“Ең үздік ауылдық ұжым-2024”
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, кейбіріміздің қандай да бір өнерге бейім болатынымыз белгілі. Бойдағы бұғып жатқан сол қайнардың көзін ашып, бәзбіреулер биікке өрлесе, енді бірі сыр сандыққа сақтап қояды. Алайда, тордағы құс секілді сол жарықтық ыңылдап ән боп, кейде би боп жүректі мазалап жатады.
Ел іші – өнер кеніші екені анық. Оларды анықтау үшін байқаулар өткізіп тұрған әбестік емес. Сондай шаралардың қатарынан “Ең үздік ауылдық ұжым – 2024” атты аудандық байқауы да бой көрсетіп отыр. Аталмыш дода елді мекендердегі мекемелердің ұжымдары арасындағы дарындыларды анықтау мақсатында ұйымдастырылып, аудандық мәдениет үйінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Шу аудандық мәдениет үйінде өткен өнер бәйгесіне барлығы 12 мекеме өтініш білдірген. Қатысушылар ең алдымен өздерін түрлі тәсілмен таныстырып, екінші кезеңде өз қалауларына қарай ән орындады. “Күлкі – өмір базары” атты кезеңде 5 адамнан тұратын әрбір топ көрерменге әзіл-сықақ қойылымын ұсынып, күлкі сыйлады.
«Қазақстан Республикасының Мәдениет туралы» Заңын іске асырып, есімі елге танымал композиторлардың шығармаларын насихаттауға бағытталған байқаудың тағы бір мақсаты – әуесқой өнерпаздарды өнерге, сахна мәдениетіне баулу. Онымен қоса жаңа өнер иелерінің есімін жұртшылыққа паш ету екенін айтады ұйымдастырушылар.
Байқауға тыңғылықты дайындықпен келген ұжымдар өздеріне берілген уақыт еншісінде қазылар алқасының көңілінен шығып, жоғары ұпайларды жинауға тырысып, бақты. Десе де, сайыс қорытындысымен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қ.Файзуллина, мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі М.Мақсұт, әнші Ә.Мұратбек және журналист Ф.Әубәкірова сынды қазылар алқасының мүшелері байқау жеңімпаздарын анықтады.
Тартысты өткен жарыста Абай ауылдық мәдениет үйі бас жүлдені еншілесе, Қонаев ауылдық мәдениет үйі бірінші орынды иемденді. Көктөбе мен Шоқпар ауылдық мәдени ошақтары күміс жүлдеге қол жеткізсе, Шу қалалық мәдениет үйі мен К.Әзірбаев атындағы орта мектебі үздік үштікті түйіндеді.
-Бұл шара әріптестердің ауызбіршілігін арттырып, ынтымағын нығайтуға таптырмас мүмкіндік. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін жұмыста мәдени ошақ меңгерушілерінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсететін, шығармашылығын шыңдайтын тағылымды дүние болды. Ұйымдастырушы Е.Уәтәйға және белсене атсалысқан әріптестеріме алғысымды білдіремін,-деді Шу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Жазықбаева байқау туралы пікірімен бөлісіп.
Мая Әбілқасымова,
Шу ақпараттық медиа орталығының маманы.