Ақпараттық портал

Бірлікті ту еткен білім ошағы

Халық арасында Қабан жырау атанып кеткен Қабылиса бабамыздың “Бақыт, қайда барасың” деген тағылымды өлеңін танымайтын адам аз шығар. Бақыттың қайда қонатынын білгісі келген жырау бір шумағында бақыттың “Соғысқа құмар ойы жоқ, ұлан-асыр тойы көп, бейбіт елге ” баратыны айтылған.
Ықылымнан ынтымақты ту етіп, бірлікпен тірлік кешкен еліміз өз уақытында тағдыры біздің Отанмен байланысқан басқа жұрттың баласын бауырына басқан болатын. Бүгінде сол этнос өкілдері Қазақстанды атамекен санап, өз мәдениеті мен дәстүрін, тілі мен дінін еркін тұтынып отыр. Әрі олар бейбітсүйгіш еліміздің азаматтары ретінде әр салада маңдай терін төгіп жүр.

Сондай ұжымның бірі – Шу ауданы білім бөліміне қарасты әл-Фараби атындағы орта мектебі. Бірер ай бұрын бұл білім ошағының директоры болып Жанат Әлиасқаров тағайындалған болатын. Бұған дейін М.Әуезов атындағы орта мектеп директорының орынбасары болған жаңа басшы Анастасия Вепренцева, Әбдіжәлел Айнақұлов, Ибрагим Алиев, Римма Тұрысбекова, Айдар Құлжанысов, Елмира Нетаева сынды білікті жетекшілердің жолын жалғауға кірісіп отыр.
Төл тарихын 1960 жылдан тарқататын мектептің тұңғыш меңгерушісі ҰОС ардагері Анастасия Васильевна болды. А.С.Макаренко атымен аталатын бастауыш мектебі осы басшының тізгін алған тұсында аяғына тұрып, алғашқы қадамдар жасаған. Ал Әбдіжәлел Айнақұлұлы басқарған кезеңдерде мектеп сегізжылдық мәртебесін алып, 1972 жылы қосымша оқу корпусы мен спорт залы салынған.
Жеті жыл жұмыс істеген Ә.Айнақұлов құрметті зейнетке шыққан соң, екі тізгін бір шылбырды “Оқу үздігі”, “Еңбек ардагері” Ибрагим Алиұлы қолына алып, мектептің одан арғы дамуына күш жұмсаған. 1983 жылы мектепте күрд тілін оқыту енгізіліп, білім алушы контингенттің сұранысы қанағаттандырылды. Себебі бұл нүктеде күрд этносының өкілдері тығыз орналасқан еді.
1985 жылы А.С.Макаренко атындағы орта мектеп дәрежесін иеленіп, дәл сол жылы “Стерк” ансамблі құрылды. Білім ошағы ішінен құрылған өнер ұжымы аз уақыттың ішінде облыс, республика көлемінде даңққа бөленіп үлгерген.
Аталмыш ансамбль 3 жылдан кейін Мәскеуде өткен фестивальге, 1997 жылы Алматыдағы Қарқара байқауына қатысқан. Осы еңбектері ескерілген ансамбль “халықтық” атағын алған.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мектепке түркі әлемінің ғұламасы Әбу Наср әл-Фараби есімі берілген. Бұл 1992 жыл болатын.
Римма Басжанқызы басшылық еткен 1995-2004 жылдары да көптеген жұмыстардың реті табылған. Нәзік жанды директор мектептің материалдық базасын нығайтып, электр сымдарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жылыту қазандығын бумен алмастырып, шағын қазандық салынған.Сонымен қатар компьютерлік сынып жабдықталған.
Ер мен әйел кезектесе басқарған білім ошағына 2004 жылы Айдар Жарқынбекұлы басшылық қызметке келді. 10 жыл бойы еңбек еткен директорды талапшыл әрі іскер басшы Елмира Аяғанқызы алмастырған.
Биылғы қазан айынан бастап мектеп басшысы жауапты лауазымына Алиаскаров Жанат Ұзақбайұлы тағайындалды. Оқу жылын жаңа ғимаратта жалғастырып жатқан білім ошағында 400-ден астам оқушы білім алуда.
Жоғарыда атап өткендей бірлікті ту еткен бұл мектепте түрі басқа болғанымен тілегі ортақ 58 мұғалім еңбек етуде. Оның ішінде педагог-зерттеуші – 6, педагог-сарапшы -19, педагог-модератор -19, педагог -6, санатсыз мұғалім саны 3 және 1 тағылымдамашы шәкірттерге білім беруде. Одан бөлек, техникалық персонал да оқу ошағының тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отыр.
58 ұстаздың 47-і қазақ, 6-ы күрд, 3 орыс, 2 түрік, 1 кәріс пен украин. Сол секілді оқушыларды ұлтына қарай жіктесек, мектепте 91 қазақ, 244 күрд, 44 түрік балалары мен азербайжан, татар, өзбек пен орыс, ұйғыр өрендері білім алуда. Мектеп басшысының айтуынша 166 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр.
Педагог К.Ушинский “Мұғалім – зор тұлға. Ол күннің шуақты сәулесі іспетті” деген екен бір сөзінде. Мұндай сипатқа лайықты мұғалімдер аталмыш білім ошағында аз емес. Мәселен, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.Гладченко 34 жыл, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ш.А.Тулегенова 35 жыл, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі А.М.Дүйсебаев 36 жыл, бастауыш сынып мұғалімі А.А.Абжанова 34 жыл, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Р.Е.Жиенбекова, орыс тілі мұғалімі С.Ж.Алдибекова мен дене шынықтырудан сабақ беретін К.А.Бадыровтың 31 жылдық еңбек өтілі бар.
Сонымен бірге Б.Асанова, Б.Шуратбаев, А.Алиева, Ж.Ақжарғақова, А.Шамшура, Х.Дунаев, Г.Бахтыбекова сынды ұстаздар 20 жылдан аса, 30 жылға жуық оқу-ағарту ісінде тер төгіп келеді.
Бес жылдың бедерінде білім ошағының жеткен жетістіктері жетерлік. Мәселен, мектеп ұжымы 2021 жылы ауданның қоғамдық өміріне белсене қатысып, білім саласында атқарған қажырлы еңбектері мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қосқан қомақты үлесі үшін білім бөлімінің басшысы М.Жинақбаеваның Алғыс хатына ие болған.
Сонымен қатар “Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары” атты педагогикалдық ұжымдар көркем өнерпаздарды шығармашылығының VIII аудандық фестивалінде өнер көрсеткен әл-Фараби атындағы орта мектебі үздік үштікті түйіндеген. Дәл осындай атпен өткен VIII облыстық фестивалінде ұстаздардан құрылған вокал тобы “Туған ел” әнін үздік орындап, жүлделі ІІ орынға ие болған.
Сол сияқты “Үркер” зияткерлік ұйымы ұйымдастырған мұғалімдер олимпиадасынан 8 ұстаз жүлделі орындарға ие болды. Қанат Садырбаев аудандық “Математикалық лигадан” 3 орынды олжалаған.
Аға буын салған сара жолды жалғастырып жүрген жастардың шоғыры да осы ұжымда тәжірибе жинақтап келеді. Сондай жастың бірі – Береке Ақжігітов. Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы болып жұмыс істейтін маман 2016 жылдан бастап осы салаға келген. Ал 2021 жылы осы оқу ордасына аяқ басып, сол сәттен бері шәкірттеріне әскери-патриоттық рухта тәрбие беріп келеді. 8 жылға жуық еңбек өтілі бар Береке Сағатұлының санаты -модератор.
Оның сөзінше басшылықтың қолдауымен жұмыстар жемісті жүзеге асырылуда. Тіпті аудан және облыс көлемінде оқушылары топ жарып жүр. Жастар ресурстық орталығы және “АMANAT” партиясының ұйымдастыруымен “Qaisar” әскери патриоттық жобасын іске асыру шеңберінде “Жас сарбаз” әскери патриоттық ойындарында осы мектептің өрендері II орынды иеленген. Сондай-ақ Жеңістің 79 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің 32 жылдығына орай аудандық “Сапта жүріп ән айту” байқауында оқушылар көш бастаған.
Сол сияқты Балалар-жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен Рахымжан Қошқарбаев және Сағадат Нұрмағанбетовтың 100 жылдығына орай №40 мектеп лицейінде өткен “Ұранды елдің ұрпағы қайсар” атты аудандық сапта жүріп ән айту байқауында әл-Фараби атындағы орта мектебінің оқушылары жүлделі ІІ орынға ие болды.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл мектепте “Жас сарбаз” әскери-патриоттық қозғалысы жұмыс істейді. Олар өз бағыттары бойынша тәлім алып, іс-шараларға қатысып жүр. Жеңіс күні қарсаңында оқушылар ұстаздарымен бірге Тараз қаласындағы Даңқ залына экскурсия жасаған көрінеді.
Жаңа ғимараттта оқу жылын жалғастырып отырған мектеп оқуға қажетті заманауи құралдармен жабдықталған. Оның ішінде ұстаздар қолымен жасалған бұрыштар мен көрнекілік құралдары қараған көздің жауын алатындай.
Ұлттық құндылықты ұлықтай білген Жанат Ұзақбайұлы бізге сыныптарды таныстырып өтті. Көзімізге бірден түскен дүниені баяндамай өтпеске болмайды. Бір сыныпта түрлі ұлттың балалары қазақи нақышта бірдей киіммен бізді қарсы алды. Тіпті Зарина Джафарова сынды бастауып сынып мұғалімі оюлы бешпентпен ілтипат көрсетті.
Білімнің шырағын жаққан шәкірттердің де қол жеткізген белестері аз еместігін байқады. Мысалы, республикалық ‘Алтын сақа” байқауынан 7 сынып оқушысы Курбан Каримов 3 орынға ие болған. Сол секілді 11 сынып оқушысы Жания Әнапия облыстық “Ауыл олимпиадасынан” 2 орын бәйгесін қанжығасына байлаған. Сондай-ақ мектеп басшылығы аудандық “Зерде” ғылыми жобалар байқауынан 2 оқушы дараланып, 5-6 сынып оқушыларына арналған пәндік олимпиадаға қатысып, жүлдегер атанған.
Директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Шолпан Ахметқызының айтуынша 2024-2025 оқу жылында 8 үйірме жұмыс істейді. Б.Тастанбекова, Г.Бақбергенова, У.Райымбаева, Д.Абдрахманова , Д.Исмайлова, Б.Тастанбеков, Г.Бахтыбекова және З.Джафаровалар “Дебат”, “Ертегілер елінде”, “Я и Мир”, “Жас флорист”, “Робототехника”, “Волейбол”, 3D модельдеу, “Стерк” сынды үйірмелерге жетекшілік етіп жүр.
Мектеп директорының меңзеуінше балаларға қатысты мектептегі мәселелерді шешу мен алдын алуда педагог-психологтардың рөлі маңызды. Ал олардың басты міндеті – білім алушыға барынша қолдау көрсету, жан дүниесіндегі алаңдаушылықтарды шешуге атсалысу.
Әл -Фараби атындағы орта мектебінде екі педагог-психолог Р.С.Алимбекова және Ұ.С.Раимбаева жұмыс істейді. Әріптестеріміз ұстаздарға, ата-аналарға, оқушыларға қолайлы психологиялық жағдай жасау үшін қызмет көрсетуде. Сонымен қатар балаларға ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық кезіндегі мәселелерін, буллинг және кибербуллингтің, ерте жүктіліктің, бопсалаудың алдын алу, отбасында, тұлғааралық қарым-қатынастарда, оқу процесіне қатысты проблемаларды шешуге көмектеседі.
-Қазіргі таңда мектепте “Бестерек” жобасы жүзеге асырылып жатыр. Психологиялық қызметтің бастапқы мақсаты – әр баланың психологиялық денсаулығын сақтауына қолдау көрсету мен әлеуметтену кезеңдерінен ауыртпалықсыз өтуге және оқушының әлеуетін ашуға көмектеседі,-дейді Ж.Ұзақбайұлы.
Балаларға білім мен тәрбиені қатар беріп отырған білім ошағында танымды кеңейтіп, тәрбиені нығайтатын түрлі бағыттағы шаралар дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Аталмыш шараларға оқушылармен қатар ата-аналар да қатыстырылады. Бұл орайда жуырда ашылған ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының ұстаздар жұмысын жеңілдете түсетінін айта кеткен жөн.
Бұдан өзге білім ошағында бас бармақпен бағаларлық дүниелер жетерлік. Жаңа асхана, жайлы кітапхана, музыкалық аспаптармен қамтылған кабинет, ноутбук пен интербелсенді тақталар шәкірттер игілігіне жарап отыр.
Ұстазы мен шәкірті ұғынысып, ұлы мұраттарға қол созған әл-Фараби атындағы орта мектебінің алар биігі алда деп білеміз. Оған асқан ауызбіршілік пен тату тіршілік ауадай қажет. Ал бұл қасиетті аталмыш білім ошағының бүгінінен анық аңғаруға болады.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.