Ақпараттық портал

Жаңа мейрамхана өз жұмысын жолға қойды

Соңғы жылдары елімізде жеке кәсіпке бет бұрған азаматтар саны күн санап артып келеді. Оны шағын ғана өзіміздің ауданымыздан да анық аңғаруға болады. Тұрғындардың көпшілігі мал шаруашылығына ден қойса, енді бірі сауда орындары, дәмхана мен мейрамхана қатарын көбейтуде. Бұл бір жағынан қуантарлық жайт. Өйткені, жаңадан ашылған қандай да бір халыққа қызмет көрсету орнына бірқатар жұмысшы қажет болғандықтан, бұл жұмыссыз жандардың жұмыспен қамтылуына ықпал етеді. Ал, үкіметке алақан жайып немесе жұмыссыздар қатарын көбейтіп, қол қусырып қарап отыру бүгінгі нарық заманына сай дүние емес. Бұл масылдықтың аясын кеңейтетіні айтпаса да түсінікті. Сол себептен, өз ісін ашып, тың табыспен тұрмысын түзеуді көздеген адамға мемлекет те жеңілдіктермен несие ұсынып, барынша қолдау көрсетуге тырысуда. Мұны оңтайлы пайдаланып жүрген азаматтар біздің арамызда да бар.
Солардың бірі – Сексенбаев Болат Тілепбергенұлы.

Ол осы жылдың маусым айында Шу қаласындағы «AsI-Rim Hall» мейрамханасын ашып, сол сәттен-ақ жергілікті халыққа қызмет көрсетуді бастап кетті. Мұнан кейін де тапсырыс әрі қарай табысты жалғасын тауып, мейрамхана әр апта сайын дүбірлі думанның ордасына айналды. Кәсіп иесі бұған дейін де жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Нақты айтқанда, 20 жылға жуық «Сексенбаев» жеке кәсіпкерлігі арқылы иеліктегі түрлі техникалармен Мойынқұм, Шу аудандарының жергілікті әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, жол жөндеу, арық қазу, кәріз жүйесін тазалау сынды жұмыстарды жүзеге асырып келген. Сонымен қатар, өңірдегі мұқтаж жандарға, Алматы қаласындағы қарттар үйіне, жергілікті билік өкілдері тарапынан түскен өтініштер аясында әсіресе, пандемия кезінде халыққа демеушілік көмектер көрсетуден бас тартпай, қолдан келгенше қолдау жасаған. Ал көпшілік қауымға арналған үлкен мейрамхана оның кәсіпкерлік ісінің жаңа бағыты болып табылады. Мейрамхананың атауы Асипа және Римма деген есімдердің аясында ойластырылып, осы есімдердің бастапқы әріптерінің қосындысынан алынған. Болат Тілепбергенұлының айтуынша, бұл азамат жастайынан әжесінің қолында өсіп-өнгендіктен, мейрамхана атауын жоғарыда аталған Асипа есімді әжесі мен Римма анасының құрметіне негіздеп қойған екен. Бір үлкен және бір кіші залы бар мейрамханада қазіргі уақытта 50-ге жуық адам еңбек етеді. Бірінші қабаттағы үлкен залына 600-ге жуық адам қабылдауға болады. Алайда, үлкен той жиындарды өткізуге арналған мейрамхана тек тапсырыс арқылы ғана жұмыс жасайды. Яғни, бұл жерде кез келген уақытта жекелеген адамдардың тамақтануы немесе кез келген уақытта шағын адамдармен отырыс жасау қарастырылмаған. Көбіне тек алдын ала берілген тапсырыс арқылы үлкен тойлар өткізіледі.
-Мейрамхана өз жұмысын бастамай жатып, жуырда ашыламыз деген сәттен-ақ тапсырыстар келе бастады. Әуелі көпшілікке құдайы тамақ беріп, үлкендердің батасын алуды жөн санадық. Осы мақсатпен 13-маусымда құдайы тамақ берілді. Ал, 14-маусым күні той басталып кетті. Яғни, алғашқы 450 адамға арналған үйлену тойын өткіздік.
Жалпы, мейрамхана ғимараты жалға алынған немесе бұрын басқа мақсатқа соғылған ғимарат емес. Өзіміз іргетасынан бастадық және жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Құрылыстың аяқталуы ұзаққа созылды десек болады. Нақты айтқанда, нысан құрылысы бірде тұралап, бірде қайта жалғасып, он үш жылға жуық уақытты қамтыды. Қазіргі ахуал жаман емес. Тапсырыс та ойдағыдай түсіп жатады. Сонымен қатар, біздегі аспаз, оның көмекшілері секілді ас бөлменің қызметкерлері бұған дейін осы салада бірнеше уақыт еңбек еткен, тәжірибелі адамдар. Қандай да бір жақсылықты атап өткен той иелері тағамдардың дәмділігін, жалпы қызмет сапасын жоғары бағалап, соңында алғыстарын айтып кетіп жатады дейді,-Болат Тілепбергенұлы.
Аталмыш мейрамхананың бір ерекшелігі – бұл нысанға той иелерінің көлікпен кіру мүмкіндігі бар. Ол үшін қожайын арнайы «Nissan» маркалы көлік сатып алған. Мысалы, үйлену тойында жас отау иелері, туған күндерге арналған кештерде мерейжас иелері арнайы сценариймен ортаға осы көлікпен шығуға болады. Көлік кіретін есік бөлек орналасқан және ол үшін той иесінен төлем алынбайды. Бұл ауданымыздағы осындай артықшылыққа ие жалғыз мейрамхана. Көпшілікке тартымды болып тұрған тұсы да осы.
Мейрамхана жаңа әрі ішіне арнайы көлік кіру мүмкіндігі қарастырылғандықтан шығар, тапсырыс көбіне үйлену тойлары бойынша түсетін көрінеді. Бұл қазіргі жастардың талғамы жоғары екендігін аңғартатынын айтады мейрамхана иесі.
Келешекте екі қабатты нысанның екінші қабатын іске қосу жоспарда тұр. Ол жақта 250-300 адамға шақталған кіші зал, қонақ үйі және балалар ойын алаңын салу көзделген. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары тоқтап тұрғанымен, алдағы жылдың екінші жарты жылдығында халық игілігіне қызмет ету жолға қойылады деп күтілуде.
-Соңғы кезде қандай тойға барсаңыз да, кішкентай бала көп. Екінші қабаттан балалар ойын алаңын ашудағы басты мақсат сол бүлдіршіндердің той біткенше үлкендер арасына килікпей, бөлек ойнауына жағдай жасау. Бір айта кететін жайт, жергілікті халық біздің қызметтің қырларын түсінбей жатыр. Өзіңіз көргендей, біздің ас дайындайтын бөлмеміз кең. Барлық қажетті дүниелермен толықтай қамтылған. Қандай да бір той-жиындарда етті өзіміз шығарып, жал-жаясына дейін өзіміз дайындаймыз. Ал, балықты Атырау өңірінен яғни, теңіз балығынан тапсырыспен алғызамыз. Бізде торт, фуршет, үйлену тойындағы жас жұбайлардың және музыкант, асабалардың, әртістердің дәмге толы үстелдері, суретке түсу аймағы (фотозона), той иелерінің салтанатты түрде көлікпен шығуына арналған көлік, балалар ойын алаңы тегін. Осындай қызметтерге байланысты бізде баға өзге мейрамханаларға қарағанда кішкене жоғары болып тұрғандығын кейде халық түсінбейді. Музыкалық аппаратымыз да осында тұр. Алайда, музыкант, асаба секілді өзге қызмет көрсетушілермен той иелері өздері келіседі,-дейді Б. Сексенбаев.
Ал, жуырда ғана аталмыш мейрамханада той өткізген Дәурен есімді азамат:
-Біздің шуақты Шу өңіріміз күн санап әр қырынан көркейіп келеді. Әсіресе, мейрамханаға бай өңір деуге болады. Соның бірі жуырда біз той өткізген «ASI-RIM НАLL» мейрамханаcы туралы айтсам 23-қараша күні анамыз Кенішкүлдің 70 жасы мен ұлымыз Мансұрдың сүндет тойын атап өттік. Мейрамхана иесі Болат мырзаның тойшыл қауымға ұйымдастырған қызмет түрлерінің ерекшелігі өзімізге ұнады. Анамыз бен ұлымыздың мейрамханаға салтанатты түрде көлікпен кіру сәті, ас мәзірі, оның дәмділігі, молдығы көңілден шықты. Дастархан мәзірі бойынша келген қонақтар да ризашылығын білдіруде. Даяшылар мен аспаздарға да үлкен рахметімізді айтамыз. Осының барлығы кәсіп иесінің ерен еңбегінің жарқын көрінісі. Ауданымызда той көп болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын»,-деп пікірін білдірді.
Алдағы уақытта кәсіп иесінің алға қойған мақсаттары лайықты орындалып, жерлестерін өзге де тың табыстарымен қуантады деген сенімдеміз және Болат Тілепбергенұлының жаңа кәсібінің нәсіпті болуына тілекшіміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.