Ақпараттық портал

Жыл қандай қырларымен есте қалды?

Аудан орталығы Төле би ауылында 2024 жылғы түлектердің 15-і «Алтын белгі» төсбелгісін, 7-і «Үздік аттестат» иеленген мектеп бар.
Осындай биік белестерді бағындыруға баянды басшылық жасаған Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының директоры Азиза Естаеваға ардагер журналист, осы жолдар авторы арнайы жолығып, аталмыш мектептің тыныс-тіршілігімен тереңірек танысып сұхбаттасқан болатын.
Біз бүгін осы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

-Құрметті Азиза Тоқсабайқызы, Жаңа Қазақстанның іргетасы берік қалануына Ел Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған жолдаулары, әр жылдарда дәстүрлі өтіп жатқан құрылтай жиындарында атап көрсеткен маңызды міндеттері мен тиянақты тапсырмалары негіз болуда. Осыған орай, Сіз басқарып отырған педагогикалық ұжымның санаулы күндерден кейін тарих құшағына енгелі отырған 2024 жылдың қорытындысы туралы өз ойыңызды ортаға салсаңыз?
– 2024-2025 оқу жылын мектеп-гимназия 1147 оқушымен бастаса, бүгінгі күнде 1158 оқушы білім алуда. Мектеп ұстаздарының қажырлы қайратының, табанды еңбегінің арқасында 2023-2024 оқу жылдары мектеп-гимназия ұжымы үшін үлкен жетістіктер мен жеңістерге толы жыл болды. Себебі, мектебіміздің білікті ұстаздары мен білімді білім алушылары көптеген байқаулар мен сайыстарға, олимпиадалар мен конференцияларға қатысып, мектептің жетістіктер қатарын еселеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»- деп дана халқымыз айтқандай, осы орайда ұжымдағы педагогтарымыздың еңбектерін айтып өтпеу әділетсіз деп білеміз.
Мектептің бір күнтізбелік жылының жетістіктеріне тоқталатын болсам:
1. Республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінің жүлдегері атанып, республикалық кезеңге жолдама алған бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Л.Шыныбаеваның оқушысы Талшын Сағымбек (3 сынып) ІІІ-ші орынды иеленді.
2. Республикалық «Алтын сақа» математикалық олимпиадасына Әли Әсем қатысып, ІІ-ші дәрежелі диплом иеленді (4 сынып, жетекшісі Д.Тастанова).
3. Ғылыми жобалар байқауларына 32 оқушы қатысып, 27-і түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталды.
4. Республикалық пәндік олимпиадасының аудандық, облыстық кезеңдеріне 81 оқушы қатысып, 50-і жүлделі орындар иеленді. Атап айтсам, облыстық пәндік олимпиаданың кезеңінен жүлдегерлері Усанова Севинч-қазақ тілі (жетекшісі М.Айдабосынова), Щетинина Алина-ағылшын тілі (жетекшісі З.Искандарова), Айгерім Талғатқызы-орыс тілі (жетекшісі Г.Есенова).
5. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасының жеңімпазы Зивара Аблай-химия, қола медаль (жетекшісі Н.Имашева).
6. «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты республикалық жас мамандар байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінің жеңімпазы Бахит Бексұлтан республика кезеңіне жолдама алып, алғыс хатпен оралды.
7. Республикалық «Үздік басшы орынбасары» байқауының ІІ-ші дәрежелі диплом иегерлері: А.Толеуова мен Д.Кончибаева.
8. Облыстық «Білім беру саласының әлеуетті көшбасшысы» атты педагогтар арасындағы конкурста да мектеп-гимназия орынбасары қатысып, марапатталды.
9. Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының Алғыс хатымен ағылшын тілі мұғалімі М.Кадырова ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасының жеңімпазын дайындағаны үшін марапатталды.
10. Республикалық пәндік «Педстарт» олимпиадасы бойынша 45 жеңімпаз марапатталды.
11. Оқушылар арасында патриоттық тәрбиені насихаттауда мектебіміздің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі М.Гамидовтың іскерлігінің арқасында аудандық және облыстық байқауларда жүлделі орындарды иеленіп жүргендігімізді атап өткім келеді.
12. Облыстық, республикалық «Өрлеу» БАҰҚ ұйымдастырған түрлі байқауларында мектептің 42 мұғалімі жүлделі орындарды иеленсе, облыстық, республикалық маңызы бар қалаларға ұйымдастырылған олимпиада, конкурстар мен байқауларға осы мерзімде 62 педагог қатысып, марапаттарға ие болған. Сонымен қатар халықаралық, республикалық конференция, семинар және шеберлік сыныптарда 45 педагог өз іс-тәжірибелерімен бөліскен.
– Соңғы жылдары ҰБТ нәтижесі бойынша Сіздің мектеп-гимназия үздіктер қатарынан көрініп келеді, құпиясы болмаса оның сыры неде?
– Жоғары нәтижеге жету үшін мектептің педагог кадрларының сапалы жасақталуы басты рөл атқарады. Олардың біліктілігіне қойылатын талаптардың жоғары болуы және педагогтардың үнемі ізденісте жүруі сіз сұраған құпияның сыры десем де болады.
Білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінде мектеп-гимназия ұстаздарының еңбегі шәкіртінің көрсеткен білімімен дәлелденеді. Оқушыларға жалпы жоғары білімді 132 педагог білім беруде, оның 13-і педагог-шебер, 46-сы педагог-зерттеуші, 25-і педагог-сарапшы, 26-сы педагог-модератор болса, педагог санатында -22 ұстаз. Магистр дәрежесінде- 10 педагог еңбек етуде.
Жетістіктердің бір көрсеткіші ретінде ҰБТ нәтижесіне тоқтала кетейін.
Атап айтқанда, 2023-2024 оқу жылында ҰБТ тапсырған 80 оқушы 89,5 орташа ұпайды көрсетсе, тестілеуге қатысу деңгейі-81 пайызды көрсетті, оның ішінде «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлері-15 оқушы, «Үздік аттестат» иегерлері- 7 оқушы барлық бітірушілердің 87пайызы мемлекеттік грант иегерлері атанған.
– Қызмет істеп жүрген кезімде 10 жыл қатарынан ҰБТ-ның мемлекеттік комиссиясының мүшесі болған едім, сол кезде байқағаным ер балалар «Алтын белгі» төсбелгісі мен «Үздік аттестат» алғанды былай қойғанда, жауапкершіліктен жалтарып, тестілеуге қатысуға тәуекел етпейтін. Мектеп-гимназияның 2024 жылы ҰБТ-ға қатысқан түлектерінің жалпы саны қанша және тестілеуге қатысудағы ер балалардың үлесі қандай?
– Жоғарыда айтқанымдай, 2023-2024 оқу жылында ҰБТ тапсырған 81 оқушы, оның тең жартысы ер балалар, «Алтын белгі» төсбелгісі мен «Үздік аттестат» иегерлерінің 6-ы ер бала. Аудан бойынша 35 мектеп түлегі «Алтын белгі» төсбелгісімен марапатталса, оның 15-і біздің мектеп-гимназия түлектері.
– Қол жеткен жетістіктеріңіздің өздігінен бола қалмайтындығы белгілі. Осы орайда елге еңбегі сіңген ұлағатты ұстаздарыңыздың аты-жөнін атап өтсеңіз?
Ұстаз – ең алдымен, қадірлі маман. Ал, ұстаз болу – қастерлі міндет. Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды.
Биылғы оқу жылында тәжірибелі ұстаздардың еңбектерін елеп, назардан тыс қалдырмағаны барлығымызға мәлім, мектеп-гимназияның да педагог-зерттеушілеріне Оқу-ағарту министрінің «Құрмет грамотасымен»-10 ұстаз, 1 педагог-шебер ұстазға «ҚР еңбек сіңірген ұстазы» медалі берілсе, 10 педагог-зерттеушіге «Ы.Алтынсарин төсбелгісі» медалі тапсырылды.
Сондай-ақ «Алтын белгі» төсбелгісі мен «Үздік аттестат» иегерлерінің сынып жетекшілері қатарынан бастауыштан Л.Шыныбаева, Д.Тастанова, Т.Бопп және жоғары сыныптағы А.Жундибаева, Ж.Айтбаева және И.Муштаковтың еңбектері ерен екендігін атап өтсем артық емес.
– Сапалы білім беру жөнінде алған асуларыңызға қанық болдым. Ендігі кезекте саналы тәрбие беру қалай ұйымдастырылуда?
– Қазіргі білім беру жүйесі тек академиялық біліммен ғана шектелмей, оқушыларды әлеуметтік және адамгершілік құндылықтармен де тәрбиелеуді мақсат етеді. Қазіргі таңда тәрбие бағыты бойынша ерекше маңызды болып табылатын құжаттардың бірі – «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы. Бағдарлама жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде адал азаматты тәрбиелеуді көздейді.
Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты ІІІ отырысында сөйлеген сөзінде негізгі құндылықтарды атап өтті. Осы бағдарламаны негізге ала отырып оқушыларға сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру мақсатында мектеп-гимназияда ауыз толтырып айтарлықтай елеулі іс-шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерге жүктеледі. Ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайту мақсатында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығының жұмысы ұйымдастырылып, сынып жетекшілері тәрбие орталығымен бірлесе отырып ата-аналармен түрлі тренингтер мен кездесулер ұйымдастыруда. Ұл балалар мен қыз балалардың тәрбиесіне бағытталған жұмыстар жоспар бойынша жүргізіліп, түрлі клубтар арқылы іске асуда. Соның нәтижесінде оқушылар арасынан құқық бұзушылық орын алмаған, арнайы есепке тіркелмеген. Мектеп-гимназияда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын спорттық, мәдени, ұлттық іс-шаралар жалғасын тауып отыр.
– Сіздердің мектеп-гимназия атақты тарихшы-ғалым Е.Бекмахановтың атымен аталады. Алдағы уақытта тарихшы-ғалымның туғанына 110 жыл толғалы отыр. Осыған байланысты қандай мәдени шаралар жоспарлануда?
– Мектебімізде тарихшы-ғалымның есімімен аталатын мәдени мұражай ашылған. Дәстүр бойынша жыл сайын тарихшының туған күні қарсаңында мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Алдағы уақытта тарихшы-ғалымның туғанына 110 жыл толуына байланысты, үздік мектеп ретінде облыстық, республика деңгейінде іс-тәжірибемізді бөлісуді жоспарлап отырмыз.
– Алдағы келе жатқан жаңа жылдан не күтесіз?
– Ең бастысы елімізге тыныштық, жұртымызға жайлылық, оқушыларымыздың алар асулары мен жетер биіктері көп болсын!
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан ардагер журналист
Ахметжан Қосақов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.