«Тәртіпке бас иген құл болмайды»
Парламенттің жаңа сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.
Ал Жолдаудың мақсаты – елдің өткеніне сараптама жасап, бүгінгі жасалу керек істердің басын ашып, ертеңгі болашаққа жол ашу екені жұртшылыққа мәлім. Ондағы айқындалған міндеттерді жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органға жүктелер жауапкершілік зор.
Аталмыш Жолдаудың тоғызыншы бөлігінде Президент қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет екендігін атап өтті. Сонымен қатар маңызды құжаттың «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет»-деген тұсына ой жүгірткеніміз абзал.
Осы орайда құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Шу қаласы әкімі аппаратымен жүргізілген жұмыстарға тоқталғым келеді. Қала аумағында заңгер, қалалық Жастар ресурстық орталығының заңгері және аудандық полиция бөлімімен жалпы саны 51 іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтың профилактикасы мақсатында 14, нашақорлықтың алдын алу бойынша 12, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 13 іс-шара мен тиісті топпен 12 мәрте түнгі және күндізгі рейд ұйымдастырылды.
-Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды,-деді Мемлекет басшысы Жолдауда.
Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, өзімізге жүктелген міндеттерді атқаруға бейілдіміз әрі ата-аналар ұрпақ тәрбиесіне жете мән беріп, ұл-қыздарына «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қағиданы темірқазық етсе дейміз.
Болатжан Төлендиев,
Шу қаласы әкімінің орынбасары.