Ақпараттық портал

Ардагерлер мектеп оқушыларымен кездесті

Халқымыздан “Қарты бар елдің қазынасы бар” деген даналық қалған. Ақсақалдың ақылы, аналардың ақ тілеуі ұрпаққа ұлағат екені даусыз. Әсіресе, құндылықтар құлдырап бара жатқан қазіргі қоғамда көргені көп, көкейіне түйгені мол ардагерлерді жастармен жиі жүздестірген жөн. Бұл да болса жас буын көшін жақсылыққа бұрудың бір амалы болмақ.
Осындай мазмұнды шараның бірі – Шу қаласындағы А.Макаренко атындағы орта мектебінде ұйым-дастырылды. Онда Шу қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Бейсембаев бастаған аға буын өкілдері аталмыш оқу ошағындағы тәрбие сағатына қатысты.
Атап айтқанда, құрметті темір-жолшы О.Иманалиев, білім саласының үздіктері Н.Филатова, Ұ.Жаппасбаева, Б.Жантаев сынды ардагер ұстаздардар өскелең ұрпаққа өнегелі әңгімелер айтып, өздерінің өмір жолдарынан сыр шертті. Сонымен қатар оқушыларды мамандық таңдауда мүлт кетпеуге, ел қажетіне жарайтын кәсіптің иесі болуға шақырды.
Дәл осындай кездесу С.Сейфуллин атындағы орта мектебінде де өтті. Жүздесу барысында айтары мол аға буын өкілдері шәкірттермен емен-жарқын сұхбат құрып, туындаған сұрақтарына жауап берді. Әрі өз ақыл-кеңестерін беріп, жақсы істерге үйір болған абзал екенін атап өтті.
Аталмыш шарада Семей ядролық полигонының ардагері Б.Қарғабаев, ардагер ұстаз, Шу ауданының Құрметті азаматы Ұ.Жаппасбаева, Шу қалалық билер алқасының төрағасы Т.Садырқұлов, Шу ауданының құрметті ардагерлері Б.Абитов және ішкі істер ардагері, полиция полковнигі А.Нүсіпов С.Сейфуллин мектебінде ұстаздармен де тілдесті.
Кездесу барысында мектептегі жастар тәрбиесі жөнінде үлкен мәселе қозғалды. Әсіресе темекі, есірткі және жат ағымдардан жастарымызды аулақтатуда ардагерлер және ұстаздар болып бірігіп үлкен жұмыс атқаруға уағдаласты.
Мелис Нысанбайұлының айтуынша мұндай мазмұндағы шаралар мүмкіндігінше жиі өткізіледі. Себебі «тикток» тәрбиелеп отырған қаракөздерге қариялардың қамқорлығы мен батасы аса қажет. Сондықтан қаланың еңбек ардагерлері жастар тәрбиесіне араласудан қашпайды. Мұндай ғибратты істерге мектеп басшылары да бейілді болғаны абзал дейді ардагерлер жетекшісі.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.