Ақпараттық портал

Шаттыққа бөлеген шырша мерекесі

Жыл қайыру дәстүрі бойынша он екі жылдың өзінің иесі бар, яғни түрлі аңдар мен жануарлар. Тышқан жылынан басталып, доңыз жылымен аяқталатын он екі жылдың айналуын халқымыз бір мүшел деп есептеген. Оған қоса, әр жылдың иелеріне түрлі сипаттама беріп қана қоймай, ол жылдар тарихта қандай жаңалығымен, тарихи оқиғамен есте қалғанын да тап басып, айта білген. Ұлу жылы босағамыздан аттағанда ұлы істермен есте қалсын, жақсылығымен жарылқасын дескен едік. Әманда солай болды да. Ұлу жылы ұлтымызды ұлы мақсаттарға жетелеп, ұрпақ қамы үшін тындырылар тірліктердің айы оңынан туып, толағай табыстар мен жетістіктерге жеттік.

Міне, тарих сахнасының төріне 2025 жыл жайғасып, жылан жылымен қауыштық. Жылан өзі суық, сұсты болса да халқымыз оған тиіспей, басына ақ құйып шығарып салатын болған. Бұл да бір табиғаттың әр жаратылысына мейірімділікпен қарайтын текті халқымыздың көрегендігі. Бастау алар жылға үлкен үміт артып, сенімнің жетегіне еретін еліміз есігімізден енген жылдың ерек болуын тілеп қана қоймай, жылды жағымды жаңалықтармен бастауға да айрықша мән береді. Өтіп бара жатқан жыл мен келер жылдың өткелінде тұрған өр халқымыз әр жылды жақсы істермен тәмамдауды да дәстүрге айналдырған. Жаңа жылды, әсіресе кішкентай бүлдіршіндеріміз асыға күтеді десек, оларды қуаныш пен шаттыққа бөлеуде шет қалған емеспіз. Соның жарқын көрінісі – сәні мен сәулеті келіскен “Ай-ару” мейрамханасында өткен Шу ауданы әкімінің жаңажылдық шыршасы. Оған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудан әкімі аппаратының басшысы Балаби Түменбаев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Балтабай, ауданда орын тепкен білім ошақтарының қызметкерлері және әр мектептен келген 150-ге тарта оқушылар қатысты.
Әсем безендірілген залдың ішіне енгеннен-ақ бейне бір ертегі әлеміне тап болғандай күй кештік. Сахнаға қос жаршы шығып, жаңажылдық шырша мерекесі басталғандығын хабарлағаннан кейін бойлары әртістік шеберлікке толы оқушылардың қойылымы басталып кетті. Береке мен Салтанат атты кейіпкерлер ортаға шығып, қаншама ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына біріктіріп, бір үйдің баласындай тіршілік кешіп жатқан елімізде береке мен бірлік мәңгі тұрақтасын деген ойларын айтты. Сөйтіп жаңажылдық мерекеге жиналған балаларды сергіту мақсатында “Достық” ойынын ойнатып, би билеткізді. Мұнан кейін балалар жаңа жылдың басты кейіпкерлері – Аяз ата мен Ақшақарды шақырады. Алайда тек Ақшақар ғана келеді. Ол ортаға шыққаннан кейін Аяз атаға қоңырау шалады, бірақ Аяз атаның ұялы телефоны сөндірулі болады. Осы сәтте Қызғаншақ пен Мақтаншақ атты кейіпкерлер ортаға шығып, мерекенің сәнін кетіргісі келеді. Олар Аяз атаның келмейтіндігін, оның шанасын сиқырлап тастағанын және Аяз ата жолда қалғанын айтып, балалардың көңілін түсіреді. Жағымсыз кейіпкерлермен қатар әрдайым көмекке дайын тұратын, жақсылық жасаудан тартынбайтын Жер ана, Қыран құс, Су толқыны, Ынтымақ, Бірлік, Достық сынды жағымды кейіпкерлер мерекелік кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Әрі жаңа жылдық кейіпкерлер түрлі ойындар ұйымдастырып, жас өрендерді билетіп, Аяз ата қоржынынан сыйлықтар үлестірді. “Қуанса, бала қуансын” деген ұстанымды ұран ететіндігін дәлелдеген атқамінер азаматтар балалардың қолдарынан жетектеп, бірге би билеуден де тарынбады. Бұған қоса балғын балақайларға арналған мерекеде әуелеген ән де айтылып, биші өрендеріміз мың бұрала би билеп, өз өнерлерін ортаға салды.
Мұнан кейін аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы балаларға жылы лебізін айтып, сағына, сарыла күткен мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ, Шу ауданы әкімінің жаңажылдық шыршасына қатысып отырған балақайларға тәттіге толы сыйлықтар мен қаржылай сыйлықтың сертификаттарын табыстады. Жүзі жылы әкімді көрген балалар жанына алма-кезек аяңдап, естелікке суретке де түсіп жатты. Жаңа жылдың тосын сыйлары мұнымен біткен жоқ. Дастархан басына жиналған балалар түрлі тәттілерден ауыз тиіп, алдарына қойылған ыстық тамақтан да дәм татты. Тәтті үміттің жетегіне ергіш келетін балдәурен шақтың балғындары жүзіне күлкі үйіріліп, үйлеріне шаттық сезіммен тарқасты.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.