Ұрпақтар сабақтастығы – ұлт келешегі
Жастарды жаңа тігілген дараққа баласақ, оған дұрыс күтім керегі сөзсіз. Судың мөлдірін, күннің шуағын алғанда ғана олар алып бәйтерекке айналары ақиқат. Сол секілді ағалардың ақылынсыз, үлкендердің ұлағатынсыз ұрпақтың болашағы бұлыңғыр болмақ. Сондықтан аға буын мен кейінгі толқын арасына алтын көпір орнату – бүгін таңдағы басты мәселе.
Жемісті еңбек етіп, бейнеттің зейнетін көріп отырған ардагерлердің жастармен жүздесуі ұрпақтар сабақтастығын жалғайды. Еңбегімен елге сыйлы болған әрбір ардагерді біз өскелең ұрпаққа үлгі еткеніміз абзал.
Осы мәселені ескере келе жуырда Кенен Әзірбаев атындағы орта мектебінің мәжіліс залында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен іс-шара өтті.
Атап айтқанда, Ақсу ауылдық округінде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру шеңберінде белгіленген «Жастарға кеңес беру» бағыты аясында «Ұрпақтар сабақтастығы – ұлт ұйытқысы» атты аға буын өкілінің жастармен кездесуі өткізілді.
Ұрпақтар сабақтастығын ұлағат етуге бағытталған шарада Оразалы батыр ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, ардагер ұстаз Ертай Нұрғалиев, аталмыш мектеп директоры Қайратбек Тасибеков және оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлия Көшімбаева қатысты.
Кездесу барысында өмірлік тәжірибесі мол меймандар өздерінің ғұмырларынан ғибрат тарқатып, жастарға жөн сілтеді. Әрі туындаған сауалдарына жауап беріп, ата-бабалар нақылынан насихат жасады.
Бүгінгі таңдағы маңызға ие мұндай шаралар бұрындары да өткізілгендей, болашақта да ұйымдастырылып тұрмақ. Жұмыстың жоспарына ілінген әрбір жұмыстың дербес мұраты болады. Сол себепті ел игілігіне бағытталған жұмысты жандандыра түсетін боламыз.
Елдос Әбішев,
Ақсу ауылдық округі бойынша жастар ісі жөніндегі маманы.