Батагөй қариялар бақ сынады
Бата – ықылым заманнан келе жатқан қазақтың бай мұрасы. Әдетте батаны халқына қадірлі қария білегін түріп асқа, игі бастамаларға, жастарға ықылас етеді. Заман ағымына байланысты қазіргі таңда той-жиындарда бата бере алмайтын қарттарды көргенде қатты сасатынымыз бар. Бұл олқылықтың орнын батагөйлер байқауы толтыратынына кәміл сенеміз.
Өткен жұманың сәскесінде “Батаменен ел көгерер” атты батагөйлердің облыстық байқауы өтті. Шу аудандық Мәдениет үйінің сахнасын салиқалы сөздерге толтырған шараны ұйымдастырушы Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі аталмыш байқауға Тараз қаласы мен аудандардан үздік батагөйлерді алдырған екен.
Өсиет додасының сөресінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков қатысушы қарияларға сәттілік тілеп, алыс-жақыннан ата дәстүрді ұлықтауға келген ақсақалдарға алғыс білдірді.
Ауылына қадірлі қонақ келсе құдасындай құрметтейтін Шу ауданының басшылығы Мәдениет үйінің іші мен сыртын әсемдегенін көрдік. Мәселен, кіреберісте мектептен тыс білім беру ошақтары көрме ұсынып, Абай ауылының әжелер ансамблі әсем әндерімен қонақтарды қарсы алды. Одан бөлек, оркестр күмбірлеген күйді төгіп, кітапханашылар өз көрмелерін көрсетті.
Облыс орталығынан келген меймандар залға енбес бұрын, “Құрмет”, “Парасат”, “Достық” ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың кабинетіне кіріп, оның жас өнерпазбен сомдалған бейнесіне сәлем бергенін айта кеткен жөн.
Тәуекелге бел буып келген қарияларға қазылар алқасының төрағасы Махметғали Сарыбеков билеттерді тапсырып, байқаудың ережесімен таныстырып өтті. Жеребе бойынша өз кезектерін анықтаған ақсақалдар билеттегі талаптар бойынша бата беріп, қазақтың ырым-сенімдері туралы сұрақтарға жауап берді. Байқау барысында Шу аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары дәстүрлі әндер мен термелерден шашу шашып, көрермендердің шөлдерін басты. Оны әрбір орындаудан кейінгі қол соғулардан аңғардық.
Сөздің парқын білетін қазылар алқасы аламанға 3 қарияны қалдырып, оларға өзара мықтыны анықтауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, Тараз намысын қорғаған Құдайберді Әбіл қария бірінші орынды иеленіп, 300 мың теңгені қанжығасына байлады. Байзақ ауданынан келген қария Аманғазы Халықов екінші орын мен 200 мың теңгенің сертификатын еншіледі. Келісті келбетімен көрерменнің көзайымына айналған жамбылдық Ерболат Қуандықов қария үздік үштікті түйіндеп, үйіне 100 мың теңгені ала кетті. Әртүрлі тақырыпқа бата жаттап келген өзге ақсақалдар ауылдарына құралақан қайтқан жоқ. Олар түрлі аталымға ие болып, арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш байқау биыл бесінші мәрте өткізіліп отыр. Сондай-ақ шараны лайықты деңгейде өткізуге атсалысқан аудан басшылығына алғысын білдірді.
– Бүгін Шу ауданында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен “Батаменен ел көгерер” атты облыстық батагөйлер байқауы өтті. Шараның жоғары деңгейде өтуіне болысқан аудан әкімдігіне алғыс білдіремін.Байқауға келер болсақ, бұл додаға әр өңірден келген үздік батагөйлер қатысты. Бәйге болған соң біреу олжаға кенеліп, бірі қапа болып жатады. Біз әрбірін ережеге сай бағалап, жүзден жүйрікті анықтадық. Батагөйлер жарысының жастарға әсіресе, өскелең ұрпаққа берері мол. Барлық баталар қабыл болсын,- деді қазылар алқасының төрағасы Махметғали Нұрғалиұлы.
Байжан Емберді.