Ақпараттық портал

Мақсаты көп мәслихат

1993 жылы 10 желтоқсанда “Қазақстан Республикасындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы” Заңы қабылданып, келесі жылында тұңғыш мәрте мәслихат депутаттарының сайлауы өткен болатын. Бұл сайлау елдегі жаңа өкілді органның қалыптасуының бастамасы болды.
30 жыл, 8 шақырылым ішінде Шу аудандық мәслихатының депутаттары маңызды шешімдердің қабылдануына түрткі болып, мәселелердің бел ортасынан табылып жүрді. Бізге мәлім мәлімет бойынша IX шақырылымда барлығы 17 халық қалаулысы бар. Оның 12-і аманаттық болса, 4-і “Ақжол”, 1-і “Ауыл” партиясынан.
Ең бір қызығы, Шу аудандық мәслихатының депутаттық корпусында 4 Мақсат есімді депутат бар екен. Олардың ішінде үлкені №5 сайлау округінен сайланған Мақсат Есенов. Оның үстіне Мақсат ағамыз бен оның әріптесі Жасұлан Әбеновтің әкелері аттас болып шықты.
Мәслихаттың екінші Мақсаты №1 сайлау округінен сайланған. Мақсат Бименұлы Маткаримовтың есімі аудандық орталық аурухана жанындағы диагностикалық-консультативті орталықтың (ескіше емхана) есігін жиі ашатын жандар үшін жақсы таныс. Нарколог, психиатр һәм меңгерушілікті қатар алып жүрген ол халық сенімін де арқалап жүрген жайы бар.
№7 сайлау округінен сайланған Мақсат Сұлтанғазиев аудандық мәслихат жайлы мақаламыздың мәнін ашып тұр. Бұрындары әріптес ретінде мәселелерді көтеріп жүрген Мақсат Лесханұлы енді депутат ретінде ел тағдырына қатысты шаруаларға араласып жүр. Тіпті, аудандық мәслихаттағы тұрақты комиссияның төрағасы ретінде талай әкім-қараны “терлетіп” жүргенін естиміз. Өйткені оның сұрақтары халық көкейіндегі сауалдармен астасып жатады. Тағы бір айта кетерлігі, Мақсат Бименұлы мен Мақсат Лесханұлы түйдей құрдас.
Мәслихаттағы Мақсаттардың кенжесі жайдарманшы, Шу қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Шәймерден. Ол жас жағынан да, мандат жағынан да кенже. Кезінде көк жәшік арқылы көпшілікке күлкі сыйлап жүрген жерлесімізді таныстырып жатудың өзі артық.
Ол №12 сайлау округінен сайланып, кейін шығып қалған депутаттың орнына биылғы наурыз айында ғана сайланды.Әу бастан елдің мүддесін жоғары қоятын жас аудандық мәслихаттағы белсенді депутаттың бірі.
Мақсат деген ең мәшһүр есім болғанымен аймақ аумағындағы өзге мәслихат депутаттары арасында сирек болуы керек. Білуімізше, төрт Мақсаты бар мәслихат бізде ғана. Ойымызда жүргенді 30 жылдыққа орай жария етіп отырмыз.
Жергілікті халық қалаулыларының ішінде үлкені мәслихат төрағасы Жасұлан Әлкенұлы болса, Мақсат Есенов, Ләйлә Жүнісәлиева, Қанат Қойшыбеков 1971 жылы туған құрдастар. Сол секілді Нұржан Разимбеков, Ұлан Абуов және Асқар Қомаевтардың дүниеге келген жылдары бірдей. Мәслихаттағы құрдастар тізімін Мақсат Маткаримов, Мақсат Сұлтанғазиев, Ғани Қойбағаровтар түйіндесе, депутаттардың кенжесі Жоламан Әуес болып отыр.
17 округтің жоғын жоқтап, мұңын жеткізіп жүрген аудандық мәслихат депутаттары түрлі саланың тізгінін ұстағанымен бастары ортақ мұрат жолында түйісіп жүр. Сөз соңында депутаттарға ел алдындағы уәделеріне берік болып, сайлаушыларының сенімін ақтауға тілектестік білдіреміз. Меншікті мерейтойларымен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілейміз!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.