Ақпараттық портал

Архившілердің еңбегі еленді

Архив – құнды құжаттардың көмбесі болса, ондағы дүниелерді көздің қарашығындай қорғау – архившілерге артылған міндет. Аса жауапты жұмысты һәм аманатты арқалап жүрген архившілер құрметтің қандайына болсын лайықты. Сондықтан жыл сайынғы 22 желтоқсанда төл мерекесін атап өтетін мамандарға алғыс айтылып, ақадал еңбектері үшін марапаттау игі дәстүрге айналып отыр.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген кәсіби мереке қарсаңында Шу ауданы әкімінің аппаратында арнайы жиын өтіп, сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың төрағалығымен өткен басқосуға аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов пен Шу ауданының мемлекеттік архивінің ұжымы қатысты.
Ең алдымен кәсіби мерекенің маңызына тоқталған Найман Кенжеханұлы архившілердің ауданның дамуына қосып жүрген үлестерін жоғары бағалады. Сонымен қатар еселі еңбектері үшін алғыс білдіріп, өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Архивтер – тарихымыздың алтын сандығы. Өткеннің өнегесін бүгінгінің буынына табыстау жолында мұрағатшылар маңдай терін төгіп жүр. Бұл сырттай тыныш жұмыс болғанымен шын мәнінде аса мұқияттылықты талап ететін таудай шаруа. Осы жолда еңбек етіп жүрген әрбір маманның үлесі өлшеусіз.
Мұрағат саласының мамандары аудан тарихын, мәдени мұрасын, мемлекеттік және жеке құжаттарды сақтаумен айналысады. Бұл сала еліміздің тарихи деректерін зерттеуде және ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады. Сіздердің жұмыстарыңыз қоғам үшін құнды. Сол үшін шынайы алғысымды білдіремін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын,-деді аудан әкімінің орынбасары.
Ізгі тілектен кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына сүбелі үлес қосқан архившілерге “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісі, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.
Сонымен қатар бірқатар сала мамандары Жасұлан Әлкенұлының қолынан Шу ауданының Құрмет грамотасын алып, мерейлері үстем болды.
Салтанатты сәттің мәресінде Шу ауданының мемлекеттік архивінің басшысы Елдос Расилов аудан басшылығына өзінің және ұжымының ризашылығын білдіріп, әріптестерін мерекелерімен құттықтады.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.