Мәдениет пен өнер саласында жетістік көп
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сан қырлы мемлекеттік саясаттың ішінде мәдениет пен өнер саласына ерекше қолдау көрсетіп, халықтың рухани тұрғыда дамуына қолайлы жағдай жасап жүргені жұртшылыққа мәлім. Себебі кез келген ұлттың болмысы мен бейнесі, өткені мен болашағы мәдениеті мен төл өнерінен аңғарылады.
Президент бір сөзінде “Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады” деген болатын. Осы лебізге қарап-ақ, мемлекетіміздің қамқорлығын сезінуге мүмкіндік аламыз.
Кешегі тарихымызға көз жүгіртсек, қазақтың сайын даласында сал-серілердің, ақын-жыраулардың, күйші мен өнер шеберлерінің іздері сайрап жатқанын байқаймыз. Оның ішінде Шу өңірінің ел мұрасына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бұған өнер зерттеушілерінің еңбектері дәлел болмақ.
Бір ғана бақилық болған әз тұлғаларымыз Аяз Бетбаев пен Әбдімомын Желдібаевтың есімдері арқылы жұртшылық біздің өлкені танитыны ақиқат. Осындай қайраткерлердің алтын бесігінде ауданның мәдениеті мен өнеріне қызмет ету бізге жауапкершілік әрі жеңілдік.
Мінекей, 2024 жылдың 365 күні артта қалып, жаңа жылдың босағасынан аттап отырмыз. «Балапанды күзде санайды» дегендей, Шу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі үшін өткен жыл жемісті болды. 2024 жылы 701 мәдени іс-шара өтіп, оған 90953 көрермен тартылды. Аудандық мәдениет үйі және оған қарасты мәдени ошақтардағы көркемөнерпаздар үйірмелері 365 іс-шара өткізіп, 3820 көрерменге рухани демалыс сыйлады.
Мәселен, бірер ай бұрын Шу қаласының «Локомотив» стадионында “Мәдениет-асыл қазынам ” атты ауданның мәдениет күндері өтті. Оған Жамбыл облысы әкімі Е.Қарашөкеев арнайы қатысып, ауданның кешегісі мен бүгіні һәм болашағынан хабар беретін көрмелер мен көрнекі құралдарымен танысты.
Сонымен қатар ауданымыздың мәдениет ошағындағы мәдени қызметкерлер салт-дәстүрден көріністер ұсынды. Ауданның мәдениет күндерін тамашалауға келген меймандар Шу топырағынан түлеп, аты Алашқа озған жандардың тірі мүсіндерін тамашалады.
Шу өңірі көптеген этносқа құтты шаңырақ екені баршаға белгілі. Аталмыш шара аясында қазақ, түрік, орыс, неміс, күрді мен әзірбайжан халқының ұлттық тағамдары мен қол өнерлері қойылған көрме шараның көркін ашты. Ауқымды шараны бағалайтын қазылар алқасы назарына театрландырылған көрініс пен ауданның өнерпаздары ұсынған сазды бағдарлама ұсынылды. Сонымен қатар өңірдің жас домбырашылары мен балауса бишілері де сазды бағдарламаға белсене қатысты.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл аудан басшысы Бақытжан Жәнібековтың қолдауымен өңірдегі барлық елді мекендерде “Ауыл кеші көңілді” атты көшпелі сазды бағдарламалар ұйымдастырылды. Бекітілген жоспар шеңберінде Шу қаласы мен ауылдық округтерде кешкі мезгілде ашық аспан астында ауыл тұрғындарына эстрадалық және дәстүрлі әндер ұсынылды. Мұндай іс-шараға ауыл қариялары риза болып, бір жасап қалғандарын айтып жатты.
Аудандық мәдениет үйінде аға буын ардагерлердің ізін жалғаған жастар жетерлік. Олар бойларына сіңірген білімдері мен өнегелерін паш етіп, халыққа өнерлерін ұсынып жүр. Түрлі додаларға қатысып, жүлдегер атанып жүргендері де баршылық.
1 сәуір күні Қаратау қаласында өткен облыстық халық театрларының арасында ұйымдастырылған «Шоқ тілді Шона» атты өнер фестивалінде «Шу» халық театры мен «Шу қаған» театры өнер көрсетіп, арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Сондай-ақ Жамбыл облыстық филормониясының ұйымдастыруымен облыстың 85 жылдығына орай «Көне Тараз күмбірі» ІІІ республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсына Шу аудандық мәдениет үйінің «Әсем әуен» фольклорлық ансамбльі қатысып, арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Одан бөлек, 31 қазан – 5 қараша аралығында Грузия мемлекетінде өткен III Халықаралық музыкалық «Old town pictures – 2024» фестивалінде Шу аудандық мәдениет үйінің вокал әншісі Балдат Бейсеқожа бақ сынап, байқаудың бас жүлдесін еншілеп қайтты. Әріптесіміз 7 қараша күні Тараз қаласында «Рауан» телеарнасына сұхбат берді.
Қараша айының соңында Жамбыл ауданында өткен Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық «Өмір -өзен» байқауына аудандық мәдениет үйінің тағы бір талантты әншісі Жалғас Нұрғожа қатысып, жүлделі І орын иеленген болатын. Ал 19 желтоқсан күні Тараз қаласында Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «Ән мен жыр – халық қазынасы» атты облыстық дәстүрлі өнер байқауында шоқпарлық Бағдат Рланов ауылға жүлделі ІІ орынмен оралды.
Бүгінгі таңда сала қызметкерлеріне тиісті қолдаулар көрсетілуде. Демалыс күні дамыл таппайтын өнерпаздарымызға жаңа костюмдер алынып, музыкалық аспаптарды жаңалау рет-ретімен жүзеге асырылуда.
Ауданның ғана емес Алаштың абыройы болған “Құрмет”, “Парасат”, “Достық” ордендерінің иегері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев атамыздың арамызда болмағаны ғана жанға батады. Бірақ биыл көңіл марқаятын жұмыстар аз болмады. Келер жылға деген жоспарларымыз жоқ емес.
Осы орайда, аудан басшылығының мәдениет пен өнерге деген жанашырлығын тілге тиек етіп, ерекше қолдауы үшін өз атымнан және әріптестерімнің атынан алғыс білдіргім келеді.
Әсел ЖАЗЫҚБАЕВА,
аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.