Қордайдан олжамен оралды
Биыл Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл. Бұқара мен биліктің ортасына алтын көпір орнатып, мінберлерден ел мүддесін қорғау нағыз халық қалаулыларына тән қасиет. Осы үдеден шығып жүрген Шу аудандық мәслихат аппараты мен депутаттық корпусы саяси өмірде ғана емес, спортта да сайыпқыран екенін дәлелдеп жүр.
Олай дейтініміз, жуырда Қордай ауданында Қордай аудандық мәслихатының ұйымдастыруымен 30 жылдыққа орай мәслихат депутаттары және мәслихат аппараты қызметкерлерінің арасында кіші футбол, волейбол және дартс спорт түрлерінен екі күндік облыстық спартакиада өткізілді. Бұл байрақты бәсекеге Жамбыл облыстық, Тараз қалалық және аудандық мәслихаттардан барлығы он екі команда қатысып, өздерінің бақтарын сынаған.
Көршілес өңірде өткен облыстық додада Шу аудандық мәслихат депутаттары-ның құрама командасы волейболдан I орынды иеленсе, кіші футболдан күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал дәлдікті талап ететін дартс спортынан аудандық мәслихат аппаратының бас маманы Айнұр Рахымбаева үздік үштікті түйіндеген.
Спорттың барлық түрлерінің қорытындысы бойынша шулық халық қалаулыларының құрама командасы көш бастап, облыстық спартакиаданың жеңімпазы атанды. Жарыс үздіктеріне арнайы кубок, сертификаттар, медальдар мен дипломдар тапсырылған.
-Аудандық мәслихат депутаттарын осы жүлделі орындарымен құттықтай келе, құрама команданы осы облыстық жарысқа даярлаған, әдістемелік көмек көрсеткен, жарыс күндерінде командамен бірге болған Шу аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ.Мәуленовке, аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының басшысы Б.Ұзақбаевқа, мәслихат депутаттарының корпусы және мәслихат аппаратына алғысымды білдіремін. Әрдайым ел алғысына бөленіп, ұтымды шешім шығаруға тілектеспін,-дейді аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов.
Айта кетерлік жайт, Шу аудандық мәслихатының IX шақырылымының құрамы 17 депутаттан тұрады. Оның ішінде “AMANAT” партиясынан – 12, “Ақжол” партиясынан – 4, “Ауыл” партиясынан 1 депутат бар. Сонымен қатар мұнда 3 тұрақты комиссия өз қызметін жүзеге асыруда. Олар аудан өміріне қатысты мәселелер бойынша талқылаулар жүргізіп, тиісті шешімнің қабылдануына ықпал етеді.
Біз де басылым атынан шулық депутаттарды айтулы датамен және жүлделі жеңістерімен құттықтаймыз! Ел игілігі жолындағы жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Байжан Емберді.