан Баймұқановтың естелігі шындыққа келеді. «Шолақ» атауының бастауында, өздері күресте жығылған қатарларының, адам үлкендерінің қойған атына байланысты болып, елге атаған атынан бұрын өздері қойған жанама атымен атағанды жандарына жақын тартып тұрады.
Сондай үрдіс Нұрмағамбет атамызды да айналып өте алмаған сияқты. Жас кезінен «Шолақ» атануы жігерін қайрап, оң қолы саусақтарының кемістігін басқаларға білдіртпей, бойындағы туа біткен табиғи бұла күшімен, өзінің жүректілігі арқылы жүре келе «балуан» атын қосып айтылуын өмірге әкеледі. Атамыздың өз өміріне қатысы жоқ, басынан өтпеген әңгімелер мен жаңсақ жазылғандар көптеп кездеседі. Бір жазғыштар оң қолы саусақтарының кемдігін «үсітіп алуы» немесе «қасқырға талатқан» десе, енді біреулері өз ойымен қоюландырып, әрмен қарай өрбіген, болмаған жағдайларды жазып жіберген. Сол жазылғандардың ақиқатын ғана жазба түріне түсіріп, қалың көпшілікке өмір шындығын жеткізу халық алдындағы парызымыз болып отыр бүгінгі күні. Қолын үсітіп алуы туралы ешқандай дерек кездестірмедік. Қасқырға шайналған саусақтары туралы Сәбит Мұқанов атамыздың жазғаны Балуан Шолақтың өз басынан өтпеген жағдай екені дәлелденіп отыр. Шындыққа негізделген оқиғаны отарлау, ашаршылық зардабын, ел зиялыларының жаппай репрессиялау үрейін сейілту үшін Балуан Шолақ образын қаһармандық дәрежеге жеткізе отырып, көркемдік шешім жасаған жазушы жазғаны,-дейді әдебиеттанушы ғалым Есмағамбет Ысмаилов ағамыз.
Ал енді туған жылы туралы қызы мен кіші ұлы әртүрлі айтады. Қызы Бәтен (Бәтима) әкем 1864 жылы туып, 1919 жылы 55 жасында қайтыс болды десе, қолында тұрған кіші ұлы Құдайберген 1858 жылы туып, 1919 жылы 60-қа толып өмірден өткенін айтады. Балуан Шолақты алғашқы жазғандар қызы Бәтеннің жаңылыспен айтуы бойынша 1864 жылы туған деп жазып жіберген. Бұл інісі Төлеубайдың туған жылы екенін қызы Бәтен жаңылысып айтып жіберген. Патшалық Ресейдің 1916 жылы жүргізілген мал-жан санағында жас деректері Нұрмағамбет Баймурзин 57 жаста, бауырлары Төлеубай Баймурзин 52 жаста, Тәуекел Баймурзин 46 жаста деп көрсетілген. (ҚР МОМ. Қазақстан Республикасы мемлекеттік орталық музей, 375 қор, 88 іс, 374 қор, 52,69,99 істер).
Архивтік ресми дерекпен бірге тұрған Балуан Шолақтың кіші баласы Құдайбергеннің айтуына сүйенсек, Балуан Шолақ 1859 жылы туған болып шығады да 1918 жылы желтоқсанда 60 жасқа қараған шағында дүниеден өткен (Серік Кәрібайұлы Оспан, Астана, «Кәусар», 2017 жыл).
Сонымен 60 жасқа қараған шағында қайтыс болған Балуан Шолақ (Нұрмағамбет Баймырзаұлы) 1859 жылы 19 қаңтарда дүниеге келгені анықталып отыр. Осы уақытқа дейін қызы Бәтеннің айтқан (мүмкін Құдайберген үйде болмаған шығар) 1864 жылы өмірге келгендігі, інісі Төлеубай Баймурзиннің туған жылымен алмастырылуы өмірде болып жатқан жаңылыстар. Анығын тексермегендердің ізденістен гөрі дайынына ұмтылғандары көңілді қынжылтады. 1916 жылғы патшалық Ресей өткізген мал-жан санағы бойынша Нұрмағамбеттің 1859 жылы, інісі Төлеубайдың 1864 жылы, кіші інісі Тәуекелдің 1870 жылы туғандарының қағазға қатталғандығы мен мемлекеттік орталық музейде сақталғандығы шындықты аша түседі (ҚР МОМ 375 қор 88 іс, 374 қор 52, 69, 94 істер).
Қазірге дейін жаңсақ жазылып келген өмір шындығының кешігіп келгені, осындай ел бағына туған азаматымыздың туған жері мен жылын дұрыс жазбай қалғанымыз өзіміздің өзекті мәселеміз болып отыр.
Егеменді елімізде өмір сүріп отырғандар үшін өте қажетті қазақтың сегіз қырлы қыранының туған жері мен жылын анықтаумен қатар, «анау айтты, мынау жазды» деп кеткен жаңсақтарды алдарыңызға жайып салдым. Бағамдап көріңіздер.
Өмірімізді шындықпен, жақсылықпен өткізуге атсалысайық ағайындар!

Аманжан ӨТКЕЛБАЙҰЛЫ,
зейнеткер.
Төле би ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.