Халық қалаулыларының ұсыныс-тілегі тыңдалды
Бүгінгі таңда дамуы кенжелеп, экономикасы тұралап қалған, болашағы бұлыңғыр аудан жоқтың қасы. Қай-қайсысы болмасын өңір экономикасының даму қарқынына ілесіп, аудан мен оған қарасты ауылдық округтердің де тұрмыс-тіршілігі түзеле бастаған. Осы ретте, даму қарқыны жылдам, әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалыпты, барлық бағыт бойынша нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген Шу ауданының даму деңгейіне жоғары баға қоюға болады. Оның үстіне, өзге аудандарға қарағанда әлеуеті де жоғары. Өйткені, еліміздегі негізгі автомобиль, темір жол және су жолдары да ауданымыздың іргесінде орналасқан. Мұндағы мемлекеттік бағдарламалар да сәтті жүзеге асып, әсіресе ауыл-аймақтың дамуында игі бастамалардың көптігі көңіл қуантады. Сонымен қатар, 40 мыңнан аса тұрғыны бар Шу қаласының да қазынадағы қаржысы артып, тиісінше жыл өткен сайын көркейіп келеді.
Десе де, қала болғаннан кейін шешімін күткен мәселелердің болатыны да белгілі. Осыған байланысты, аудандық мәслихаттың қаладан сайланған бірқатар депутаттары аудан әкімі Бақытжан Жәнібековпен бірге Шу қаласын аралап, түйткілді мәселелерге көз жеткізді. Халық қалаулылары аудан басшысына ең алдымен орталық базар маңындағы мәселелерді көрсетіп, оның оңды шешілуіне ықпал етуін сұрады. Дәлірек айтқанда, базар маңындағы кәсіпкерлік нысандардың ретсіз орналасуы, олардың кескін-келбеті, тұрғындарға жайлылығы сынды мәселелермен таныстырды.
Сонымен бірге, вокзал маңындағы жаяу жүргінші жолақтарының жай-күйі мен өзге де мәселелерді атап өтті. Аталған түйткілдерді көзбен көрген аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына мәселені жан-жақты зерделеп, нақты шешім қабылдау қажеттігін тапсырды. Жалпы, шулық тұрғындар шойын жолдың қос қапталына қоныстанғандықтан, халықтың басым бөлігінің еңбек жолы осы саламен байланысты. Осы орайда темір жол торабын егемен еліміздің экономикалық қуаты мен жүрегі дейтін болсақ, бұл саланың жұмысын жүйелі үйлестіру темір жол саласының қызметкерлеріне жүктелген. Сондықтан болса керек, қаланың қақ ортасында болат жолдың бойында еңбек етіп, құрыштай шынығып, бақыттарын еңбектен тапқан қызметкерлерге арналған «Теміржолшылар» саябағы орналасқан. Бұл саябақтың да жыл өткен сайын кескіні келісті бола түсуде. Алайда, халық қалаулылары мұнда да бірқатар кемшіліктердің бар екенін тілге тиек етіп, оны аудан әкімімен бірге көріп шықты. Тиісінше, саябақтың қоршауы, ондағы ойын алаңшасының сапасы мен жарықтандырудың жайы да жан-жақты талқыланды. Өз кезегінде аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы саябақты көркейту мақсатында алдағы уақытта бірқатар жұмыстардың қолға алынатындығын жеткізді.
Ерғали Қартайған.