Белсенді жастар – ел ертеңі
Бүгінгі жас – ертеңгі елдің тізгінін ұстаушы азамат. Сондықтан жастарға үнемі қамқорлық көрсетіп, бастамаларына бағыт көрсеткен абзал. Осы орайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының “Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын ?!” деген аталы сөзі ойымызға оралады.
Осы аптаның ортасында Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков өңірдің белсенді жастарымен жүздесіп, салиқалы сұхбат өрбітті. Оқушылар сарайында өткен шарада жастар өздері жеткен жетістіктерге тоқталып, аудан басшысына ұсыныстарын жеткізді.
Бақытжан Оразалыұлы жастардың белсенділігін жоғары бағалап, олардың пікірлері мен бастамалары ауданның болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.
Келелі мәселелер көтерілген кездесу барысында жастардың шығармашылық қабілеттері мен бастамалары аудан басшылығы тарапынан қолдау тапты.
Мәселен, кездесуге келген Шу қалалық жастар ресурстық орталығының директоры, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Шәймерден аудандық, қалалық халықтық және жеке театрлардың әлеуетін пайдаланып ерте жүктілік, нашақорлық пен зиянды әуестіктердің алдын алуға арналған әсерлі қойылымдар қоюды ұсынды. Оның пікірінше көрермен ретінде қатысқан оқушылар мен студенттер өздеріне оймақтай ой түйіп, болашағына бағдар алады.
Бұл пікірді құптаған Бақытжан Оразалыұлы жүзеге асып жатқан “Махаббат терапиясы” атты драмалық кештің ауқымын кеңейтіп, алдағы уақытта ауылдық жерлерге де шыққандарын жөн санады.
Іс-шараға қатысқан жас шулықтардың бір парасы спортта, мәдениетте, кәсіпкерлікте, білім мен медицинада тер төгіп жүрсе, бірі мемлекеттік қызмет пен қоғамдық қызметте белсенді жұмыс істеп жүрген еріктілер. Әрбірінің ұсынысын мұқият тыңдаған аудан әкімі жастардың жалынын жанартау деп бағалап, өз көзқарасын ортаға салды.
– Адал еңбек, ізгі жүрек пен қарапайымдылық адам мәртебесін асқақ етеді. Осы қасиеттерді басшылыққа барынша ала отырып мерейім үстем болып жүр деп ойлаймын. Жастарға да айтарым талмай еңбек етіп, талаптанып, ел мен жердің жайын ойлап жұмыс істесең түбінде абырой тауып алады. Ауданымызда әлеуетті жастар жетерлік. Олардың бүгінгі тіршіліктеріне қарап қуанамын. Қолдауға да дайынмын. Әрбіріңіз өңірдің дамуына тамшыдай үлестеріңізді қосып, таңдаған мамандықтың шыңына шығуларыңыз керек. Өйткені ел мен жер, Отан – бәрімізге ортақ. Сол жолда сіздерге сәттілік тілеймін,-деді аудан басшысы.
Кездесу соңында ауданның үздік жастарына аудан әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлықтар тапсырылып, естелікке сурет түсірілді. Одан бөлек, жүздесуге қатысқан чемпионымыз, боксшы, жастар құрамасының мүшесі Мадияр Бексұлтановқа ақбоз ат тарту етілді. Аталған қошемет жергілікті демеушілердің көмегімен жүзеге асқанын айта кеткен жөн.
Байжан Емберді.