Ақпараттық портал

Анасы жақсы қандайды

Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген жақсы сөз бар. «Коммунизм» совхозы бұрынғы (Ақтөбе колхозында) атамыз Мүсірәлінің көршісі 1930 жылы туған Шүкірбай аға, зайыбы 1938 жылы туған Жұмакүл жайлы естелік айтып берейін. Көрші аға мен жеңгеміз 1960 жылдары отбасы құрғалы бері атамыздың көршісі Шүкірбай аға тракторшы да, ұста да болып жұмыс істеген ағаның жұмысын бағалап, көптеген алғыс хаттар, әртүрлі сыйлықтар мен оның ішінде «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Жеңгеміз Жұмакүл құрылыста сылақшы болып жұмыс істеген, үш ұл, екі қызды тәрбиелеп-өсірген.

Шүкірбай аға мен жеңгеміз Жұмакүл атам Мүсірәлі, анамыз Мәштердің туған баласы мен келіні десе болады. Себебі, көршілер кез келген уақытта болса да ата мен анамыздың барлық шаруасын күн-түн демей, өздерінің үйіндегі жұмысындай тап-таза тындыратын еді. Осындай жақсылық пен қолғабыстың зейнеті-рахаты бір Алла тағаладан қайтсын деп отырушы еді. Ал жеңгеміз Жұмакүл қазақтың салт-дәстүрін айтқанда ұл–қыздарына бәрі естісін, ұқсын, үйренсін, білсін деп отырушы еді.
Бірде үлкен ұлы Құрмашқа өзінің ойындағы ақылын, ойын айтты. “Балам өзіңе өмірлік жар таңдағанда алысқа бармай-ақ қой, осы ауылда масақ жалайыр, сарыүйсін, жиенбет, бестерек сол сияқты отбасылар бар, қыздар да көп дейді. Бабаларымыз айтады «Анасын көріп, қызын ал» деп. Қыздың отбасын, тәлім-тәрбиелерін, қарапайымдылығын, ұстамдылығын байқап, назар салғын. Қыз бала халқымыздың салт-дәстүрін серік етіп ұстайтын болса, балам сен де бақытты боласың. «Ердің бақыты – жақсы әйелден» деген бабаларымыз. Ел сыйлайтын ерді ақылдылық пен адал адам етіп тәрбиелейтін әйел. Сені және отбасымызды сыйлайтын келін бала, құда-құдағи керек. Негізі ырыс та, байлық та, ынтымақ та – қызда, әйелде. Келін қызырлы болса, үйіңнен жақсы адам кетпейді. Мысалы, берекелді үйге кім келмейді, жақсы әйелдің арқасында ердің елге даңқы кетеді. «Би бол, би болмасаң да, би түсетіндей үй бол» деген бұрынғылар. Ал би түскендей үй болу – әйелден. Ол әйелді ел де жақсы көреді, кембағал да жақсы көреді. Ал әйел жақсы болмаса ер оңбайды. Қысқасы, ердің бақытын әкелетін де әйел, кетіретін де әйел. Казір сен жассың, ешнәрсенің байыбын түсінбейсің, келешекте сабырлы бол. Мүмкін болса осы айтқан ақылымды көңіліңе тоқи жүр балапаным”-деді ол.
Баланың үлкені Құрмаш ержетіп, Отан алдындағы борышын өтеуге жасы жетті. 1983 жылы әскерге алынды. Ресейдің Газельск қаласында борышын өтеп жүргенде төрт айдан кейін ауылдан суық хабар келді. «Анаңыз кайтыс болды» деген жеделхат алды. Газельск қаласындағы армия басшылары жауынгер Құрмашқа анасы жайлы көңіл айтып, 10 күнге демалыс берді. Анасын жерлеп, жетісін бергеннен кейін әкесі Шүкірбаймен ақылдасып, анасының айтқан ақылын алып, өзінің сүйген қызы Сержанова Ғалия Құлыбайқызын (1 сыныптан бастап 10 сыныпты бірге бітірген әрі Фрунзе қаласындағы медучилищені тәмамдаған), аппақ сары қызды үйге жетектеп, алып келді. Себебі үйде анасының орны үңірейіп тұрды. Әкесі, бауырлары, қарындастары анасын ойлап, тозып кетпесін деген ниетпен жағдай дұрыс болмаса да табан астында үйленді.
Ал Құрмаштың борышын өтеуге әлі бір жыл 8 айы бар, ол Газельскіге кетті. Анадан өнеге, әкеден өсиет алған Ғалия келін шынында енесінің топырағынан жаралған екен. Халқымыздың салт-дәстүрін қатаң ұстанған. Шүкірбай ағаның отбасын гүл жайнатып әрі медбике қызметін істеп, қайын әке, қайындарын, қайынсіңлілерін досқа күлкі, дұшпанға таба қылмай, ері әскерден келгенше де, кейін де асырады. Қазір сары қыз Ғалия 41 жыл медбике болып қызмет етіп, екі ұл, екі қыз өсіріп, немере сүйіп, зейнетке шығып, балаларға әже болған жайы бар. Отағасы келесі жылы зейнетке шығады. Ғалия әже өмірлік серігін іштей де, сырттай институтта оқытып, түрлі диплом мамандық алып шықты. Сары әженің арқасында әртүрлі қызметтің рахатын көрді. Махаббат қуанышы өмірлік серігі Ғалия болды.
Алматы қаласындағы гидромелиорация құрылыс техникумын 1980 жылы бітіріп, диплом алған. Отандық борышын 1983-1985 жылдары өтеді. 1985-1990 жылдары ауданда УОС мекемесінде инженер-геодизит, 1990-1992 жылдары «Дружба» сохвозында гидротехник қызметтерін атқарды. 1992-2005 жылдары орталық қоймада меңгеруші болды. Қазіргі таңда 2005 жылдан бері Мойынқұм орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы-ұйымдастырушысы болып қызмет атқарады.
Білім алу – батылдық, оны толықтыру – даналық. Оны шебер қолдана білу – өнер демекші, білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты саясатының бірі. ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім, мұғалім қандай болса мектебі сондай болмақшы яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйретіп, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң ең әуелі мектепке керегі білімді ұстаз. Методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім деген екен». Білімді дамыту үшін Шымкент қаласындағы аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің пәнін бітірді. Үйдің тұңғыш баласы болғандықтан әке-бауырларға, қыздарға көмектесіп отырды. Ғалия әже балаларына бабаларымыздың өсиетті сөзін әрдайым айтып отырады.
Бозыңды қасыңнан қалдырма – ақыл мен сабырлықты,
Жеген наның тәтті болсын – әртүрлі арам еңбексіз нәсіптен.
Күнде алғаның қыз болсын – әйеліңді жаттай сыйла.
Әр қалада бір үйің болсын – иманды досың болсын дегені.

Әскербек АРАПБАЙҰЛЫ,
зейнеткер.
Шу қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.