Ақпараттық портал

Бітімге келу – ұтымды шешім

Татулық пен бірлік, кешірімділік қазақтың өмір сүру салтына енген, билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы. Бұған халқымыздың «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген нақыл сөзі қандай істе де бітімгершілікке бейім тұрғаны дәлел.
Жұртшылықты татуласу рәсімдерінен заңдық тұрғыда хабардар етсек, дауды татуласу рәсімдерін қолдана отырып реттеу туралы өтінішхатты талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша мәлімдеуге болады. Татуласу келісімі сот шешім шығаруға кеткенге дейін немесе сот актісінің орындалуы кезінде заң талаптарына сәйкес жазбаша жасалады. Оған тараптар немесе келісімді жасауға өкілеттігі бар өкіл қол қояды.
Сотта татуласу келісімін бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату немесе оны бекітуден бас тарту туралы ұйғарымдардың бірі шығарылады. Татуласу келісімін бекітуден бас тартылса бұл жөнінде сот ұйғарымы шығарылады және ол қайта қаралмайды. Дегенімен, ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдерді апелляциялық шағым мен прокурордың өтінішхатында көрсетуге болады.
Ал, медиацияда дау-жанжал судьяның немесе медиатордың көмегімен реттеледі. Бұл үшін тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдейді. Тараптар келіссе істі медиацияны өткізген судья да қарай береді. Бірінші немесе апелляциялық сотта дауды медиация тәртібімен, яғни, судьяның жәрдемдесуімен реттеу туралы өтінішхат келіп түскен кезде іс жүргізу он жұмыс күніне тоқтатыла тұрады.
Татуласу рәсімдерінің басты артықшылығы – тараптар өзара келісімге келгеннен кейін іс қысқартылады. Оған қарсы талап-арыз келтірілмейді, сондай-ақ, шарт ерікті түрде жасалғандықтан, атқарушылық өндіріс қозғалмайды. Екі жақтың да мүддесі теңдей сақталып, уақыт үнемделеді. Тараптар ортақ келісімге келетіндіктен, оның орындалу деңгейі де жоғары болады. Мемлекеттік баж қайтарылады. Бұған қоса, талапкер келісімде талап арызда көрсеткенінен басқа да талаптарын көрсетіп, келісімге келе алады. Келісім шарт талаптары заңға қайшы келсе, ол сотпен бекітілмейді.
Медиация рәсімі төмендегідей негіздер болған жағдайда қолданылмайды:
-медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және сот әрекетке қабілетсіз не әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың мүдделерін қозғаса немесе қозғауы мүмкін болса,
-тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (дау-шарларға),
-сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.
Медиацияның мақсаты – дауды (дау-шарды) шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.
Ж.Тәжібаева,
Шу аудандық сотының судьясы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.