Жерлестеріміз бас жүлдені еншіледі
Жуырда шоқтығы биік Шоқпар ауылында ұлы тұлға, қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың 113 жылдығына орай, жасөспірімдер арасында алғаш рет бокстан ашық турнир өтті.
Бұл жарыстың бәсі биік екендігі бесенеден белгілі. Өйткені, аталмыш додаға Қырғызстан астанасы Бішкек қаласынан, Алатаулы Алматыдан, бокс мектептері барынша дамыған шырайлы Шымкенттен, тарихымыздың темірқазығы Тараздан, қасиетті Құланнан, сондай-ақ, өз ауданымыздың орталығы Төле би ауылынан және Қонаев, Белбасар, Абай, тағы басқа ауылдардан жалпы саны 200-ден аса жас боксшылар қатысып, өзара бақ сынады. Жан-жақтан жиналған боксшылар арасындағы сайыс тартысқа толы өтті. Нәтижесінде, көп ішінен суырылып шыққан Шоқпар ауылының жасөспірімдері командалық есепте бас жүлдені иеленді. Екінші орынды Тараз қаласының боксшылары еншілесе, үшінші орын көршілес қырғызстандық спортшыларға бұйырды. Жалпы, жарысқа қатысқан барлық командалардың боксшылары жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан табылды.
Осы турнирдің өтуіне түрткі болып және жоғары деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз еткен бас бапкер Көшербаев Уәлихан Құрманалыұлының, осы турнирдің ұйытқысы әрі демеушісі болған Шоқпар ауылының бас биі Алтаев Ермахан Жұмаханұлының, бас демеушілер Ерболат Аралханұлының, ауылдың бұрынғы әкімі Рашит Саткенұлының, қонақтарды жатын орын және ас-ауқатпен қамтамасыз еткен Ғалымжан Дүкенұлының, осы шараның өтуіне өзге де бағыттарда өз үлестерін қосып, белсенді атсалысқан аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қасымхан Мәуленов, Бұқаралық спорттық іс шараларды өткізу ортылығының басшысы Бақыт Ұзақбаевтың, Еділбай Алтаев, Жамбыл Байболов, Данияр Табаев, Дәулетхан Алтаев, Бақтияр Алтынбеков, Мұхтар Аукешов, Айдарбек Түлкібаев, Солдатбек Иманбаев, Мұрат Кулебаев, Қайрат Аубакиров, Мұрат Рахымбаев, Аслан Баронов сынды өзге де азаматтардың есімдерін ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ, турнирді өткізу барысында жергілікті О.Жандосов атындағы орта мектептің ұжымы да көпшілікке қызмет етіп, өз үлестерін қосып жатты. Сондықтан, ұйымдастырушылар осы мектептің ұжымына, аталмыш білім ордасының директоры Данияр Бегімбаевқа да алғыстарын білдіруде.
-Жасөспірімдеріміз жасындай жарқырап, әрқашан биік белестерді бағындыра берсін. Турнирді барынша жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан барша абзал азаматтарға алғыс мол. Бұл турнир сырттан келген қонақтар алдында абыройлы өтті деген сенімдемін. Өйткені, өзге өңірлерден келген бапкерлер мен қатысушылар өз кезегінде турнирді ұйымдастырушылардың сый-құрметіне ризашылықтарын білдіріп жатты. Алдағы уақытта да жеңісті күндеріміз көп болсын.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ауыл спортын көтеріп, әр аймақтан тіпті, Қырғыз елінен командалар шақырып, екі жүзден астам адамды жан-жақты қамтамасыз етіп, үлкен еңбек сіңірген Ермахан Жұмаханұлы ерекше алғыс айтуға лайық азамат,-дейді жергілікті жердегі бас бапкер У.Көшербаев.
Бас бапкер айтып өткендей, алыс-жақындағы боксшылардың басы қосылған дүбірлі дода бір жағынан жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңы десек, қателеспейміз. «Батыр майданда шынығады» демекші, осындай сындарлы сәтте жас боксшылар тәжірибе жинақтай отырып, біліктіліктерін арттыра түсетіні сөзсіз. Сондықтан, мұндай дүбірлі доданың жиі өткізіліп тұруы да зор маңызға ие деп білеміз.
Динара Батырхаирова.