Ақпараттық портал

Жұмысшы маман жырақта қалмайды

Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Мектеп оқушыларының келешекте өздері қалаған қандай да бір мамандық иегері атанғаны дұрыс-ақ. Өйткені, олар қай кезде де ел игілігіне еңбек етеді деп сенеміз.

Осы орайда, жуырда Т.Әшімбаев атындағы орта мектептің мәжіліс залында шағын жиын өтіп, оған мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Абайханова, география пәнінің және кәсіптік бағдар беру пәнінің мұғалімі А.Коппаев қатысты. Осы шара барысында мен жиынға қатысқан 9-11 сынып оқушыларын 2025-2026 оқу жылында №10 Шу колледжінен кәсіптік білім алуға шақырдым. Өйткені, бұл оқу ордасы да қоғамға қажетті мамандар даярлауды жолға қойған. Атап айтқанда, мұнда ауылшаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі, жөндеуші слесарь, аспазшы, тігінші, наубайшы, шаштараз стилисі, электргазбен дәнекерлеуші, вагон жөндеу слесары, теміржол машинисінің көмекшісі, информатика мамандықтары бар. Сонымен қатар, биылғы жылы агрономия саласы, агроном мамандығы ашылып отыр. Әр мамандық бойынша жекелей түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, №10 Шу колледжінде жастардың білім алуына барлық жағдай жасалғандығын да барынша түсіндіруге тырыстым.
Аталмыш білім беру мекемесінде кабинеттер заман талабына сай материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтылып, оқушылардың теориялық сабақтарын практикамен шыңдауға мүмкіндік жасалған. Мемлекеттік грант негізінде оқитын студенттер шәкіртақымен, жатақханамен, бір мезгілдік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда мұндағы студенттер саны 460 баланы құрайды. Жатақханада 60 студент жатады. Талапкер оқуға 9-сыныптан кейін қабылданса 2 жыл 10 ай, ал 11-сыныптан кейін қабылданса 1 жыл 10 ай оқиды. Қажетті құжаттар қатарына мыналар жатады:
1. Құжаттарды қабылдау туралы өтініш;
2. Білімі туралы құжаттың түпнұсқасы (аттестат);
3. 3х4 көлемдегі 4 дана фотосурет;
4. Медициналық анықтама (075);
5. Жеке басын куәландыратын құжат.
Байланыс тел.: 87754810892.
Мен №10 Шу колледжімен Кеңес заманы кезінен байланыстамын. Алғашында №109 кәсіптік-техникалық училище деп аталды. Ал тәуелсіздік алған жылдары атауы бірнеше рет өзгеріске ұшыраған білім ордасы №10 кәсіптік мектеп, №10 кәсіптік лицей болып өзгертіліп, қазір №10 Шу колледжі болып аталуда.
Өзім №10 Шу колледжінің 1970 жылғы түлегі боламын. Ол кезде Ленинскі селосында орналасқан Новотройцк №109 кәсіптік-техникалық училищесінің біржылдық курсын Далақайнар совхозының шеберханасында кешкісін ұйымдастырған. Механизатор мамандығы бойынша сабақ өткізілді. Мен 10 сыныпта оқып жүрген едім. Біржылдық курсына жазылып, әмбебап тракторист-машинист, жөндеуші слесарь мамандығын алып шықтым. Сол жылы КТУ жолдамасымен Талдықорған қаласындағы индустриалдық-педагогикалық техникумға оқуға түстім. 1973-75 жылдары Кеңес әскері қатарында болып, 1976 жылы техникумды бітіріп, ауыл шаруашылығы механигі, өндірістік оқыту мастері мамандығын иелендім.
1976 жылы бітірген алтын ұя мектебіме қайта оралып, трактор пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. 1978 жылы Алматы қаласындағы ауылшаруашылық институтына сырттай оқуға түсіп, оны 1988 жылы «Инженер-механик» мамандығымен тәмамдадым. Сол 1976-1991 жылдар аралығындағы 15 жылда мектеп қабырғасынан білім алған 383 оқушы аттестатпен бірге механизатор-тракторист куәлігін алып шықты. Оның 148-і қыз балалар болатын. Осы жылдар аралығында мектепте оқушыларды еңбекке баулу, кәсіптік бағдар беру, жұмысшы мамандықтарымен таныстыру жұмыстары жоғары сынып оқушылары арасында жүргізіліп жатты. Мектептің бірнеше жоғары сынып оқушылары Новотройцк №109 кәсіптік-техникалық училищесіне оқуға түсіп, тракторист мамандығын бітіріп, ауылға оралып, еңбекке араласып кетті. Ал, 2003 жылы №10 Шу кәсіптік мектебінің үш айлық курсын оқып, «ВС» категориялы автокөлік жүргізушісі мамандығына ие болдым.
«Жол картасы» бағдарламасының «Даярлау және қайта даярлау» тармағы бойынша Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы №10 кәсіптік лицей басшылығының ұйымдастыруымен, 2009 жылғы 27-мамырдан бастап Далақайнар ауылынан ашылған «Газэлектрдәнекерлеуші» мамандығының үш айлық курсы бойынша 26 оқушыға, ал 2010 жылы 1 наурыздан бастап «Тракторист-машинист» мамандығы бойынша қабылданған 30 оқушыға 3 ай дәріс беріп, жұмысшы мамандықтарын даярлап шығардым.
Ауылымыздың болашағы бар. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндірумен негізінен шаруа қожалықтары шұғылданады. Байқап отырсаңыз, шаруа қожалықтардың жетекшілері де кешегі мектеп түлектері, менің шәкірттерім болып келеді. Олар төрт түліктің барлық түрлерін ұстап, суармалы жерлеріне дән салып, жоңышқа сеуіп, бақша дақылдарын егеді. Сауда орындарында жұмыс жасап, ауыл тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Атап айтар болсам, Бақыт Таутанов, Аят Абдиев және Әділет Түменбаев есімді азаматтар ауыл ырысын еселеп, табысты еңбек жолында жүр. Ал, 2010 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша ауылда ұйымдастырылған үш айлық курсты «Машинист-тракторист» мамандығы бойынша бітіріп шыққан шәкірттер қатарында Мұратбек Абдикасимов, Мұрат Қиялбаев, Томпа Владимир, Туратбек Шингисов, т.б. бар. Олар өздерінің жеке тракторларымен ауылымыздың шаруа қожалықтарына кез келген уақытта көмектерін тигізіп отырады. Сондай-ақ, М.Қиялбаев комбайнымен жоңышқа шауып беріп, көптің талабын қанағаттандыруда.
Сөз соңында жалпы, жұмысшы мамандығының құжаты жерде қалмайтынын, адал еңбек өрге жетелейтінін айтқым келеді.

Әділхан Тоқтыбеков,
зейнеткер ұстаз.
Далақайнар ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.