«Санамды сілкіген кітаптың сәулесі еді…»
Біз әлі күнге дейін өткенді аңсап келеміз. Бір өнегелі өсиет, санаға сәуле құяр қанатты сөз, ойтүрткі іздей қалсақ сонау ХІХ, ХХ ғасырларға көз тастаймыз. Қазіргідей тең мүмкіндіктер беріп қойған, барлығы қолжетімді заманда білім қумаймыз, оқуға құлқымыз жоқ. Бір күнде бір кітап тұрмақ, ең кемі он бет оқитын адам ілуде бір кездесер-ау…
Абайдан артылтып айтқан данагөй бар ма деп жатамыз ғой… Кемеңгердің әр сөзіне бойласаңыз елді ойлы болуға шақырады. “Атымды адам қойған соң қайтіп надан болайын” дейді. Түсінген жанға намысыңды қайрайтын сөз бұл. “Халқым надан болған соң қайда барып оңайын” дейді тағы. Бүгінгідей қулық-сұмдық, қорлық-зорлық қаулап жатқан заманның кері көкіректің соқырлығынан. Санаға сәуле құйылмаса, рухани дүниемен азықтанбаса, білуге құмарланбаса адамзат баласы хайуаннан бетер сорақылықтарға бой алдырып, азып-тозып, жер бетінен жойылып кетпек.
Түсінген жанға жоғары билік жалпақ жұртты сауаттандыруға шақырып-ақ жатыр. Кітап оқуға құштарлықты оятар түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып, тіпті оқығаныңыз үшін жүлде қорын да тағайындап жүргенін көз көріп жүр. Кемелдікке жету үшін, дамудың даңғыл жолына түсу үшін жасалып жатқан қадамның тұсауын байлап жатқан өзіміз. Сирек қорларда, мұражайларда сонау қадым заманнан бүгінге жеткен, беттері сарғайған кітаптарды көріп оқу-білімнің ғұмыры ұзақ екеніне көз жеткіземіз. Қараңғылықтан жарыққа алып шығар кітаптың ішіндегі сәуленің сондай нұрлы әрі тым жарық екенін оқыған жан сезінеді.
“Өнерге әркімнің-ақ бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы” демекші, өнердің өрісін кең етуді көздеген жан өресі биік ойлардың жетегіне ереді. Суретші болсын, ақын немесе жазушы болсын, тіпті әнші-күйшіңіз де шабытына арқауды оқудан, ізденуден табады. Ойды ой қозғайды дегеніңіз сол. Бір жолы ауданға белгілі жас суретші, Қали Қораласбаевтай дарынды ұстаздың шәкірті Еркебұлан Нұржаудың шығармашылық кешіне бардық. Әр туындыға зер салғаннан-ақ, әрбірі ойға жетелейтініне таң болдық. Бояудың бедерінде сыр тұнып жатқандай. Ол сыр сәулесі мол сандықтан шашылғандай. Әлбетте, сандықта рухани байлық болса… Сол сәтте талантты суретшінің жанына аяңдап барып бірнеше сұрақтарымды қойған едім. Бүгін соны параққа түсірудің сәті түскендей.
-Еркебұлан, суреттеріңізге қарасам, көп ізденетін секілдісіз. Кітап оқитыныңыз айдан анық. Кітап оқуды қанша жастан жаныңызға серік еттіңіз?
-Тарихын тасқа бүккен Шу өңірінің алақандай Ақсу ауылында дүниеге келіп тұрып әдебиет әлеміне бойламау мүмкін емес. Кітап оқуға деген құштарлығым сонау алыста қалған бала күнімнен бастау алды десем де болады. Біз мектеп қабырғасында оқып жүргенде қоңырау соғыла іркес-тіркес кітапханаға қарай ағылатын балалар едік. Сол кезде ертегілер, аңыздар, батырлар жыры, ғашықтық дастандарын қызыға оқитынмын. Бәлкім содан болар, қиялға жақын болып өстім.
Туған өлкемнің төңірегі, бозала таңының атуы, қызара күнінің батуы, құстарының сайрауы, көбелегінің гүлден гүлге қонуы, жасыл шөбі, бәрі-бәрі менің көзіме таңғажайып әлемдей көрінетін. Көзіммен көріп, жаныммен ұғынған табиғаттың сырлы бояуларын түрлі-түсті қаламмен ақ параққа жиі түсіретінмін. Бойымдағы талантымды байқап, талаптанғанымның арқасында суретші болдым.
Сиқырлы сурет әлеміне енген күннен-ақ әлемге танылған суретшілердің өмір жолына, олар салған портреттердің шығу тарихына қызығып, кітап оқуды жалғастыра бердім. Бір ғана жанрдағы емес, әртүрлі кітаптарды оқи беремін. Тарихи кітаптар, соның ішінде Мұхтар Шахановтың туындылары топтасқан әртүрлі жылдардағы баспаларды жиі оқимын.
Әйтсе де кітап оқуды 2016 жылдан бастап шындап қолға алдым. Кітапханадан кітап алсаңыз, оны уақыты жеткенде қайтарып бересіз. Ал, мен сол кітаптарды қимай-қимай қайтарамын. Өзімде қалса екен деп тұратынмын. Сөйтіп өзіме бір ой келді. Ақырындап кітап сатып ала бастадым. 2016 жылдан бері кітапқа құйған қаражатым бір миллионнан асып кетіпті. Үйімде шағын кітапханам бар. Бір жылда 30-ға жуық кітап оқиды екенмін. Кейде оқыған кітаптарымды қайталап оқитын сәттерім де болады. Міне, осылай…
-Кітап оқу арқылы Еркебұланның ашқан жаңалығы бар ма?
-Пәлендей жаңалық аштым дей алмаймын. Кітап оқу арқылы тың ақпараттарға қол жеткізудемін, сөздік қорым молаюда. Кітап оқу арқылы шабыт кернеп, құлағыма әлдебіреу сыбырлап тұрғандай күй кешемін. Ойды ой түрткілеп, соны қағазға түрте бастадым. Жуырда кітап жазып бастадым. Көптен бері ойда жүрген дүние болған соң бітуге де таяп қалдым. Бұйыртса, қаржылай қолдау болып жатса Алматыға жол тартып, баспаға тапсырсам деген ниетім бар. Кітабым жарыққа шығып жатса, таныстырылымын ерекше форматта жасағым келеді. Артымнен ерген іні-қарындастарыма кітап оқудың пайдасымен бөлісіп, жігерлендірсем деймін.
Мен негізі шетел әдебиетін сүйіп оқимын. Қазір жастар арасында да шетел әдебиетіне деген сұраныстың көп екендігін аңғарып жүрмін. Мәселен, өзім Готфри Лайстың “Аспантау асқан үркін көш”, Ли Куан Юдың “Үшінші әлемнен біріншіге” деген кітаптарын бір деммен оқып шықтым. Сарабдал саясаты бар мемлекетіміз әлемнің алпауыт елдерімен иық тірестіріп, дамыған елдердің қатарынан табылуға құлаш ұруда. Сондықтан да өзіміздің әдебиетіміздің маржандарымен қоса шетел әдебиетін оқу арқылы өзге мемлекеттің тыныс-тіршілігін, мәдениетін танып-білуге болады. Ұстаз болған соң “Кітап оқысам ұйқым келе береді”, “Қандай кітап қызық?”, “Қандай кітап оқуға кеңес бересіз?” деген сұрақтарды жиі ұшырастырып жатамын. Сол сұрақтарға да ақыл-кеңесімді аянбауды жөн деп шештім.
-Алға қойған мақсатыңыз айқын екен. Тілегіңіз қандай?
-Әлем елдері энергия тапшылығы туындауы мүмкін деп дабыл қағуда. Күні кеше ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің жолдауында алдағы қазан айының 6 күні Қазақстанда АЭС салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтетіндігін мәлімдеді. Ал, енді қараңыз. Егер электр энергиясы түгесіліп, бір-ақ сәтте жарық өшсе, интернет әлемімен де қош айтысамыз. Бірақ өмір ағыны жалғаса береді. Қазіргі уақытта шапшаң жылдамдықпен кез келген ақпаратты экран бетіне шығарып беретін ғаламтор болмай қалса, ақпаратты қайдан аласыз? Айналып келгенде кітапханаға жүгінесіз. Нақты мәлімет алу үшін ұзақ ізденесіз. Ал, сол кітапты қазірден оқып, санаңызға сәуле құйсаңыз, сіз ешқандай қорқынышқа бой алдырмайсыз. Кітап оқу арқылы өзіңізге деген сенімділігіңіз артып, біліміңіз толысып, кез келген ортада замандастарыңызды тәнті етіп жүре аласыз. Тілегімнің неге ойысып тұрғанын аңдаған боларсыз. Қазағымның, қаракөздерімнің білімге ұмтылғанын, кітап оқығанын, рухы биік болғанын тілеймін. Баршаңызды кітап оқуға шақырамын!
-Әсерлі әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Айғаным АСҚАРБЕК.