Жаңа жыл қарсаңындағы жарқын жетістік
Газетіміздің өткен сандарында ауданымыздағы жасөспірімдердің спорттық жетістіктері жөнінде бірнеше мақала жариялаған болатынбыз. Солардың бірі – соңғы уақыттарда жергілікті бокс клубының жаттықтырушысы Уәлихан Көшербаев шәкірттерінің бірнеше республикалық жарыстарда бақ сынап, оның басым бөлігінде жеңіс тұғырынан көрінуі еді. Сондай-ақ, бұл тұста Уәлихан Көшербаевтың ерекше еңбек сіңіріп жүргендігін айта келіп, алдағы уақытта да шәкірттерімен бірге биік белестерді бағындыра беретіндігіне сенім білдірген болатынбыз. Сол сенім ақталып, жуырда жас боксшылар тағы да кезекті сыннан сүрінбей өтіп, алдыңғы қатардан бой түзеп, республикалық жарыстың жеңімпаздары атанды. Осылайша, сенім үдесінен шыққан бапкер мен оның бағбандары Жаңа жыл қарсаңында аудан абыройын тағы бір биікке көтерді.
Нақты айтар болсақ, 12-16 желтоқсан аралығында Алматы қаласында екі жүзден астам жасөспірім боксшылардың қатысуымен өткен «Медина» бокс клубының ашық турнирінде шулық жас боксшылар да бақ сынады. Нәтижесінде Қазақбай Айбар, Аязбай Дінмұхаммед бірінші орынды, Еркін Дархан, Сансызбай Мирас екінші орынды, Мейрамбек Мейіржан үшінші орынды қанжығаларына байлап қайтты.
Ал, 19-22 желтоқсан аралығында Алматы қаласында үш жүзден астам жас боксшылардың қатысуымен өткен «Рух» бокс клубының ашық турнирінде Жұмахан Нұрнияз, Тілеулес Райымбек, Досжан Ерасыл бірінші орынды иеленсе, Қырықбай Шарифулла, Мырзақұл Әділхан, Айсұлтан Әлішерұлы екінші орынды еншіледі. Ал, Сансызбай Мирас пен Мейрамбек Мейіржанға үшінші орын бұйырды. Сондай-ақ, Досжан Ерасыл осы жарыста «Ең үздік боксшы» номинациясымен марапатталды.
Байқағанымыздай, шулық жас боксшылар бапкерін бақытқа бөлеп, Тәуелсіздік күні қарсаңында бір қуанышқа кенелтсе, Жаңа жыл қарсаңында тағы бір жеңісті сәтпен марқайтты. Мұндай жетістіктердің барлығы бапкердің бабына байланысты екені анық. Сол себептен, жаттықтырушы У.Көшербаевтың ерен еңбегін атап өткен жөн.
«Талаптыға нұр жауар» демекші, жас боксшылар алдағы уақытта да аудан абыройын үстем қылып, биіктерді бағындыра беретініне сенім мол.
Динара Батырхаирова.