Тиісті ұсынымдар қабылданды
Өткен бейсенбіде аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомоствоаралық комиссия отырысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, комиссия мүшелерінен бөлек, Шу қаласы мен ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігіне қарасты мекемелер мен бөлімдердің жауапты қызметкерлері қатысты.
Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев көпшілікті күн тәртібімен және жұмыс регламентімен таныстырды.
Күн тәртібінде негізгі екі мәселе қаралып, оның алғашқысы – «Сотталған азаматтарды қайта әлеуметтендіру мәселелері туралы» аудандық пробация қызметінің басшысы М.Асланов баяндады.
Мұнан кейін «Құқық бұзушылық профилактикасы бойынша және Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес атқарылған жұмыстар туралы» Шу қаласының әкімі Е.Нұралиев, Жаңақоғам ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Т.Түменбаев және Жаңа жол ауылдық округінің әкімі Д.Әліпбаевтар баяндама жасады.
Мазмұнды баяндамалардан соң, аудан әкімінің орынбасары мен аудандық мәслихат төрағасы тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер жолағын салу, мектеп пен мекемелер маңына ережеге сәйкес белгі орнату, ауыл әкімдерінің өздерінің қатысуымен жүргізілген рейд жұмыстарын әлеуметтік желілерге салу қажеттігі, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жандандырып, елді мекендерде өнегелі іс-шараларды өткізуге көңіл бөлу, мектептерде өткізілетін ата-аналар жиналысына әкелер қауымының қатысуына ықпал ету сынды ұсыныстарын жеткізді.
Жалпы, жиын барысында күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді.
Динара Батырхаирова.