Қарияға құрмет – ұрпаққа міндет
1 қазан – Халықаралық қарттар күні.
Бұл мереке
1990 жылдың 14 желтоқсанында Біріккен
Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында ресми бекітіліп, 1991 жылдың 1 қазанынан бастап тойланып келеді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 2,3 миллионнан астам қария бар. Аталмыш мерекенің мақсаты – қарттардың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеу, олардың мәселелері мен қажеттіліктеріне және өмір сапасын арттыруға назар аудару әрі қамқор болуды меңзейді.
Әр жыл сайын елімізде кеңінен тойланатын мереке қарсаңында қарттарды құрметтеу шарасы мен түрлі форматтағы жиындар ұйымдастырылып келеді. Сондай шаралардың легі Шу ауданында өтті.
Мәселен, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев төлебилік қария Болат Өксікбаевтың шаңырағында болып, мемлекеттік қызмет ардагерін төл мерекесімен құттықтады. Қарияның халыққа қызмет ету барысындағы еңбегін жоғары бағалаған Н.Сұлтанбаев ақсақал мен жұбайына аудан әкімінің құттықтауын жеткізіп, сый-сияпатты табыс етті.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Шу қаласының 87 жастағы тұрғыны Тоқтағұл Мамырхановтың үйіне бас сұғып, темір жол саласында тер төккен қарияны құттықтады. Әулетінің мәуелі бәйтерегіне айналып отырған ақсақал бейнетке бала күнінен араласып, 47 жылғы өмірін болат жолдың бойына арнаған. Отарбаға көмір лақтырушы болып жұмыс жасаған қарт еңбек жолында сатылай өскен.
Осы құттықтауға Шу қаласы әкімінің орынбасары Болатжан Төлендиев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мелис Бейсембаев қосылып, қарияның шаңырағында салиқалы әңгіме өрбітті. Жұбайы екеуі өсірген 6 баладан 25 немере, 8 шөбере сүйген Тоқтағұл Айтқазыұлы өзінің ғибратты ғұмырынан сыр шертті.
Дәл осы күні түстен кейін аудан орталығындағы «Жайсан» дәмханасында атаулы мерекеге орай салтанатты шара өтіп, өңірдің қарияларына құрмет көрсетілді.
Жиында сөз алған Найман Кенжеханұлы мереке иелерін құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
-Халқымызда “Қарты бар ауылдың қазынасы бар” деген даналыққа толы сөз бар. Сол лебіздің өміршең екенін өздеріңізге қарап аңғарамыз. Өздеріңіздей көнекөздер бар кезде біздің бәсіміз биік, беделіміз жоғары. Себебі сіздер әрдайым ізгілікке жол сілтеп, ақыл-кеңес айтып жүресіздер. Бұл біздер үшін үлкен құндылық,-деген аудан әкімінің орынбасары бірқатар қарияларға аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті.
Салтанатты шараның сәнін аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары кіргізіп, қазыналы қарттарға сазды бағдарлама ұсынды.
Байжан Емберді.