Қартымыз – рухани қазына
Қазіргі кезде мемлекетімізде қарттар қауымына зор мән беріліп, Үкімет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуі, ел тұрғындарының бейбітшілікте өмір кешуі осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз. Қарттықты құрметтеу және үлгі тұту, қарт адамдардың сіңірген еңбектерін, мемлекеттің дамуына қосқан көптеген үлестерін мойындау белгісі ретінде Қазақстанда жыл сайын 1-қазан күні – Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбекпен өткізіп, мемлекетіміздің негізін қалауға жол ашқан алдыңғы буын ата-әжелеріміздің еңбегі ерекше. Қарттар біздің – асыл қазынамыз.
Ешкім мың жасамайды, тек өсіп-өнер, тәрбиелі ұрпағымен мың жасайды. Иә, ұрпағы жетіліп, оларды айналасына үйіріп отырған көреген қарияда не арман бар?
Қазақтардың басқа халықтардан айырмашылығы – ұрпағым деп шыр-пыр болатыны, солар үшін көзсіз көбелектей отқа түсетіні. Бұл біздің ең ұлы ұлттық қасиеттеріміздің бірі.
Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіне нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз. Ананың ақ сүтін, әкенің адал еңбегін ақтау өз болашағыңды сақтау.
Қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол ұрпақ көргендігі. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты.
Қария деген сөз елдің басы болу, ақылын айтар дана болу, ел төрінде құрметке бөлену, немерелерінің үлесін берер қамқоршысы, шаңырақтың шаттығын сақтап, бірлігін бекем етуде ақылын айтар, елі мен жерінің кеңесшісі болу. Қазақтың әр отбасында арқа тұтар ата-әжелері бар. Олардың әрбір айтқан гауһар тасқа бергісіз ақылдары жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне мол үлесін тигізеді.
Ата-әжелеріміз салт-дәстүрімізден таймай, ескі ғұрыптармен балаларымызды нағыз қазақтың салтын сақтар, бабалардың жолымен жүретін, өр рухты қазақты тәрбиелеп өсіреді. Сондықтан да болар, «Қарты бар үй, қазыналы үй» деп бекер айтылмаса керек. Үйдің берекесі мен мерекесі, есігіміздің ажарын кіргізіп тұратын үйдің үлкендері әр қадамымызға дұрыс жол сілтеп, ата-бабамыздан қалған нақыл сөздермен сусындатып отырады.
Үлгілі отбасылардың өнегесін алып, өсіп-өнген, ел мақтанар, қызыға қарар әулет болуға талпынайық.
А.Айнақұлова,
№3 қалалық кітапхананың кітапханашысы.