Ақпараттық портал

Бала тәрбиесін берік қалау – басты міндет

Ұлт келешегін ойлаған ел ұрпақ тәрбиесіне көбірек көңіл бөледі. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірмесек, рухани бұлағымыздың бастауынан сусындатпасақ, өткеннің өнегесіне бойлатпасақ, болашағымыз бұлыңғыр болмақ. Бұл күндері жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеуге бағытталған түрлі іс-шаралар жоспарға бекітіліп, жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Соның бірі әрі бірегейі-“Біртұтас тәрбие” бағдарламасы. Ал, осы бағдарламаның ең басты мақсаты-Отанға пайдасы бар адал азамат тәрбиелеп шығару. Қуантатыны, бағдарламаның мазмұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы әрі ұлттық құрылтайда сөйлеген сөздерімен үндесіп, астасып жатыр. Көреген басшымыз мемлекет тізгінін қолға алған күннен-ақ Әділетті Қазақстан құрамыз деп ұран тастады.

Былтырғы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасындағы «Ұлттық мүдде», «Ар-ұят», «Талап» құндылықтарын хакім Абайдың шығармаларының өн бойынан көре аламыз. Яғни «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңіндегі «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой-бес асыл іс көнсеңіз»деген жолдардан аңғаруға болады. Биылғы жаңартылған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасындағы 6 құндылыққа баланған тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық бағыттары да Абай салған сара жолмен жүруге жетелейді. Жауапкершілігі зор тәрбие ісінде әр бұтаның басын бір шалмай, бір жолмен жүруге дағдылансақ, ұтарымыз көп.
Осыған орай, жаңартылған “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында Домалақ ене атындағы орта мектебінде “Бала тәрбиесі мен құқығы-басты құндылық” атты аудандық семинар өтті. Оған Шу ауданы білім бөлімінің әдіскерлері, жалпы білім беру ұйымдарының тәрбие ісі және құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аталған мектеп ұжымы қатысты.
Заманауи талаптарға сай жасақталған жаңа мектеп ғимаратының ішіне енгеннен-ақ мұғалімдер бауырсағымен қарсы алып, келген қонақтарға жүрек жәшіктің ішіндегі әдемі тілектерін ұсынды. Мұнан кейін Домалақ ене атындағы орта мектебінің директоры Раушан Қойбағар аудандық семинардың шымылдығын түріп берді. Ол өз сөзінде “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында мектепте атқарылып жатқан тәрбие жұмыстарын жіпке тізіп, әсіресе ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығындағы “Даналық жобасын” жүзеге асыру тетіктерін алға тартты. Қазіргі таңда білім ошақтары ғана емес, ата-аналар да бала тәрбиесіне атсалысып жатқандығын тілге тиек етті. Аталған іс-шараны ұйымдастыруда белсенділік танытып, мектеп ұжымын тәрбие жұмысына ұйыстыруда мектеп директорының тәрбие ісі және құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Айсауле Уатаева мен Ажар Қосетовалардың еңбегі зор.
Аудандық семинарда А.Ташметова “Тәуелсіздік – тұғырым”, Г.Акшабаева “Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы”, А.Оразгелдиева “Құқық – әділет пен парасат жолы”, С.Илимахунова “Буллинг және кибербуллинг” атты сынып сағаттарын, Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығында Қ.Құдайғұлова “Зейін –алғырлықтың алғышарты” атты кеңес беру сағатын, П.Кустутинова “Әжелер даналығы – ұлағатты тәрбие” атты әжелер сайысын өткізді. Н.Нұрғали “IQ отбасы” интеллектуалды ойынын өткізіп, үш отбасы команда ретінде сайысқа қатысты.
Мұнан кейін аудандық семинарға қатысушылар балалар кітапханасындағы көрмеге шолу жасап, мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.