Ақпараттық портал

Жастар жылды жағымды істермен түйіндеді

Аудан өмірінің сан түрлі саласының ішінде жастар саясатына қатысты жұмыстар да ерекше рөльге ие. Әсіресе, қандай да бір ақпарат тез таралып жататын бүгінгідей қоғамда жастарды жат әдеттен сақтандыру үшін мемлкеттік жастар саясатын лайықты жүзеге асыру ауадай қажет. Осыған орай, Мемлкет басшысы да бұл мәселеге баса мән беріп, әр жыл сайын жастар қауымына барынша қолдау көрсетіп келеді. Оны әр өңірде көрініс беріп жүрген игі істерден анық аңғарамыз. Өз өңіріміздегі аудан әкімдігі, ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2024 жылды жақсы нәтижемен аяқтады. Жалпы Жастар ресурстық орталығы ауданда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырумен айналысады. Оның ішінде мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын басшылыққа алады.

Жастар орталығында 39 бірлікте қызметкер жұмыс атқарады. Олардың әрқайсысы өз қызметтерін мүлтіксіз орындауда. Сондай-ақ, әр ауылда сол ауылдың жастарымен жұмыс жүргізетін жастар ісі жөніндегі маман бар.
2024 жылдың басынан бері рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары бойынша 1237 іс-шара өтіп, оған 31251 адам қамтылған.
Ал, жыл қорытындысы бойынша облыс көлеміндегі зерделеу қорытындысымен Шу аудандық Жастар ресурстық орталығы үздіктердің қатарынан көрініп, екінші орынды иеленіп отыр. Сонымен қатар, қыздарымыз қызметкерлер арасында волейболдан облыстан жүлделі бірінші орынды еншіледі және Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығының құрылғанына 20 жыл толуына орай, мекеме директоры Қойбағаров Ғани Бірлікұлы мен оның орынбасары Қилыбай Нұрзат Манатбекұлы «Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатына қосқан үлесі үшін» мерекелік меделімен марапатталса, мекеменің ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Көпес Ерболат «Үздік ұйымдастырушы» номинациясының иегері атанды.
Жыл ішінде қол жеткен осындай жетістіктердің барлығы баянды басшылық пен ұтымды ұйымдастырушылық, өзара ауызбіршілік пен келісімнің жемісі деп білеміз. Осы ұстанымды ту еткен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұжымы босағамызды аттаған жаңа-2025 жылда да биік белестерді бағындырып, абырой биігінен көріне береді деген сенімдеміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.