Ақпараттық портал

Ақ желеңді ардагер

Ағымдағы аптаның соңында ел тұрғындары Еңбек күнін атап өтсе, 1 қазан күні – Халықаралық қарттар күні мерекесін тойлады. Қос мерекені бір арнаға тоғыстырып қарағанда арғы жағынан аға буынның бейнесін аңғаруға болады. Себебі бүгінгі қариялар кеше бейнеттің бел ортасында жүріп, еңбекпен есейген ардақты жандар.

Өзіндік соқпағы көпке өнеге болар жанның бірі – жаңажолдық Аяз Мамедгасанов. Ұлы Отан соғысынан бірер жыл бұрын дүниеге келген Аяз Келбиұлы Шу қаласы, «Қосқұдық» мөлтек ауданында туған. Анасынан 3 жасында көз жазып қалған қария әкесі Келби Мамедгасановтың 5 ұлы мен 1 қыздан кейінгі кенжесі. Әкесі “Новый путь” ұжымшарында суарушы болып тер төккен екен. Оның төгілген маңдай тері кеңестік үкімет тарапынан жоғары бағаланып, “Еңбек Қызыл Ту” орденімен марапатталған.
Сондай-ақ Аяз ақсақал әйгілі жерлесіміз, ҰОС майдангері Иманберді Мамедгасановтың інісі. Оның ағасы уақытында “Новый путь” ұжымшарында табанды еңбек етіп, гектарынан 850 центнер қант қызылшасын алғаны әлі күнге дейін аға буынның есінде. Ерекше еңбегі үшін 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған.
Жеті жасында мектепке барған кейіпкеріміз 1958 жылы 10 сыныпты тәмамдайды. Өз ауылынан 7 сыныпты тәмамдаған бала Аяз қалған оқу жылдарын қазіргі Қонаев ауылында жалғастырады. 3 жыл бойы жаяу қатынаған жасөспірім сол кезден-ақ төзімділік қасиетін қалыптастырады. Себебі өз ауылындағы білім ошағы 7 сыныпқа дейін оқытқан.
Сол замандағы талап бойынша бір жыл аталмыш ұжымшардың трактор тіркеушісі болған ардагер келесі жылы Алматы қаласындағы медициналық институттың стоматология факультетіне оқуға түседі. Оқуға түсіп қана қоймай талмай білім алып, оқытушылардың құрметіне бөленеді. Себебі қағылез жас ұдайы алдыңғы қатарда отырып, құлағына құйғанын қаламымен қағазға қондыра беретін. Оның талабын байқаған ұстаздары емтихан уақытында бірден бес қойған көрінеді.
Жоғары білім алған жас жігіт 1964 жылы жолдамамен өзі өскен ауылға оралады. Жас маман 2 жыл қатардағы дәрігер болса, қалған қызмет жылдарында Жаңа жол ауылдық учаскелік ауруханасына жетекшілік етеді. Алғаш келгенде медициналық мекеменің ахуалы аянышты болған. Тізгінді ұстаған дәрігер жергілікті билікке өтініш айтып, жөндеуден өткізеді. Мамандығы тіс дәрігері болғанымен Аяз Келбиұлы өзі хирург, өзі гинеколог, өзі терапевтің міндетін атқаруға тура келгенін тілге тиек етті. Осы орыннан зейнетке шыққан қария ғұмыр бойы тазалық пен тәртіпті ту еткенін айтады.
– Еңбек адамды ер атандырады. Біздің әулет еңбек адамдарын тәрбиеледі. Менің қызметтік жылдарымда өзім басқаратын денсаулық сақтау нысаны жыл сайын үздіктердің қатарынан көрінген. Сол үшін ауыспалы Қызыл Ту біздің мекемеге бірнеше рет бұйырған. Мұны айтудағы мақсатым адам еңбектен қашпауы керек. Бар ынта салынған істе береке бар,-дейді қарт дәрігер Аяз Келбиұлы.
Өз ісіне бейілі бөлек болған қария кезінде жергілікті кеңестен бірнеше мәрте мандат алған депутат болған. Бұл Аяз атамызға деген халықтың сенімі зор болғанын айғақтайды. Бұдан бөлек, ақ желеңді ардагер біліктілігін Ақтөбе мен Алматы қалаларында арттырғанын естелік етіп айтып отыр.
Денсаулық сақтау саласының дамуына сүбелі үлес қосқан А.Мамедгасанов 2002 жылы “ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгісімен марапатталса, 2003 жылы ҚР Премьер министрінің Алғыс хатына ие болған. Бұдан бөлек, жергілікті билік өкілдерінен алған марапаттары бір төбе. Әсіресе, Шу ауданының Құрметті азаматы атағы көнекөздің өңірдің дамуына өлшеусіз еңбек сіңіргенін аңғартады.
-Бәрінен бұрын адам адамгершілігін жоғалтпауы керек. Алдына келгенді құрақ ұшып қарсы алып, оның сен туралы ойы оң болуын қалыптастырған жөн. Осынша жасқа келгенде қариялық лебізім тек жақсылық болсын. Өзара сыйластық таусылмасын,-дейді қария.
Бүгінде елдің есендігін, болашақтың баяндылығын тілеп отырған қарт дәрігер 2 қыз бен бір ұл өсіріп, дүниеден озған қосағы екеуі тәрбиелеген. Бір қызы әке жолын қуса, бірі экономист, мұрагері заңгерлік жолды таңдаған. Сүйікті немерелері де ардақты аталарын мақтан тұтады.
Қазақтармен туыстай сыйласатын қария өзінің атын қазақ қойғанын айтып отыр. Тіпті, ат қойған адамның балалары әлі күнге дейін кейіпкерімізбен араласып тұрады екен.
– Осы өлкеге 1937 жылы келген біздің әулетті қазақ халқы жақын тартты. Нанымен және барымен бөлісті. Бұл халықтың қамқорлығы мен қайырымдылығына дән ризамын. Қазіргі уақыттың өзінде мені құрметтеп, жылы-жұмсағын тарту етіп тұрады. Менің алғысым шексіз,-деп тебіренді қария.
Тоқсанға таяған қарт әлі күнге дейін тың. Салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығын күтеді. Ізгілікке жаны құмар жан бізге орыс ойшылының бір шумағын оқып берді.
85 жастың желкенін керген Аяз Келбиұлының кісілік келбеті туралы өзінің шаңырағындағы кітап сөресі, ескі бұйымдар мен естелігі мол суреттер сыр шертеді. Қарттар күні қарсаңында қарияға саулық тілеп, ақ батасымен ауласынан қимай ұзадық.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.