Ұстаздар құрмет құшағында
Ел педагогтары әр жыл сайын 5 қазан күні төл мерекелерін атап өтеді. Мемлекеттегі мерекелер тізіміне сәйкес, бұған дейін бұл мереке қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келген болатын. Кейін әлемнің 100-ден астам мемлекеті атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендіріліп, 5 қазан болып бекітілді.
Бұл дата – білім беру саласындағы қызметкерлердің баршасына ортақ кәсіби мереке. Себебі осы күні педагогтар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын орасан үлесі аталып өтіледі.
Маңызды мамандық иелерінің төл мерекесі Шу ауданында да тойланды. Атап айтқанда, аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтіп, өңір мұғалімдері құрмет құшағына бөленді. Аталмыш шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат депутаттары, ардагер ұстаздар мен сала қызметкерлері қатысты.
Шараның шымылдығы театрландырылған көрініспен басталып, аудан басшысының құттықтау сөзімен сабақтасты. Сондай-ақ өңір ұстаздарының білім беру саласына қосқан қомақты үлестеріне алғыс айтылды.
-Біздің өңірдегі білім беру жүйесінде 45 мектепте 2738 мұғалім жұмыс істейді. 2502 педагогтың 94 пайызы жоғары білімді, 23 пайызы шебер және зерттеуші біліктілік санатына ие. Олар аға буын салған сара жолды жалғастырып келеді. Оның ішінде ізденісі мол жастардың үлесі бар. Сондай-ақ биыл 34 оқушы «Алтын белгі» алса, 1865 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады.
Қазіргі таңда мемлекет білім саласына жете ден қойған. Оның ішінде жаңа білім ошақтарын салу, материалдық-техникалық базасын нығайту, туындаған мәселелерді біртіндеп шешу жұмыстары жүргізілуде.
Былтыр «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 21 мұғалімге 7 245,0 мың теңге көтерме жәрдемақы беріліп, тұрғын үй сатып алу үшін 15 мұғалімге 77 625,0 мың теңге бюджеттік несие берілді,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Бұдан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, шулық ұстаздардың бір шоғыры Шу ауданы әкімінің Құрмет грамотасына иелік етті. Сондай-ақ әріптестерін кәсіби мерекемен аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дурманов құттықтап, аға буын өкілдері мен бірқатар ұстаздарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің “Еңбек ардагері”, “Білім беру ісінің Құрметті қызметкері” және “Ы.Алтынсарин” төсбелгісін табыс етті. Одан бөлек, бірқатар сала қызметкерлеріне ведомствоның және облыстық білім басқармасының “Құрмет грамоталарын” табыс етті. Салтанатты шара барысында “Орта білім беретін үздік ұйым” аталымы бойынша Төле би атындағы орта мектебі, “Үздік табысты мектеп” аталымы бойынша Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясы, “Дамушы мектеп” аталымы бойынша А.Байтұрсынұлы, Жамбыл, Ғ.Мұратбаев, М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, І.Жансүгіров атындағы білім ошақтары дараланды.
Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен “Мөлдір” балалар бақшасы үздік деп танылып, Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығы “Үздік қосымша білім беру ұйымы” аталымына ие болды. Бұдан бөлек, бірнеше марапат өз иелерін тапты.
Өз кезегінде Шу аудандық мәслихатының депутаты Мақсат Сұлтанғазиев те ұстаздарға ниет білдіріп, бірнеше марапатты қошеметпен тапсырды.
Төл мерекелерінде ән шырқап, әсем биімен тәнті еткен мұғалімдер сазды бағдарламаларымен көпшіліктің құрметіне бөленді.
Байжан Емберді.