Ақпараттық портал

Жамбыл облысында мүгедектігі бар адамдар тұрақты жұмыспен қамтылды

​Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды.
​Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің баяндамасы тыңдалды.
​Жамбыл облысында 45 571 адамның мүгедектігі бар. ​Биыл осы санаттағы азаматтарды әлеуметтік-психологиялық, медициналық оңалтуға 4,3 млрд теңге бөлініп, жоспар 93,9 пайызға орындалды. Сонымен бірге әлеуметтік қызметтерге 2,6 млрд теңге қаралды. ​18 медициналық-әлеуметтік мекемеде мүгедектігі бар 944 адам мен 415 балаға арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі.
​Биыл 259 нысанды ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімдеу жоспарланып, 189 ғимаратта жұмыстар аяқталды. ​Инватакси қызметін 2300-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат пайдаланады. Ол үшін арнайы жабдықталған 32 арнайы автокөлік қарастырылған.
​Ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы мәліметке сәйкес, мүгедектігі бар 2 150 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде 679 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Бұдан бөлек, 102 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 715 азамат тұрақты жұмыс тапты.​
Аппараттық кеңесте Тараз қаласы мен аудан әкімдері әлеуметтік нысандарды бейімдеу, протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамту бойынша атқарылған жұмыстардың есебін берді.
​Облыс әкімі мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауды, тұрақты жұмыспен қамтуды, сондай-ақ оларға қызмет көрсететін мамандардың біліктілігін арттыруды назардан тыс қалдырмауды талап етті.
​Ербол Қарашөкеев кейбір жекеменшік нысандардағы пандустың стандартқа сай келмейтінін, тіпті қарапайым адамның мініп-түсуі мүмкін емес екенін айта келе, бұл бойынша облыстық әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Аслан Оразбековке қатаң шаралар қабылдауды ескертті.
​Бұдан бөлек, мүгедектікті тағайындау бойынша халықтың арыз-шағымына назар аударды. Жауаптыларға заң аясында медициналық-әлеуметтік сараптаманың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін ұсыныс әзірлеуге 1 ай уақыт берді.
​- Науқастарды әуре-сарсаңға салуды тоқтату қажет, — деген облыс әкімі мүгедектігі бар азаматтардың мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауды міндеттеді.
​Аппараттық кеңесте мүгедектігі бар балаларды оқыту және тәрбиелеу бойынша білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлішер Әзімбай баяндама жасады. ​Облыста ерекше білім беруді қажет ететін 9 468 бала бар, оның 7 120-на білім мен тәрбие берілуде. ​447 жалпы білім беретін мектептің 89 пайызы, 224 мемлекеттік мектепке дейінгі мекеменің 81 пайызы инклюзивті білім беруге лайықталған.
​Ербол Қарашөкеев мүмкіндігі шектеулі балаларды сапалы инклюзивті біліммен қамту жұмыстарын одан әрі жандандыруды, Тараз қаласынан қосымша психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығын ашу бойынша нақты ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.