Ақпараттық портал

Қауіп пен қырағылық сақшыларының алар асуы мол

Елімізде 19 қазан – Құтқарушылар күні екені мәлім. Азаматтық қорғаныс саласында қызмет ететін бұл сала еңбеккерлерінің орны қоғамда маңызды рөлге ие. Өйткені, Тәуелсіз Қазақстанда 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды.
Құтқарушы болу – өзгенің өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, оны қауіптен аман алып қалу. Жауапкершілігі мол, қиын да күрделі салада жүрген ауданның төтенше жағдай қызметкерлері де өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда. Бұған біз кәсіби мереке қарсаңында аудан әкімдігінің төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Кариев Тимур Болатұлымен жүргізілген сұхбат барысында көз жеткіздік. Төменде өзара сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

-Тимур Болатұлы, әуелі соңғы уақытта бөлім қызметкерлерімен жүзеге асырылған ең негізгі жұмыстарды атап өтсеңіз.
-Аудан әкімдігінің төтенше жағдайлар бөлімі өз қызметін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жылдық жоспарына, аудандық бөлімнің жеке жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырады. Осы бағытта ағымдағы жылы да аудан аумағындағы өрттерді және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау, материалдық шығынды азайту, халықты әртүрлі төтенше жағдайлардан қорғауға қарсы бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, ағымдағы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссия төрағасымен бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес аталмыш комиссияның 2 отырысы өтті. Мұнда мемлекеттік және өкілетті органдардың 2024-2025 жылдары қысқы мерзімді қауіпсіз өткізуі, көлік коммуникациясы объектілерінің пайдалануға дайындығының барысы, жылыту маусымы кезеңінде тұрғын үй секторында өрт оқиғасы мен жарақаттануды, улы газбен улану оқиғаларын болдырмау, алдын алу, Балуан Шолақ ауылында өрт бекетін құру жұмысы, өртке қарсы сумен жабдықтау жүйелерінің жағдайы туралы мәселелер қаралса, жоспардан тыс Көкқайнар ауылдық округінің тұрғыны Қ.Баймуханбетовтың арызын талқылау мәселесі қаралды.
Ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында жергілікті атқарушы орган және су шаруашылығы мекемесінің қызметкерлерімен бірлесіп, су тасқыны мерзіміне арық-дренаж жүйелерінің дайындығын, аудан аумағында орналасқан 4 су қоймасы мен 3 су бөгеті, Шу өзенінің арналары, реттегіш-қорғағыш бөгеттері мен су қоймаларының жұмысқа қалыпты және қауіпсіз жағдайлары тексеріліп, акт әзірленіп, жергілікті атқарушы органға хаттар жолданды.
-Оқыс оқиға орын ала қалған жағдайда оған дайын болу үшін оқу-жаттығу жұмыстарын өткізіп тұру маңызды рөлге ие. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
-Аудан аумағында туындайтын төтенше жағдайлардың салдарын жою, құтқару және кезек күттірмейтін басқа да төтенше жағдайларға қарсы жұмыстар атқару жөнінде ауданның азаматтық қорғаныс қызметтерінің жұмысын пысықтау мақсатында 9-11 қазан аралығында ауданның басқару органдарымен, күштер және құралдарымен кешенді оқу-жаттығу өткізілді.
Жалпы, бөлімнің есепті кезеңдегі қызметі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің стратегиялық және департаменттің қызметтік жоспарына сәйкес жүргізіліп, аудан тұрғындарын әртүрлі төтенше жағдайлардан қорғау деңгейін арттыруға және материалдық шығынды төмендетуге бағытталады.
-Аудан аумағында орын алған төтенше жағдайлардың сандық және сапалық деңгейі, бөлімге келіп түскен өтініштер мен хабарламалар жөнінде айтып өтсеңіз.
-Аудан аумағында үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша барлығы 54 (2023 жылы-68) өрт оқиғасы тіркеліп, өрттен келген материалдық шығын 7 млн 185 мың (2023 жылы-7 млн 370 мың теңге) теңгені құрады. Оның ішінде жеке меншік тұрғын үй секторларында 23 (2023 жылы-45) өрт, автокөліктерде 27(2023 жылы-16) өрт оқиғасы орын алса, шаруа қожалық нысандарында өрт оқиғасы кезікпеген (2023 жылы-2). Орман алқаптарында 2 (2023 жылы-1), орын алған өзге де өрт 2 оқиғаны құрады (2023 жылы – 4). Өкінішке қарай, орын алған өрт оқиғаларынан 1(2023жылы-4) адам өлімі орын алды.
Бөлім атына өтініштер, ақпараттарды есепке алу кітабына 303 хабарлама тіркелді. Оның ішінде 190 хабарлама номенклатуралық іске шығарылды, 89 хабарлама бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылды, 22 хабарлама әрі қарай тергеуге АПБ-не жолданды.
Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс атқарады. Бекітілген кезекшілік кестеге сәйкес әр қызметкер күнделікті аудан аумағында ауа райының болжамы, республикалық, облыстық мәндегі жолдардың жай-күйі, ауданның өмірлік маңызы бар мекемелерінің жағдайы туралы ақпараттардың жиналуын ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Аудан аумағында орын алған барлық төтенше жағдайлар бойынша нақты шешім қабылдап, тиісті органдарға хабарламалар беріп отырады.
-Өңірдегі түрлі қызметтерді жүзеге асырып отырған нысандардағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?
-Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің өрт қауіпсіздігін бақылауы бойынша барлығы 1993 нысан тіркелген. Оның ішінде жоғары тәуекел дәрежесіндегі 196 нысан, орташа тәуекел дәрежесінде 16 нысан, төмен тәуекел дәрежесінде 1781 нысан бар. Бөлімнің инспекторлық жеке құрамымен өрт қауіпсіздік іс-шаралары бойынша жоспарға сәйкес барлығы 79 нысан жоспарланып, 67 нысанға (2023 жылы – 69) профилактикалық тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеріс барысында 658 кемшілік анықталып, жауапты тұлғаларға бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым және акті ұсынылды.
-Тиісті талаптарды сақтамаған азаматтарға қандай тәртіптік шаралар қолданылуда және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша ақпараттандыру жұмыстары қандай деңгейде жүргізілуде?
-Өрт қауіпсіздігі саласында қызмет атқару кезінде өрт қауіпсіздік ережелерінің талаптары мен нормаларын сақтамағаны үшін өрт және жану оқиғаларының пайда болуына кінәлі 134 тұлға анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл тұста бірқатар азаматтарға тиісті көлемде әкімшілік айыппұл салынып, кейбіріне ескерту шаралары қолданылды.
Сондай-ақ, төтенше жағдайлар оқиғаларының алдын алу және жол бермеу мақсатында жергілікті бұқаралық ақпарат құралы – «Шу өңірі» газетіне әр түрлі тақырыпта (өрт қауіпсіздігін сақтау, қыс мезгілінде және мұз үстінде қауіпсіздікті сақтау, газдан улану, жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар) 48 мақала, аудан әкімдігінің әлеуметтік желілерінде (Instagram, Faceboоk, в Контакте) 645 мақала жарияланды.
Сонымен қатар жоспарға сәйкес, аудан аумағында 2023-2024 аралығында орын алған өрттерді талдау нәтижесі бойынша аудандық №5 және №19 өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы, аудандық электр қуатын тарату жүйесі мекемесі, аудандық газ бөлімшесі мен полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде 4080 тұрғын үй араланып, аудан тұрғындарына өрт қауіпсіздігі шараларын ескерту жұмыстары жүзеге асырылып, әрбір тұрғын үй иелеріне жаднама қағаздары таратылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
-Заңды тұлғаларға негізсіз қысым жасау фактілері және нысандардағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы заң талаптарын сақтау шаралары бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?
-«АМАNАТ» партиясының аудандық филиалы және аудандық прокуратура қызметкерлерінің, аудандық кәсіпкерлер палатасы өкілдері және бақылаудағы адамдар басым жиналатын нысан өкілдерінің қатысуымен 2 рет дөңгелек үстел жиыны өткізілді. Жалпы, жеке құрам арасында әрбір жеке құрамның жеке тәрбиелік жұмыстары және келіп түскен шолу бойынша жиналыстар өткізіліп, қол қою арқылы 8 жиын өткізіліп, хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, жеке құрамға сыбайлас жемқорлық, әскери-қызметтік тәртіпті сақтау, Әдеп кодексі, жол көлік оқиғаларының алдын алу бойынша күнделікті нұсқаулық жүргізіліп отырады.
-Бөлім қызметі аса күрделі және мол жауапкершілікті талап ететін қызмет. Сол себептен, бұл салаға білікті мамандарды тарту да өзекті мәселе екені анық. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарылды?
-Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жоспарына сәйкес төтенше жағдайлардың алдын алу және сақтау, сонымен қатар М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына оқуға түсуші үміткерлерді анықтау мақсатында аудан аумағындағы 65 білім беру мекемесінде мыңға жуық оқушылар қамтылған сабақтар жүргізілді және азаматтық қорғау қызметінің имиджін көтеру мақсатында өрт қауіпсіздік тақырыбы бойынша оқушылар арасында түсіндірме шаралары өткізілді.
-Көп жағдайда өрт оқиғалары жылыту маусымында жиі орын алып жатады. Жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігіне байланысты азаматтардың қауіпсіздігін сақтау шаралары бағытында қандай істер қолға алынды?
-Жергілікті атқарушы орган, еріктілер және жергілікті полиция қызметімен бірлесіп 75 рейдтік шара ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары кезінде 4460 адам қамтылып, жадынамалар таратылды. Профилактикалық жұмыстар кеңінен жүргізілуде және ол әрі қарай да жалғаса беретін болады.
-Төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бойынша жұмыстың тиімділігін жетілдіру мақсатында алда тұрған міндеттерді атап өтсеңіз.
-Өрттердің басым бөлігі тұрғын үй секторында орын алатынын ескере отырып, тұрғындармен және адамдар жаппай жиналатын орындарда үгіт-насихат жұмыстарын, бұқаралық ақпарат құралдарын, интернет ресурстарды қолдану арқылы жұмыстарды кеңінен жүргізу, білім бөлімімен бірге интерактивті сабақтар, «Өрт қауіпсіздігі күндерін» өткізу арқылы балалардың отпен ойнауы себебінен туындаған, салдарынан балалар қайтыс болған өрттердің алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізу, мектеп оқушыларымен балалардың өрт болған жағдайда дұрыс әрекет ету дайындығына бағытталған дәрістер, сабақтар, әңгімелесулер, викториналар өткізу тәжірибесін күшейту, жеке тұрғын үй секторын аралау жұмыстарын жүргізу кезінде тұрғындарға тұрғылықты жері бойынша өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды үйретуге аса назар аудару, өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау тиімділігін және барлық меншік түріндегі нысандардың өрт қауіпсіздігі деңгейін көтеру басты міндет болып табылады.
-Әңгімеңізге рахмет! Кәсіби мереке қарсаңында тәуекелмен бетпе-бет келіп, тосын жағдайларда қырағы қимылмен ерекшеленетін еңбектеріңізге сәттілік тілейміз!

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.