Ақпараттық портал

Ұрпақ игілігіне оң қадам

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауында ел өміріне қатысты өзекті мәселелерді қаузады. Дәстүрге айналған әр жылғы Жолдаудан халық та жағымды жаңалықтар мен тың өзгерістер күтетіні анық. Сол себептен, оны мұқият тыңдап, әр маңызды қадамға назар салады.
Ел Президенті биылғы Жолдауда кәсіпкерлік саласына қатысты тағы да тың бастамаларды мәлімдеді. Мысалы, салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландыруды алға тартты.
– Бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдырған абзал. Мысалы, өндірісті өркендетеміз деген инвесторларға артықшылық беруге болады. Яғни, құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бір реттік салық жеңілдігін берген жөн. Терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру маңызды. Олар өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керек,-деген Қ.Тоқаев кәсіпкерлер де өз кезегінде өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиістігін мәлімдеді және Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажеттігіне баса назар аударды.
-Мен 2022 жылғы Жолдауымда бәрін басынан бастап реттеуді тапсырған едім. Реформаның бірінші кезеңінің өзінде орынсыз әрі қажетсіз 10 мыңнан астам талаптың күші жойылды. Оның бәрі кезінде кәсіпкерлерге кедергі келтірген еді.
Бас прокуратура ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсете бастады. Инвесторларға «жасыл дәліз» қағидасы бойынша жеңілдіктер берілді. Экономикалық қылмыстардың біразы қылмыс деп танылмайтын болды…
Тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы бекітуге болады. Бұл – шын мәнінде, ірі кәсіп иелерінің мүддесіне сай келетін маңызды қадам. Бірақ, кәсіпкерлер де қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен және Бас Прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудалас-пай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз. Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал, одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады,-деді.
Мұның барлығы 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізуді көздейтін талаптардан туындаса керек. Мұның Үкімет алдында тұрған маңызды міндет екендігін айтқан Президент қазір бұл көрсеткіштің 7 пайыз шамасында тұрғандығын мәлімдей келе, әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отырғанда ғана шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болатындығын жеткізді.
Байқағанымыздай, Жолдау жолдарында жеке кәсіпкерлігін дамытамын деген азаматқа барынша қолдау көрсетілуде. Тиісінше, оның да мемлекет дамуына қосар үлесі болуы шарт. Бұл әділ шешім деп білемін. Өйткені, көптеген ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер бірден еңсе тіктеп кетпейтіні анық. Оларға төмен пайызды несие, салық жеңілдіктері сынды мемлекеттің қолдауы аса қажет. Осыны ескерген ел Үкіметі кәсіпкерлік саласын дамыту арқылы жалпы ел экономикасын өркендету мақсатын алға қойып отыр. Ал, бұл өз кезегінде өскелең ұрпақтың игілігіне жарап, халықтың табысын арттырып, әлеуметтік ахуалды жақсартуға бірден-бір негіз болмақ.

Жеңіс Нұрғалиев,
аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің
басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.