Ақпараттық портал

ҚР су ресурстары және ирригация министрі ауданымызда

Жуырда ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов облысымызға жұмыс сапарымен келген болатын. Бейсенбі күні Нұржан Молдиярұлы біздің ауданымызға ат басын тіреп, өңірдегі бірқатар нысандардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Имашева Гүлмира Сағынбайқызы, Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Серіков Нұрбек Нұржанұлы, Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаментінің директоры Қорғанбаев Құдайберген Нұрсерікұлы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қ.Қ.Мәдібек, облыс әкімдігі, құрылыс басқармасының басшысы Е.Қ.Орумбаев, Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Т.Қ.Ибраев, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы директорының міндетін атқарушы Қ.Т.Аманов, «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС бас директоры Б.Жақсылықов, жергілікті билік өкілдері министрмен бірге болды.

Министрлік өкілінің ауданымызға сапары Ақсу ауылдық округі аумағындағы Шу өзенінің көпірімен танысудан басталды. Мұнда Нұржан Молдиярұлын аудан әкімі Б.Жәнібеков көпір бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды.
Келесі кезекте «Тасөткел» су қоймасының жұмысымен танысты. Бұл тұста аудан басшысы Б.Жәнібеков су қоймасының бүгінгі жай-күйін мәлімдеп, оның қысқа дайындығы барысынан ақпарат берді. Ал, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев су қоймасының аудан халқы үшін атқаратын рөлі мен қыстың қыңыр мінезіне қауқарлы болуының маңыздылығын атап өтті.
Министрдің сапары түстен кейін ауданымыздағы «ИДЖЖ-2» жобасы аясында жүргізіліп жатқан Шу ауданының оң жағалау магистральдық каналының құрылыс жұмыстарымен танысумен жалғасты. Нақты айтқанда, Дулат ауылдық округі, Бөлтірік ауылы аумағында салынып жатқан көпірдің құрылыс жұмысымен ҚР су ресурстары және ирригация министрлігінің «ИДЖЖ-2» жобасының жетекшісі С.С.Нұрымбетов және мердігер «Туннель Садд Ариана» ЖАҚ филиалының директоры Х.Тахмасеби жан-жақты мәлімдеме жасап, толық мағлұматтан хабардар етті. Министрмен кездесу үшін аталмыш құрылыс нысаны басына жиналған ауыл тұрғындары да өз көкейлеріндегі талап-тілектерін жеткізді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, салынып жатқан көпірдің егін шаруашылығымен айналысып отырған жергілікті халық үшін маңызы зор. Өйткені, суармалы жердегі егістік алқабына су осы көпірмен байланысқан екі канал арқылы келеді. Ал, құрылыс жұмысы кезінде бұл тұстағы каналдардан егістік алқабына су ағытатын шлюздер жасалмаған. Халықтың көкейіндегі мұңы да осы. Яғни, бүгінгі таңда өзге мердігермен жалғасып жатқан жұмыс сапалы жүргізілсе дейді.
Жалпы, 2019 жылы түрік ағайындардың басшылығындағы мердігер ұйыммен басталған бұл көпірдің құрылысы келісімшарт бойынша 2022 жылы аяқталуы тиіс болатын. Белгілі себептерге байланысты жұмыс тиісті мерзімде толық аяқталмаған. Ал, атқарылған жұмыстың өзі жергілікті халықтың көңілін көншітпейді. Яғни, сапалық тұрғыдан төмен деңгейде. Алайда, бұл мәселе бұған дейін де билік өкілдері алдында көтеріліп, нәтижесінде 2020 жылдың аяғында жұмыс жаңа мердігермен қайта жалғасқан. Нақты айтқанда, бүгінгі таңда бұл жұмыспен жоғарыда аталған ирандық компания өкілдері айналысуда. Бұл мердігер ұйымның жауапты өкілдерінің айтуынша, бар мәселе қаражатқа тіреліп тұр. Бүгінгі жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен келешектегі жоспарды мәлімдеген мердігер ұйымның өкілі тиісті қаражат бөлінсе, алдағы жұмыстарды межеленген мерзімде аяқтауға күш салатынын жеткізді.
Осы жағдайларды көзбен көріп, мұқият тыңдаған Нұржан Молдиярұлы «ИДЖЖ-2» жобасымен қолға алған жұмыстардың сексен пайызы орындалғанымен, кемшіліктер де кезігіп отырғандығын, ендігі мәселе сол олқылықтардың орнын толтыру екендігін айтты.
-Іссапардың мақсаты – жергілікті тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, атқарылған жұмыстар мен келешектегі жоспар туралы құрылыс жұмысына қатысты жауапты тұлғалардың пікірін, ұсыныстарын білу еді. Тараптарды тыңдадық, көпшіліктің ұысыныстарын назарға алатын боламыз. Құрылыс жұмысына жауапты азаматтар тиісті тапсырмаларды алды. Бұл жұмысқа қатысты қаражат мәселесі де өз шешімін тапты. Келесі жылдың соңына дейін жоспар толығымен жүзеге асырылып, жұмыс аяқталады деген сенім бар,-деді Н.Нұржігітов.
Жалпы, кездесу барысында Н.Нұржігітов көтерілген мәселелерді назарға ала отырып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.