Ақпараттық портал

Аудан жастары облыста оза шапты

Санаулы күндерде тарих қойнына енгелі тұрған еншіміздегі жыл ауданымыз үшін жарқын істерге толы болды. Әлеуметтік желілерді баққан жерлестеріміз жемісті жұмыстарға куә болды деген ойдамыз. Оның ішінде аудандық және қалалық жастар ресурстық орталығы толайым табыстарға қол жеткізді.
Олай дейтініміз, желтоқсан айының басында Жамбыл облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының “Жастар ресурстық орталығы” КММ “Aulieata Camp” жастар апталығын ұйымдастырған болатын.
Апталықтың алғашқы күні ЖРО бұрымдылары командасы бақ сынап, аудан мен шаһардың волейболшы қыздары бірінші орынды иеленді.
Апталықтың екінші күні “UZDIK ORTALYK-2024” өнер байқауында аймақ жастары өз өнерлерін ортаға салып, кіл жүйрікте кім жүйрік екенін анықтады. Аталмыш байқауда аудандық мәслихат депутаты Мақсат Шәймерден басқаратын Шу қалалық жастар ресурстық орталығы бас жүлдені еншіледі. Ал аудандық ЖРО белсенділіктері үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Жамбыл облыстық жастар орталығының құрылғанына 20 жыл толуына орай, мерекелік кеште Ғани Қойбағаров пен оның орынбасары Нұрзат Қилыбай, Мақсат Шәймерден мен маманы Мөлдір Жұманова облыстағы жастар саясатының дамуына қосқан қомақты үлестері үшін мерекелік төсбелгіні өңірлеріне тақты.
Одан бөлек, Марлен Қылышбай, Айдана Мұраталықызы, Жансерік Мұсақұл, Жалғас Қиябай мен Марзия Омарова сынды көзге көрінбейтін еңбек майданындағы майталман жастар түрлі марапатқа ие болды.
Сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша және зерделеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, үздік ұйымдастыру бөлімінің басшысы номинациясымен Ерболат Көпес марапатталса, ал аудандық жастар ресурстық орталығы жүлделі екінші орынмен жылды қорытындылады.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.