Ақпараттық портал

Дәстүрлі дода дүркіреп өтті

Ұлттың ұлт екенін айқындайтын дүниенің бірі – оның дәстүрі. Ал ежелден ат үстінде жүріп, иен жайлауды еркін жайлаған қазақтың ұрпағына ұлағат еткен салт-дәстүрлері мен ғұрып-әдеттері көп-ақ. Оның көптігі соншалық кейбірі ұмытылу алдында. Мүлдем жойылып кетпес үшін сол салттарымызды күнделікті тіршілікпен қабыстырып отыру қажет.
Осы орайда, Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ өз мүмкіндіктерінше ұлттық құндылықтарды ұлықтап келеді. Оған жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін “Салт-дәстүрім – сарқылмайтын байлығым” атты облыстық Жастар ресурстық қызметкерлері арасында ұлттық нақыштағы ойын түрлерінен жарысты мысал етуге болады.
Әр жылдың күзінде Шу өзенінің бойында өтетін додаға бұл жолы Меркі, Сарысу, Байзақ, Т.Рысқұлов, Қордай және Шу қалалық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері бақ сынауға бекінген. Білекті жігіттер аударыспақ, қол күрестен күш сынаса, қыздарымыз ұршық иіріп және қол күрестен өзара мықтыны анықтады. Жарыс соңы командалық ойын – арқан тартысқа ұласып, ұлттық ән қоржынынан топ болып ән шырқаумен жарысты тәмамдады.
Әрбір сайысты әділқазы алқасы өзінің жіті назарына алып, керекті тұсында ескертпелерін айтып отырғанын айта кеткен жөн.
Қиқуы сонадайдан естілген бәсекеде Т.Рысқұлов ауданының жастарының бағы жанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал екінші орын көршілес Меркі ауданына бұйырса, Қордай ауданының ЖРО қызметкерлері қола жүлдені қанағат тұтты. Ұйымдастырушылар жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыстады.
– Бұл жарыс биыл кезекті мәрте өтіп жатыр. Биыл жарыс ережелеріне аздаған өзгерістер енгізілгенімен, шараның мазмұны мен мақсаты өзгерген жоқ. Шақыруымызды қабыл алып, алыс-жақыннан келген әріптестерге өз алғысымды білдіремін. Ұлтымыздың дәстүрін, ойындарын дәріптеу – әрбір азаматтың борышы. Оның ішінде жастардың да жауапкершілігі бар. Оны біз айқын сезініп, алдағы уақытта да жүзеге асыратын боламыз,-деді аудандық ЖРО директоры Ғани Қойбағаров.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.