Шәкірт жүрегінен жол таба білген ұстаз
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалімнің тәрбиесі мен өнегесі – оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақта ұстанған бағытынан таймасы анық. Сондай мерейлі жанның бірі – «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» Нәмет Бәзілов.
Сәду Шәкіров атындағы орта мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жаңартылған мазмұны негізінде ұрпақтар сабақтастығы аясында «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» Нәмет Бәзілдің өнегелі өмірі мен көпке үлгі болған істерін насихаттау ісі жолға қойылды. Осыған орай, білім алушылардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру, бойына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дарыту, Отанға, өз халқына, оның тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілікті арттырып, адами қасиеттерін дамыту мақсатында Нәмет Бәзіловтің 100 жылдығына арналған «Өмірі – өнеге, ісі көпке үлгі болған ұстаз!» атты іс-шара өтті.
Жиынды мектеп директоры Қ.Иманқұлова өзінің алғысөзімен ашты. Өнегелі жанның жүріп өткен сара жолына әркімнің ризашылықпен қызыға қарары сөзсіз. Өз кәсібін өмірлік арнасынан адаспай, анық тапқан адамдардың ғұмыр шежіресі – қашанда мағыналы, кейінгіге үлгі-өнеге. Еске алу жиынында 1959-1979 жылдар аралығында мектеп интернатты басқарған кемеңгер жан Нәмет Бәзіловті ақыл-парасаты мол әріптестері мен шәкірттері ерекше құрметпен еске алды.
Ел есінен есіміңіз кетпейді,
Еткен еңбек еленеді, көктейді.
Шу өңірі ұлылардан кенде емес,
Нәмет ата өнегеңіз өшпейді, – деп Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» Нәмет Бәзіловтің 100 жылдығына арналған іс-шараның шымылдығын түрдік. Шыншылдығымен өнеге бере білген, жаны жомарт, пейілі дархан ұстаздарымыздан тәлім алып жатқан шәкірттеріміздің концерттік бағдарламасымен басталған игі шара Кеңес Одағының батыры Сәду Шәкіров, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков мұражайына саяхат жасаумен жалғасын тапты. Дарынды оқушылардың шығармашылығы мен ғылыми жобаларының шеруі, мектеп кітапханасында жас қаламгерлердің Нәмет Бәзіловтің 100 жылдығына арнауы да іс-шараның мән-мазмұнын арттырды.
Кездесуде ұстаздың ұрпақтары, бірге қызмет еткен әріптестері, бүгінгі таңда әр салада еңбек етіп жүрген шәкірттері басқосты. Ауданымыздың танымал ақыны Б.Асқаров «Еңбегіңнің жемісі ғой білгенге» атты арнауын оқыды. Мектеп-интернаттың алғашқы түлектерінің бірі, Алға ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Райсов «Шу өңірі» газетінің 2024 жылғы 20 қарашадағы №93 санындағы «Шу мектеп-интернатының алғашқы қарлығаштары» мақаласын негізге алып, біраз естеліктермен бөлісті. Ардагер ұстаздар Шу ауданы аналар алқасының төрайымы А.Иманова, Д.Бейсембаева, О.Бақтыбекова «Адамгершілігі бар адам-арлы адам» атты мақаласынан үзінділер келтірсе, мектеп-интернаттың 1964-1972 жылдары оқыған шәкірттерінің атынан Б.Далибаева «Ұстазым менің, ұстазым!» атты ой-толғанысын ортаға салды. Тағылымы мол кешті Қуат Мұхтарұлы жалғастырып, кемеңгер ұстаздың ізбасары, ауданға белгілі азамат Асқар Бәзілов көпшілікке, Құндызай Жұмаханқызы басқарып отырған Сәду Шәкіров атындағы орта мектептің ұжымына алғысын білдірді.
Марияна Спанова,
Сәду Шәкіров атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары.