Заңды білген зардап шекпейді
Жаңа заңнамаларды таныстыру артықшылықтарын уақытында түсіндіру азаматтарды түрлі құқық бұзушылықтан сақтайды. Ал жаңа заңдардың дайындалуына азаматтар өздері тікелей қатысып, талқылауларда өз пікір, уәждерін айтса, талап–тілегін жеткізсе, құқықтық құжаттардың сапасы жоғарылайтыны түсінікті.
Заң – қоғамдағы бейбітшілік пен әділеттілікті қамтамасыз ететін және адамдар арасындағы қатынастарды реттейтін құрал. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне берілген азаматтық құқықтарды, соның ішінде өздерін қорғау құқығын өз қалауынша пайдаланады және басқа тұлғаға зиян келтіруге, құқықты өзге нысандарға теріс пайдалануға, сондай–ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетіндей етіп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттеріне жол берілмейді. Заңдар қоғамдағы тәртіппен тепе-теңдікті орнатады.
Әрбір адамның өз құқығын жетік білуі, қоғамда болып жатқан әрекеттердің заңға қарама қайшылығын немесе сәйкестігін сараптай алуы оның құқықтық сауаттылығмен тікелей байланысты.
Азаматтардың басым көпшілігі өз құқықтары мен мүдделерін қорғау тәсілдерін жете біле бермейді. Заман ағымына сай Қазақстан Республикасының заңнамаларына өзгерістер енгізіліп тұрады. Сондықтан құқықтық білім әрқашан қажет.
Қорытындылай келе, өскелең ұрпақты ғылымның қай саласы болса да бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Соның ішінде құқықтық сауаттылықты арттыруға аса мән беріп, тиісті шаруалар атқарылуы тиіс.
Әрине, бұл мәселелер бір немесе екі күннің ішінде бола салатын дүние емес. Үлкен тиянақтылықпен қатар сабырлықты талап ететін берекелі іс екені анық. Осындай күйбең тіршілікте заңды білу – заман талабы екенін жадымыздан шығармауымыз керек.
З.Джаркимбаева,
Шу аудандық сотының судьясы.