Он жылдық белестің оң істері көп
Біздің халқымыз ежелден адамның атына, жер-судың атауына үлкен мән берген. Бүгін сөзді әріден бастағым келіп тұр. Кезінде ұрпағын өмірінің жалғасына балаған ата-бабамыз кішкентай бала ауырса, киіз үйдің ортасына отырғызып, егде тартқан кісі баланы айналып, есіктің аузына келгенде “айналайын” деп айқайлайды екен. Бір қызығы, осы ырымнан кейін бала құлан таза айығып, керісінше оның ауруы қарт кісіге өтеді екен. Текті халқымыз содан бері “айналайын” деген құдіретті сөзді ұрпағына айтып, емірене-елжірейді екен. Біздің де “Айналайын” атымен аталатын балабақшаның ұжымы ата мен әженің мейірімін алмастыра алмаса да, ортаны жылулық пен жайлылықтың орнына айналдыра біліп, кішкентай балапандарға бар махаббатын төгуге тырысады.
Балабақша ашылған күннен бері жақсылық пен жаңалықтың жаршысына айналып, жетістіктерге жетіп, өсіп-өркендеу жолымен келеді. Болашақ ұрпақтың тәрбиесіне баса назар аудару бір сәт болса да күн тәртібінен түскен емес. Бала негізгі тәрбиені тал бесіктен, отбасынан алады деп жатамыз. Әйтсе де, бүгінгідей “сананы тұрмыс билеген заманда” кей отбасылар баласының белі бесіктен шықпай жатып-ақ мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиесіне беріп жатады. Осындайда бала тәрбиелеу ісінде білікті маманның қолына балаңызды сеніп тапсырсаңыз, еш қамсыз тіршілігіңізді жалғастыра бересіз. Осы тұрғыда “Айналайын” балабақшасы сол үдеден шығуға атсалысып жүргенін атап өтпеске болмайды.
2014 жылы кішкентай бөбектерге есігін айқара ашқан “Айналайын” балабақшасында 280 бала, 12 топ бар. Әр топтың жас ерекшелігіне қарай тәрбиешілеріміз баланы дамытуға бағытталған түрлі іс-шараларды өткізеді. Оның үстіне тілі кеш шығып жатқан, кейбір әріптерге тілі келмейтін балалармен де түрлі әдіс-тәсілдер арқылы жұмыс жүргізіп отырмыз әрі балаларды ерте жастан еңбекке баулуға, қоғамға бейімдеуге, бойындағы талантын ашуға барымызды салып, тәрбиелік мазмұндағы іс-шараларды жиі өткіземіз. Қазіргі таңда балабақшада бала саны толық. Солай бола тұра, көптеген ата-аналар балаларын біздің балабақшамызға бергісі келіп тұрады. “Бос орын жоқ” десек, көңілдері түсіп қалады. Қазіргі таңда “Айналайын” балабақшасын Таналиева Жұмакүл Ратжанқызы басқарып отыр. Осы салада көп жылғы іс-тәжірибесі бар басшымыз жол көрсетіп, жөн сілтеуден танған емес. “Көреген басшы елді өсіреді, күшті майдан ерді өсіреді” деген сөздің дәлелі бола білген басшымыздың арқасында біз де дами бермекпіз.
Тағы бір ауыз толтыра айтар жетістігіміз, біздің балабақшада тындырымды тірлігімен, табандылығымен, талаптануымен көзге көрініп, көптің алғысына бөленіп жүретін, балабақшаның тәрбиешілік қызметін де, әдіскерлігін де тиянақты атқарған Сабырхан Перизат Болатқызы тамыз айынан бастап Шу ауданы білім бөлімінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту әдістемелік кабинетінің әдіскері болып қызмет атқаруда. Қазіргі таңда балабақшадағы әдіскерлеріміз Нурбекова Айнелла Самидинқызы және Ережепова Гүлнар Зкрияқызы да үйретері көп, өз істерінің майталмандары десек, асыра айтқандық емес. Абай айтқандай, ақырын жүріп, анық басып, балабақшаның кез келген ісін дөңгелетіп, тонның ішкі бауындай, көздің ағы мен қарасындай бірін-бірі толықтырып, бірлікті ту ете жүріп, “Айналайынды” алға бастап келеді. Тәрбиешілеріміз де жан-жақты, кезі келсе балалармен қосылып әнді де айтады, биді де билейді. Керек кезде он қолынан өнер тамған ісмер де бола біледі. Қандай да бір іс-шара өтсе, өз қолдарынан шыққан қолөнер туындыларымен балабақша ішін безендіріп, көрсе көз тоятындай қыла да алады.
“Бітер істің басына, жақсы келер қасына” демекші, Перизат Болатқызы жуырда ғана балабақшамызда аудандағы балабақшалардың тәрбиеленушілерінің әжелерінің басын қосып, тәрбиелік мазмұны зор іс-шара өткізді. Біз былтырғы жылдан бастап “Даналық мектебі” жобасы аясында аталар, әжелер, әкелер, аналар мектебін құрып, бала тәрбиесін жолға қойып келеміз. Текті еліміз баланың тәрбиесін құрсаққа біткен күннен бастап, тәй-тәй басқаннан өнегелі-үлгілі істерімен жалғағанын ескерсек, осы жолға балабақшаның қосар үлесі зор. Айтпағым, Перизат Болатқызы Жамбыл облысының әкімі С.Сәлемовтің тапсырмасына сәйкес, “Әжелер ертегілеріне саяхат” атты танымдық сағаттарын ұйымдастыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ұлттық нақышта киініп келген әжелеріміз құр қол келмей, бай халық ауыз әдебиетіндегі әртүрлі тақырыптағы ертегілерді жинақтап келген. Дастархан басына жайғасқан әжелеріміз ел ертеңі үшін тәрбиені жолға қою керектігін, ертегі-жырлармен баланы балабақшадан сусындату қажеттігін айтты. Алдағы уақытта балабақшаның тыныс-тіршілігіне ақ кимешекті әжелеріміз де араласып, ертегі арқылы ел келешегін кемел етер ұрпақ тәрбиелейтін болады. Баланы дамыту үшін балабақшада, бастауыш сыныптарда түрлі іс-шаралар өткізу аса маңызды. Ал, сол мерекелік ертеңгіліктерді, іс-шаралардың жоспарын жүйелеп, соның нәтижесіне жетер болсақ, болашаққа алаң болмасымыз анық. Он жылдық белесті бағындырып, оң істерге бет түзеген балабақшамыздың болашағы жарқын болып, бізден түлеп ұшқан қарлығаштар қияға қанат қаға берсін! “Айналайынның” айналасына жақсы жандар топтасып, төңірегі тап-тұйнақтай тазалығымен, тартымдылығымен көзге түсіп, елдің алғысына бөлене берсін!
Маржан Құрманбекова,
“Айналайын” бөбекжай- бақшасының тәрбиешісі.