Ақпараттық портал

Бала қауіпсіздігі – басты назарда

Ағаштың тамыры, үйдің қазығы мықты болса, қандай дауыл кез келсе де қыңқ демей, қасқая қарсы тұратыны ақиқат. Сол секілді бұл дүниеге кірпіш болып қаланар ұрпағымыздың діңгегі мықты болса, өмір жолында қандай кедергілер кезіксе де, жолын тауып кететіні белгілі. Ал, сол кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп, жөн көрсету – алдыңғы буынға парыз.
Бүгінгі күні бала қауіпсіздігін басты назарда ұстап, түрлі деңгейдегі шараларды жүзеге асырудамыз. Соның ішінде балалардың жол-көлік оқиғаларына түспеуінің, жарақаттануының алдын алу, кәмелетке толмағандардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұруына байланысты дағдыларын бекіту жұмысы да жүйелі түрде атқарылуы тиіс. Бұл іске әсіресе білім беру ұйымдары ерекше ден қоюы керек.
Осыған орай, Шу ауданының білім бөлімінің жоспарына сәйкес, Техникалық шығармашылық орталығында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Жол қозғалыс ережелері» атты аудандық семинар өтті. Оған Шу ауданы білім бөлімінің әдіскері А.Асқарбек, жалпы білім беру ұйымдарының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және мекеменің қызметкерлері қатысты.
Семинардың ашылу салтанатында Техникалық шығармашылық орталығы директорының міндетін атқарушы Нағима Какимова сөз алып, семинардың мақсат-міндетімен таныстырды. Мұнан кейін әдіскер Гүлмира Алмасаева «Жол қозғалыс ережелерін білу – қауіпсіздіктің негізі» атты баяндамасын оқыды.
Сондай-ақ, тәжірибелік бөлімде қосымша білім беру педагогтары қоғамдық көлік құралдарының қозғалысы кезінде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздік ережелерінің сақталуын көрсетті. Техникалық шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогтары Н.Мамбеткулов «Қоғамдық көлік құралдарының және жаяу жүргіншілердің аялдамасы», Қ.Малдыбаев «Жол қиылысын көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің өту ережесі», А.Алипбаев «Жолаушылардың жалпы міндеттері», орталықтың психологы М.Ұябаева «Қоғамдық көліктегі қауіпсіз мінез-құлық қағидалары» тақырыптарында іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Бүгінде Техникалық шығармашылық орталығында «Авто ісі» үйірмесіне келетін оқушылардың қарасы қалың. Оқушылар ең алдымен көлік басқаруды үйренуге келеді. Ал, орталық қызметкерлері көлік айдауды үйретіп қана қоймай, жол белгілерін, жолдағы қауіпсіздік ережелерін үйретіп, түрлі тәжірибелік сынақтар арқылы шыңдай түседі.
Осыған дейін техникалық шығармашылық орталығы бар екендігін білсе де, бұл орталықтың не үйрететінін, қандай үйірмелер бар екендігін білмеген құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары алдағы уақытта өз мектебіндегі оқушыларға алған тәжірибелерімен бөлісіп, Техникалық шығармашылық орталықтың педагогтарын шақырып тұруға келісті. Семинар соңында семинарға қатысушыларға сертификат және Алғыс хат табыс етілді.
Айғаным АСҚАРБЕК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.