Ақпараттық портал

Сауат ашу сыныбының жұмысы жүйелі

Қай мемлекеттің даму тарихын алып қарасаңыз да, дінсіз елдің жоқтығына көз жеткіземіз. Яғни, дін – қоғамның ажырамас бөлігі, халықтың өмірлік ұстанымы болып қала береді. Алайда, соңғы жылдары елімізде ата дініміздің атын жамылып, ел ішіне іріткі салып, түрлі кереғар оқиғалардың туындауына себепші болып жүргендерді ара-тұра бұқаралық ақпарат құралдарынан, ғаламтордағы әлеуметтік желілерден естіп, көріп жатырмыз.
Бұл жалпы мемлекетке опат әкелуі бек мүмкін. Өйткені, дін саласы өте нәзік болғандықтан, жат діни ағымдағы арам ойлы адамдар осы арқылы өз мақсаттарын еркін жүзеге асыра бастады. Сол себептен, бұған тосқауыл қоюды дер кезінде қолға алған жоғарғы билік өкілдері қауіптің алдын алу мақсатында түрлі мемлекеттік шараларды қолданысқа енгізіп, діни мәселелерге ден қойды. Атап айтқанда, тәуелсіздік жылдарында саны арта бастаған мешіт жұмыстарына назар бұрды. Осыдан отыз жыл бұрын кейбір елді мекендерде мүлдем болмаған мешіттер бой көтерсе, әсіресе соңғы жылдарда сол мешіттерде білімді, білікті имамдардың қызмет етуіне ықпал жасады. Жалпы, әр өңірдегі мешіттерді бас имам, найб имам, ұстаз, азаншы сынды діни қызметкерлермен және басқа кіші қызметкерлер сынды жұмыс күшімен толықтырды, ал жергілікті әкімдікте дін мәселелерімен айналысатын арнайы мамандар қызмет етті.
Осылайша, дін саласының жұмысына жан бітіп, жаңа бағытқа бетбұрыс жасады. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпақты асыл дініміз туралы біліммен сусындатып, олардың келешегінің кемел болуына жол ашу, жалпы, тұрғындар арасында діни сауаттылықты арттыру еді. Ауданымыздағы Шу қалалық “Жәми” мешіті де осы ортақ мақсат аясында жергілікті халықпен қоян-қолтық жұмыс жасап келеді. Өткен жылдың қыркүйек айынан қызметіне кіріскен мешіттің бас имамы Кенжемолда Алмас Рысханұлы қалалық мешіттегі өзінің алғашқы жұмысын дәрісхана ашу ісінен бастағанын айтады. Яғни, жамағаттың, кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен арнайы сыныптар үшін кішігірім алғашқы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, мұнан соң материалдық жабдықтау жүзеге асырылады. Бұл жұмыс бірнеше уақытқа созылып, бастапқы шаруа оңынан орындалған соң, ағымдағы жылдың көктем айынан алғашқы дәріс беру басталып кетті. Уақыт ағымында сыныптар материалдық жабдықтармен жабдықталғаннан кейін, сауат ашу сыныптарының ресми ашылуы өтті. Бүгінгі таңда мұнда 3 дәрісхана яғни, 3 сауат ашу сыныбы өз жұмысын жолға қойған. Дәрісханалармен танысу барысында әр сыныптың қажетті жиһаздармен, діни тәрбие негізіндегі қажетті кітаптармен, өзге де көрнекіліктермен көмкерілгеніне көз жеткіздік. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына есеп беріледі.
Бастапқыда дәріс алушылар аз болғанымен, біртіндеп келушілер қатары артып, қазіргі уақытта айтарлықтай деңгейге жетіп отыр. Әйел адамдардың жас ерекшеліктеріне қарай айтар болсақ, олардың арасында үлкен кісілер басым. Ал ерлер арасында жастар көптеп келетін көрінеді. Алайда, бас имам оқушыларға бірінші кезекте сабақтан қалмауды ескертіп, мешітке кешкі мезгілде немесе сенбі, жексенбі күндері сынды сабақтан бос уақытта келуге кеңес беретінін айтады. Яғни, мешіттегі дәріс балалардың сабағына кедергі келтірмеуі қажет деген ұстанымда. Сауат ашу сыныбына келуші оқушылар өз еріктерімен, ата-аналарының рұқсат қағазымен, арнайы қолхатымен келеді және әріп танып, оқуды жетік меңгерген 8-15 жас аралығындағы балалар қабылданады. Сондай-ақ, орыс тобына да дәріс жүргізіледі. Бұл топта ұйғыр, дүнген, татар, түрік сынды өзге ұлт өкілдері басым.
Сауат ашу сыныбына жалпы үш ұстаз дәріс өткізеді және бұл үшін келушілерден ешқандай төлем алынбайды. Ал, ұстаздар қатары арнайы оқу орнын бітірген, діни білімі бар, жас мамандар. Бас имамның айтуынша, облыс көлеміндегі әйел адамдар ішіндегі жоғары білімді қари Сәуле Бекмембетова біздің ауданымызда яғни, осы қалалық мешітте ғана қызмет етеді. Ол Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінен білім алып, кейін Түркістан облысы, Кентау қаласындағы Балаби құран жаттау орталығын тәмамдаған.
Жалпы, оқу бағдарламасы ҚМДБ-ның оқу жоспарына сай жүргізіліп, дәріс алушыларға осы басқарманың кітаптары ұсынылады және олар бұл жерден құран әліпбиін үйреніп, әдеп сабақтары бойынша білімін жетілдіреді. Дәріс түске дейін жүргізіледі және арасында оқушыларды бассейнге, кинотеатрға, ойын алаңына апару секілді сергіту амалдарын ұйымдастыру жолға қойылған. Сонымен қатар, дін мен дәстүрдің сабақтастығына негізделген түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық ойындар насихатталады.
-Бүгінгі таңда біз бірнеше оқулықтарға тапсырыс беріп қойдық. Ол жуырда жеткізіледі. Оның ішінде дәріс алушыларға арнайы оқулық ретінде берілетін кітаптар да бар. Тағы бір айта кететін жайт, келешекте дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып, қазақтың ауыз әдебиетіндегі би-шешендер сынды көрнекті тұлғалардың іліміне негізделген онлайн сабақ өткізу жоспарда бар,- дейді Алмас Рысханұлы.
Осындай өнегелі істерімен ұрпақ тәрбиесіне оңды үлес қосып отырған қалалық мешіттің алдағы тың жоспарларына сәттілік серік болсын дейміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.