Ақпараттық портал

Сенім биігінен көрінген жан

Сала жұмысына салғырттық танытпай, жауапкершілікпен жемісті еңбек етіп жүрген жандардың бірі – аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Бегалиев Бақыт Сәрсебайұлы. Ол 1989 жылдың сәуір айында Шу қаласында дүниеге келген. 2005 жылы С.Сейфуллин атындағы мектептен орта білімді тәмамдап, 2005-2009 жылдары Алматы қаласындағы Орта Азия техникалық-экономикалық колледжінде білім алып, оны «Көліктегі автоматика, телемеханика және басқару» мамандығы бойынша аяқтайды.
2009-2012 жылдары М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясынан «Электр энергетикасы» мамандығын бакалавр дәрежесі бойынша бітіріп, жоғарғы білім алады. Мұнан кейін Алматы облысында Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң, алғашқы еңбек жолын 2014-2015 жылдары Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Мойынқұм аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері болып бастайды. Ал, 2016 жылдан күні бүгінге дейін Шу ауданы әкімдігінің төтенше жағдайлар бөлімінде бас маман қызметін атқарып келеді. Еңбек ете жүріп, 2016-2020 жылдары ҚР ІІМ ТЖК-нің Көкшетау техникалық институтынан «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша білімін жалғастырып, оны сырттай оқып, тәмамдайды.
2016 жылы отбасын құрған кейіпкеріміз көп балалы әке. Бүгінгі таңда жұбайы Наташамен бірге 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отыр. Айта кетерлігі, 2016 жылы Қуаныш есімді тұңғыш ұлы дүниеге келсе, 2018 жылы Айзере есімді қызы жарық дүние есігін ашады. Мұнан кейін қос егіз, яғни 2021 жылы Алуа мен Алинұр жарық дүниемен қауышып, 2023 жылы Асылым мен Айсұлтан есімді егіз перзенті өмірге келеді. Осындай балаларды дүниеге әкелген жұбайы Наташаны алтын құрсақты ана деп, Бақыт Сәрсебайұлын шаттыққа толы шаңырақтың иесі деп айтуға толықтай негіз бар.
Ал, оның қызметтегі болмысын әріптестері де өз ісіне жауапты, білікті маман ретінде бағалайды. Оған аудан әкімі, «Аманат» партиясының аудандық филиалы сынды билік өкілдері тарапынан ұсынылып жатқан марапаттары айқын дәлел. Солардың ішіндегі ең көрнектісі ағымдағы жылы қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің грамотасымен марапатталуы.
-Өзім Бақыт Сәрсебайұлымен Мойынқұм ауданында қызметтес болдым. Бірге жұмыс жасадық. Сол уақыттан бері бұл азаматты жақсы танимын. Кейін қызметіміз осы Шу ауданында жалғасты. Еңбек еткен жылдарында жұмыс барысында ешбір теріс қылықтарын көрген емеспін. Өз ісіне жауапты, өте сабырлы, қызметтік міндетін барынша тиянақты орындауға тырысатын, байсалды азамат. Балалары кішкентай болса да, осы уақытқа дейін жұмыстан сұранып, отбасылық жағдайына қатысты қандай да бір мәселе көтерген емес. Кейінгі жас мамандар осы азаматтан үлгі алса жаман болмайды,-дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Т.Кариев.
Иә, төтенше жағдай деп аты айтып тұрғандай, бұл саланың жұмысы өзгелерден ерекше. Өйткені, апаттың айтып келмейтіні әуелден белгілі. Сол себептен, өңірімізде қандай да бір оқыс жағдай орын ала қалса, бұл саланың мамандары кез келген уақытта оған дайын болуы қажет. Күн-түн демей, уақытпен санаспай, қылтың-сылтыңсыз, қажет кезде өз міндетіңді мінсіз орындап, алдыңғы саптан көріну – төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің айнымас міндеті. Осы міндеттің биік межесінен көрініп, абыройдың асқақ асуында жүрген Бақыт Сәрсебайұлына алдағы уақытта да қажымас қайрат, еңбекте толағай табыс тілеп, адамгершілік пен абырой биігінен көріне беруіне ниеттеспіз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.