Ақпараттық портал

Жылыту маусымы жіті назарда

Ағымдағы айдың ортасынан бастап ауданымызда жылыту маусымының басталғаны белгілі. Жауапты науқан басталмас бұрын өңірімізде күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық барысын саралау мақсатында облыстық штаб отырысы өткен болатын. Қордай, Мойынқұм және Шу аудандарының, сондай-ақ облыс әкімдігіне қарасты басқарма басшыларының қатысуымен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек төрағалық етіп, нақты тапсырмалар жүктеген еді. Енді міне, барлық нысандарға жылу беріліп, штаб отырысында қаралған мәселелер рет-ретімен шешімін таба бастады. Осы бағыттағы жұмыстар апта басында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылып, алдағы жұмыс бағыты талқыланды.

Ең алдымен аудан әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликов баяндама жасап, жылыту маусымы мен қыркүйек айында басталған санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстарының барысына тоқталды. Жалпы, ауданымыздың энергетикалық инфрақұрылымын сөз қылғанда, ең әуелі «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны еске оралады. Жылу энергиясын өндіру, жөнелту және оны тасымалдаумен айналысатын кәсіпорын қаладағы жүздеген нысандар мен тұрғын үйлерге үздіксіз қызмет көрсетеді. Әсіресе, қалалық емхана, әлеуметтік нысан, жеке және көпқабатты үйлер, мемлекеттік және коммерциялық мекеме дейсіз бе, яғни бас-аяғы 350-ден аса маңызды нысанды қатал қыста жылумен қамтып отырған да осы қазандық.
Қай қала болмасын, мейлі ол ауыл, елді мекен болса да, оның лайықты тыныс-тіршілігі үшін жылу тарату желілері инфрақұрылымының кідіріссіз жұмыс істеуі аса маңызды. Қазіргі күнделікті тұрмысымызды қыс айында жылусыз елестету мүмкін емес. Бұл әсіресе, қалалық жердегі көпқабатты үйлерге қатысты. Бір күн жылу болмай қалса, қала тыныс-тіршілігінің сәні кетеді. Міне, сондықтан Шу қаласының қысқы маусымда жылумен тұрақты және сапалы қамтамасыз етілуі жолында «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына жүктелер міндет үлкен, жауапкершілік зор. Сонымен бірге, бүгінде қаланы жылумен қамтамасыз етудің жаңа технологияларға негізделген озық үлгілері іс жүзіне асырылуда. Дәлірек айтқанда, қалада энергетикалық инфрақұрылымның қолданыстағы нысандары, яғни жылу беру орталығын жаңғырту жүйелі жүргізілген. Қалай десек те, былтырғы жылы сақылдаған сары аяз жұртшылықты біраз алаңдатқанымен, табиғаттың тосын мінезіне дайындық жұмыстары алдын-ала жасалғандықтан, жылуға қатысты күтпеген оқиғалар орын ала қойған жоқ. Сол себепті де бөлім басшысы биылғы жылы да олқылықтар орын алмас үшін қаладағы мөлтек аудандардың бірқатарында жылу құбырларын жаңарту жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.
– Жылыту маусымынан бөлек, қыркүйек айынан бастап Шу қаласы мен ауылдық округтерде барлығы 7 сенбілік ұйымдастырылып, оған 3500-ге жуық адам қатысты. Нәтижесінде, қала мен елді мекендер күл-қоқыстан тазартылып қана қоймай, жалпы саны 13 айыппұл мен 69 ескерту берілген. Өңіріміздегі тазалық жұмыстары бұнымен тоқтап қалмайды. Тиісті мекемелер мен жеке кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тазалық жұмыстарын ұдайы назарда ұстап отыру қажеттігі ескертілді, – дейді Ж.Каликов.
Сонымен қатар, кеңес барысында Қорағаты ауылдық округінің әкімі Әділ Диханбаев округке қарасты елді мекендерде жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде аудан әкімінің бас инспекторы Данияр Дәнебек аталған округке жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесімен бөлісті. Тиісінше, аудан басшысы зерделеу жұмыстары барысында анықталған олқылықтарды уақыт оздырмай ретке келтіру керектігін ескертіп, нақты тапсырмалар жүктеді.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.